ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ТАУ-КЕН ӨНЕРКӘСІБІН ДАМЫТУ ЖОБАЛАРЫ ҚАРАЛДЫ

1 504

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ТАУ-КЕН ӨНЕРКӘСІБІН ДАМЫТУ ЖОБАЛАРЫ ҚАРАЛДЫ

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қытай Халық Республикасының жетекші өнеркәсіптік компанияларының бірі – «Liaoning Hongda Group» директорлар кеңесінің төрағасы Тан Цзюганды және компанияның ресми делегациясын қабылдады. Кездесу барысында Қызылорда облысында жүзеге асырылатын ірі инвестициялық жобалардың орындалу барысы, тау-кен өнеркәсібін дамыту, өндірістік инфрақұрылымды жетілдіру және Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Кездесуге облыс әкімінің орынбасарлары, жауапты басқарма басшылары, салалық мекемелердің өкілдері мен инвестор компанияның мамандары қатысты.

Жиынның негізгі күн тәртібінде Жаңақорған ауданында іске асырылатын қорғасын-мырыш кен орындарын игеру және тау-кен өндірісін қалыптастыруға бағытталған ауқымды инвестициялық жобаның қазіргі жай-күйі қаралды.

Аймақ басшысы мәртебелі қонақтарды қарсы алып, Қытай Халық Республикасы Қазақстанның негізгі стратегиялық әрі экономикалық әріптестерінің бірі екенін атап өтті.

Соңғы жылдары екі мемлекет арасында сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстар жаңа деңгейге көтеріліп, бірлескен өндірістік жобалардың саны артып келеді. Бұл өз кезегінде өңірлер арасындағы экономикалық ықпалдастықты нығайтып, жаңа өндірістердің ашылуына және заманауи технологиялардың енгізілуіне мүмкіндік беруде.

Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде өңдеу өнеркәсібін дамыту, шетелдік инвестиция тарту және экономиканы әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы экономиканың нақты секторына инвестиция тарту, жаңа өндірістерді іске қосу және өңірлердің өнеркәсіптік әлеуетін күшейту мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Осыған байланысты біз үшін халықаралық инвесторлармен тиімді әріптестік орнатудың маңызы зор.

«Liaoning Hongda Group» компаниясының Қызылорда облысында жүзеге асыратын жобасы өңірдің индустриялық дамуына жаңа серпін береді. Бұл тек тау-кен өндірісін дамыту ғана емес, жаңа жұмыс орындарын құруға, өндірістік инфрақұрылымды жетілдіруге және жергілікті экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін стратегиялық жоба, – деді облыс әкімі.

Мұрат Ергешбаев компанияның Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға қосып отырған үлесін жоғары бағалап, өңір басшылығы тарапынан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.

Кездесу барысында Жаңақорған ауданында жүзеге асырылатын жалпы құны 1,3 миллиард АҚШ долларын құрайтын қорғасын-мырыш кен орнын игеру жобасының негізгі кезеңдері таныстырылды.

Бұл жоба өңір тарихындағы ең ірі өнеркәсіптік инвестициялық бастамалардың бірі саналады.

Жоба бірнеше кезең бойынша іске асырылады.

Алғашқы кезеңде кен орындарын игеру үшін екі ашық карьер салынып, кен өндіру жұмыстары басталады.

Келесі кезеңде өндірілген кенді өңдеуге арналған екі заманауи тау-кен байыту фабрикасының құрылысы жүргізіледі.

Ал жобаның соңғы кезеңінде жоғары қосылған құны бар дайын өнім өндіретін металлургиялық зауыт салу жоспарланған.

Бұл өндірістік тізбектің толық қалыптасуына мүмкіндік беріп, өңірде шикізатты терең өңдеу үлесін арттырады.

Облыс әкімі мұндай жобалардың экономиканы әртараптандырудағы маңызы ерекше екенін атап өтті.

