Облыстық партия филиалының төрағасы Сырдария ауданына іс-сапармен барды
Бүгін партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов Сырдария ауданында жұмыс сапарымен болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Сапар аясында Алмасбек Әбілқасымұлы аудан әкімі Берік Сәрменбаевпен кездесу өткізіп, партияның Сайлауалды бағдарламасы аясындағы Жол картасының орындалу барысын талқылады. Шараға аудандық партия филиалының төрағасы Ержан Әжікенов пен аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы Еркебұлан Жақып қатысты.
Келесі кезекте, партияның облыстық филиалының төрағасы А.Есмаханов «Тереңөзек» бастауыш партия ұйымының жұмысымен танысты. Бастауыш партия ұйымына 160-қа жуық партия мүшесі біріктірілген. Бастауыш партия ұйымының төрағасы Жұмабек Ембергенов атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Мұнан соң, аудандық партия филиалының мәжіліс залында партия активімен кездесті. Кездесуде Алмасбек Есмаханов партия алдындағы негізгі міндеттерді айтып, партияның Сайлауалды бағдарламасын орындауға күш салу қажеттігін атап өтті. Кездесу барысында партия ардагері Алма Бақтиярова сөз алып, төраға сапарына сәттілік тілеп, аудандағы ілкімді істерді тілге тиек етті.
Партия активімен кездесуден соң, Алмасбек Әбілқасымұлы аудан орталығындағы «Жалын» тынығу лагерінде болып, балалардың қауіпсіздігі үшін лагердің материалдық-техникалық базасымен танысты. Бүгінгі күнге лагерьде 6 ауысымда ауданның 700-ге жуық баласы жазғы тынығу уақыттарын тиімді өткізген.
Филиал төрағасы ауданға сапары барысында Шаған ауылдық округінде болып, партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында елді-мекеннің электр жүйесін жаңғырту жобасының іске асуына бақылау жүргізді. Атап өтейік жалпы құны 1,1 млрд теңге қаржыны құрайтын жобаның бүгінгі күні 99 пайызы толық аяқталып, соңғы жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме «Энергомер» ЖШС.
Мониторинг барысында партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов мердігер мекеме өкіліне ел игілігіне бағытталған жұмыстарды сапалы болуы қажеттігін тілге тиек етіп, уақытылы аяқтауды тапсырды.