Қызылордада «Алтын күз-2025» мерекелік жәрмеңкесі өтті

1 549

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіҚызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев егін жинау науқанының сәтті аяқталуына орай ұйымдастырылған «Алтын күз-2025» мерекесі аясындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін аралап шықты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Мерекелік шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Қазақстанның Еңбек Ерлері қатысты.

Молшылық пен еңбектің мерекесі

Жәрмеңкеде барлық аудандар мен Қызылорда қаласының шаруалары өз өнімдерін өндіруші бағасымен ұсынды. Облыстың түкпір-түкпірінен 500-ге жуық жүк көлігімен 1000 тоннадан астам өнім жеткізілді.

Сауда сөрелеріне 150 тоннадан астам күріш, 30 тонна ет, 35 тоннадай балық өнімдері, 300 тонна картоп, 300 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 250 тонна бақша өнімдері, 10 тонна сүт, 10 тоннадай бакалея және кондитер өнімдері, сондай-ақ 100 бас тоқты мен 30 тонна жем-шөп қойылды.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіОблыс әкімі жәрмеңке аумағын аралап, шаруалармен және тұрғындармен тілдесті. Ол биылғы егін науқанының табысты аяқталғанын атап өтіп, еңбек адамдарына алғыс білдірді.

«Сыр диқандары биыл да маңдай терімен мол өнім жинады. Бұл — өңірдің ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген әр азаматтың еңбегінің жемісі. “Алтын күз” — сол еңбектің мерекесі», – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Аудан жәрмеңкелері – молшылық көрінісі

Арал ауданының жәрмеңкесі ерекше көңіл-күй сыйлады. Теңізді өлкенің шаруалары 60 тоннадай өнім әкелді: 15 тонна балық, 20 тонна қауын-қарбыз, 4 тонна ет, 20 тонна қызанақ, 1 тонна сүт, 3 тонна ас тұзы және 40 бас қой мен тоқты саудаланды.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіҚазалы ауданы 10 тонна күріш, 12 тонна балық, 5 тонна ет, 20 тонна бақша өнімдері, 7 тонна асқабақ, 15 тонна картоп, 10 тонна пияз, 3 тонна сүт өнімдері және 1 тонна Қазалы кәмпитін ұсынды.

Қармақшы ауданынан 40 көлікке тиелген 100 тоннаға жуық өнім жеткізілді. Сауда қатарында 20 тонна күріш, 1,5 тонна балық, 30 тонна көкөніс, 25 тонна бақша, 10 тонна қызанақ, 1 тонна ет және сүт пен кондитер өнімдері болды.

Жалағаш ауданының шаруалары 200 тоннаға жуық өнім ұсынды. Оның ішінде 40 тонна күріш, 40 тонна картоп, 10 тонна сәбіз, 20 тонна пияз, 20 тонна асқабақ, 30 тонна бақша және 3 тоннадан астам ет пен балық бар.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіСырдария ауданынан 50 жүк көлігімен 170 тоннадан астам азық-түлік әкелінді: 25 тонна күріш, 60 тонна көкөніс пен картоп, 10 тонна асқабақ, 40 тонна бақша, 2 тонна ет және сүт өнімдері. Сондай-ақ, 10 бас қой мен 10 бас тоқты және 30 тонна мал азығы да сұранысқа ие болды.

Шиелі ауданының шаруалары Тасбөгет кентінде 150 тоннадан астам өнім саудалады. Атап айтқанда, 20 тонна күріш, 30 тонна бақша өнімі, 50 тонна картоп, 12 тонна асқабақ, 40 тонна көкөніс және 4 тонна ет пен сүт өнімдері сатылымға шығарылды.

Жаңақорған ауданының 50 жүк көлігі Астана даңғылының бойында орналасқан сауда алаңында 10 тонна күріш, 45 тонна картоп, 30 тонна бақша және 60 тонна көкөніс пен жеміс өнімдерін ұсынды.

Ал Қызылорда қаласының шаруалары сол жағалаудағы жәрмеңкеге 12 тонна күріш, 8 тонна картоп, 12 тонна ет пен балық, 16 тонна қауын-қарбыз, 6 тонна асқабақ және 15 тонна көкөніс өнімдерін жеткізді.

Биылғы егін – берекелі жыл

Биыл Сыр өңірінің диқандары күзгі жиын-терімді уақытылы аяқтап, 470 мың тоннаға жуық күріш жинады. Әр гектардан орта есеппен 58,1 центнер өнім алынды. Сондай-ақ дәнді және майлы дақылдар, картоп, көкөніс пен бақша өнімдерінің түсімі де жоғары болды.

«Алтын күз-2025» мерекелік жәрмеңкесі Сыр өңірінің ауыл еңбеккерлерінің ерен еңбегін дәріптеп, облыс тұрғындарына молшылық пен бірліктің шынайы мерекесін сыйлады.