ҚЫЗЫЛОРДАДА «AI-KERIM» ОҚУ-САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
ҚЫЗЫЛОРДАДА «AI-KERIM» ОҚУ-САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Бүгін Қызылорда қаласында Мемлекет басшысының қолдауымен салынған, жыл бойы үздіксіз қызмет көрсететін «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Маңызды іс-шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен ел ағалары қатысты.
Жаңа орталық Президент саябағы аумағында орналасқан. Бұл аумақ соңғы жылдары Қызылорда қаласындағы ең қарқынды дамып келе жатқан қоғамдық кеңістікке айналып отыр. Мұнда заманауи тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен демалыс аймақтары кезең-кезеңімен бой көтеруде. Бүгін пайдалануға берілген «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы – осы кешенді дамудың алғашқы ірі нысандарының бірі.
Оқу жылы аяқталуға жақын қалған кезеңде іске қосылған орталықтың басты мақсаты – оқушылардың жазғы демалысын тиімді, мазмұнды әрі қауіпсіз ұйымдастыру. Бұл жоба жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін арттыруға, сондай-ақ бос уақытын пайдалы өткізуіне бағытталған.
Қазіргі таңда өңірде 180 мыңға жуық мектеп оқушысы бар. Олардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін ауқымды
жоспар әзірленген. Биыл 170 мыңнан астам бала түрлі сауықтыру лагерьлеріне жолданса, 150 мыңға жуық оқушы мектеп жанындағы лагерьлерде демалады. Сонымен қатар облыс аумағында 7 тұрақты жазғы лагерь жұмыс істеп тұр.
Салтанатты рәсім барысында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жаңа орталықтың маңыздылығына тоқталып, оның жас буынға жасалған ерекше қолдау екенін атап өтті.
– Бүгін Президент саябағы аумағында Мемлекет басшысының қолдауымен жыл бойы үздіксіз қызмет көрсететін оқу-сауықтыру орталығын ашып отырмыз. Құны 10 миллиард теңгені құрайтын бұл нысанның материалдық-техникалық базасы әлемдік озық стандарттарға толық сәйкес келеді. 300 орындық орталықтың аумағында 5 мың шаршы метрге жуық әкімшілік ғимарат, ірі іс-шараларға арналған ивент-аймақ, төрт жайлы жатақхана және қонақүй үлгісіндегі тұрғын блоктар қарастырылған, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар орталықта балалардың демалысын қызықты әрі пайдалы өткізуге арналған түрлі үйірмелер, спорттық және шығармашылық алаңдар, интерактивті оқу кабинеттері, цифрлық білім беру сыныптары және психологиялық қолдау бөлмелері жұмыс істейтін болады.
Аймақ басшысы атап өткендей, орталық аумағы 17 мың шаршы метрден асатын кеңістікті қамтиды. Бұл аумақ алдағы уақытта толық абаттандырылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Жасыл аймақтар, серуендеу жолдары, ашық спорт алаңдары мен демалыс аймақтары балалардың еркін әрі қауіпсіз демалуына жағдай жасайды.
Орталықтың ерекше ерекшеліктерінің бірі – оның жанында орналасқан заманауи Ботаникалық бақ. Мұнда балаларға экологиялық білім беру бағытында арнайы оқу-танымдық бағдарламалар жүзеге асырылады. Жасөспірімдер өсімдіктер әлемімен танысып, табиғаттың экожүйедегі рөлін үйренеді. Ботаникалық бақта Оңтүстік Африка, Орталық және Оңтүстік Америка, Қытай және басқа да аймақтардан әкелінген сирек өсімдіктер өсіріледі. Бұл жоба балалардың дүниетанымын кеңейтіп, табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған.
Президент саябағы аумағы бүгінде ірі құрылыс алаңына айналған. Мұнда тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік нысандар, білім беру мекемелері және демалыс орталықтары бой көтеріп келеді. «AI-KERIM» орталығы – осы аумақта іске қосылған алғашқы ірі әлеуметтік жоба ретінде аймақтың жаңа келбетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Айта кету керек, соңғы жылдары Қызылорда облысында Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауымен ауқымды әлеуметтік инфрақұрылымдық өзгерістер жүзеге асырылуда. Өңірде жалпы саны 200-ге жуық әлеуметтік нысан бой көтерген. Бұл көрсеткіш білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларын қамтиды.
Білім беру саласының өзінде 43 жаңа нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында Президент бастамасымен жүзеге
асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясындағы 10 жаңа мектеп бар. Сонымен қатар физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты, музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасы, «Оқушылар сарайы» және «Сыр жұлдыздары» академиясы сияқты маңызды білім ошақтары іске қосылған.
Жалпы алғанда, бұл нысандар өңір жастарының сапалы білім алуына, заманауи білім беру стандарттарына сай тәрбиеленуіне және шығармашылық қабілеттерін дамытуға кең мүмкіндік беріп отыр.
Сондай-ақ Жалағаш, Жаңақорған және Шиелі аудандарында «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» жұмыс істеп, ауыл жастарының өнер мен білімге деген қызығушылығын арттыруға үлес қосуда. Бұл орталықтарда мыңдаған бала қосымша білім алып, түрлі үйірмелерге қатысып келеді.
Салтанатты шара барысында Мұрат Абдуламитұлы, Руслан Рүстемұлы және мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы сөз сөйлеп, өңірдегі білім беру саласының дамуына оң баға берді. Олар жаңа орталықтың жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін ерекше атап өтіп, мұндай жобалардың маңызы зор екенін жеткізді.
Іс-шара барысында білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздар қауымы мен нысан құрылысын мерзімінде әрі сапалы аяқтаған мердігер мекеме өкілдері облыс әкімі атынан Алғыс хатпен марапатталды. Бұл – еңбектің еленуі мен кәсіби жауапкершілікке берілген жоғары баға болды.
Қатысушылар жаңа орталықтың ашылуын өңір жастары үшін үлкен қуаныш әрі маңызды оқиға ретінде бағалады. Жаңа нысан балалардың жазғы демалысын мазмұнды өткізуіне ғана емес, олардың тұлғалық дамуына, білім мен тәрбие алуына да зор ықпал етеді.
«AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы – Қызылорда өңіріндегі білім беру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі. Алдағы уақытта мұндай заманауи орталықтардың саны артып, өңір жастары үшін жаңа мүмкіндіктер ашылмақ.







