ҚЫЗЫЛОРДАДА ҰН БАҒАСЫ 35%-ҒА ҚЫМБАТТАДЫ
Қызылорда облысында қыркүйек айының қорытындысына сәйкес ұн бағасы бір айда 35 %-ға өскен, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Елімізде ұнға деген сұраныс жоғары деңгейде. Биылғы қаңтар-сәуір айларындағы көрсеткіш 99,1%-ды құрайды. Жоғары сұранысқа ие болған отандық ұн Өзбекстан, Түркменстан, Тәжікстан елдеріне көп жіберілді. Ал, ТМД-ға кірмейтін елдер ішінде ұнның негізгі көлемі Ауғанстанға жөнелтіледі. Өңірлер арасында бір жылда ұнның ең көп қымбаттауы Павлодар облысында байқалды, бірден 41,8%. Одан кейін Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары, тиісінше 39,1% және 34,5%. Бағаның ең аз өсуі Шымкент (жылына 2%), СҚО (8,4%) және Қарағанды облысында (11,2%) тіркелген. Еnergyprom.kz дерегінше, осы жылдың қаңтар-қыркүйегінде елімізде 2,3 млн тонна ұн өндірілді.
Күнделікті тұтынатын әлеуметтік тауарлардың көшбасында ұнның бағасы күн санап артып келеді. Нан мен азық-түлік сатып алатын дүкендегі баға шарықтап барады. Қаламыздағы халық азық-түлік үшін ең көп баратын сауда орындарының бірінде жоғарғы сұрыптағы ұнның ең арзаны келісіне 315 теңге. Макарон өнімдерінің төрт жүз грамы 410 теңгеден сатылып жатыр. Ал, елу киллограмдық ұнның көтерме бағасы өткен аптада 10 000 болса, қазір 15 000 теңге. Ұн қымбат, сәйкесінше нан да қымбат. Халық ең арзан деген нанның өзі жүз теңгеден асып кетті дейді.
Биыл қыркүйек айында ұн бағасы бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 36,6 пайызға қымбаттады. Бірінші сұрыптағы ұнның бір келісінің құны 225 теңге, жоғары сорттысы 390 теңге болды. Егістікке орақ түсті деп атойласақта жергілікті халық қымбатшылықпен әлі күнге дейін алысып келеді. Өйткені, орылып алған астықтың көбі шетелге сатылып кеткен. Ал шаруалар өз қорындағы бидайды барынша қымбатқа сатады. Күз басталғалы ырыққа көнбей тұрған сауда-саттық саласы талайдың сақалын күзегені айтпаса да түсінікті. Азық-түлік және оған қажетті шикізат өнімдерінің қымбаттауына не себеп? Ұн бағасының шарықтауы, елдегі нан бағасына, ұн өнімдерінің бағасына айтарлықтай әсер ететіні даусыз. Қазақстан шикізатқа бай ел бола тұра, неліктен елде жыл сайын ұн бағасы қымбаттап барады? Астықты ел бола тұра еліміз неге қымбат өнім тұтынуы керек?
Аз қамтылған отбасыларды қолдау үшін әлеуметтік дүкендерде ұн бағасы 1 кг үшін - деп бекітілген. Алайда адам басына 5 кг ұннан артық беру мүмкіндігі жоқ екендігі тағы бар. Десек те бірінші сорт ұнның 5 кг -1700 теңгеден саудалануда.
- Саламатсыз ба, ұн қанша?
- Ұн 5 келісі -1700 ден.
- Килограмдық ұн бар ма?
- Жоқ, анау 2 кг-дық бар ол 850 теңге.
Бұл ірі сауда үйлерінде емес арнайы аз қамтылған халық үшін ашылған әлеуметтік дүкендегі баға. Демек, ұн бағасы жақын-жуықта арзандамайды. Сондықтан өзге де азық-түліктің құны жоғарылауы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде басқа да азық бағасы 7 пайызға қымбаттап отыр.