– Біздің басты мақсатымыз – тек табиғи ресурстарды өндірумен шектелмей, оларды өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаратын өндірістерді дамыту. Сондықтан металлургиялық зауыт салу бастамасы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтереді, – деді аймақ басшысы.

Кездесу барысында жобаны іске асыру үшін қажетті инженерлік инфрақұрылым мәселелері де талқыланды.

Атап айтқанда, өндіріс орнына автомобиль жолдарын жеткізу, электр энергиясымен, табиғи газбен және сумен қамтамасыз ету, байланыс желілерін жүргізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды.

Облыс әкімі инвесторлар үшін барлық ұйымдастырушылық мәселелерді жедел шешу мақсатында жоба облыс әкімдігі тарапынан «Жасыл дәліз» тетігіне енгізілгенін жеткізді.

Бұл тетік арқылы мемлекеттік органдардың келісу рәсімдері жеделдетіліп, инвесторлардың ұсыныстары уақтылы қаралады.

– Біз үшін инвесторлардың уақытын тиімді пайдалану өте маңызды. Сондықтан облыс әкімдігі барлық қажетті рұқсат құжаттарын заң талаптарына сәйкес жедел рәсімдеуге және жобаны тұрақты сүйемелдеуге дайын, – деді Мұрат Ергешбаев.

Өз кезегінде «Liaoning Hongda Group» директорлар кеңесінің төрағасы Тан Цзюган өңір басшылығына көрсетіліп отырған қолдау үшін алғысын білдірді.

Оның айтуынша, компания бүгінде жобаның алғашқы кезеңін жоспарға сәйкес жүзеге асырып келеді.

Қазіргі уақытта геологиялық барлау жұмыстары аяқталып, өндірістік алаңдарды дайындау, инженерлік желілерді жеткізу және құрылысқа қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар металлургиялық зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу және жобалау жұмыстары қатар атқарылуда.

Компания өкілдерінің айтуынша, өндірісте халықаралық экологиялық және өндірістік қауіпсіздік стандарттары қолданылады.

Заманауи технологияларды енгізу арқылы өндіріс тиімділігін арттырумен қатар қоршаған ортаға әсерді барынша азайту көзделген.

Жоба толық іске асқаннан кейін жүздеген тұрақты жұмыс орны құрылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту деңгейі едәуір артады.

Қазіргі уақытта компания Жаңақорған ауданындағы кен орнын игеру жобасының алғашқы кезеңін бастап кеткен.

Бүгінде кәсіпорында 260 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.

Компания басшылығы алдағы кезеңдерде өндіріс көлемінің ұлғаюына байланысты жаңа жұмыс орындарының саны кезең-кезеңімен көбейетінін атап өтті.

Сонымен бірге жергілікті мамандарды оқытуға, олардың біліктілігін арттыруға және халықаралық тәжірибені меңгеруіне ерекше көңіл бөлінбек.

Кездесуде жергілікті қамту үлесін арттыру мәселесі де көтерілді.

Облыс әкімі құрылыс және өндіріс барысында жергілікті мердігер ұйымдар мен кәсіпкерлердің әлеуетін барынша пайдалану қажеттігін айтты.

Бұл өз кезегінде өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына, қосымша жұмыс орындарының құрылуына және жергілікті бюджет кірісінің артуына оң ықпал етеді.

Сондай-ақ өндірістік кооперацияны дамыту, отандық өнім өндірушілердің қатысуын кеңейту және әлеуметтік жауапкершілік мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

Компания басшылығы әлеуметтік жобаларды іске асыруға, жергілікті халықты қолдауға және өңірдің әлеуметтік дамуына өз үлесін қосуға дайын екенін жеткізді.

Кездесу соңында тараптар жобаның барлық кезеңін белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асыру үшін өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға келісті.

Облыс әкімі жауапты басқармаларға инвесторлармен тұрақты байланыс орнатып, туындайтын мәселелерді жедел шешуді, жобаның іске асырылу барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Жалпы, Жаңақорған ауданында жүзеге асырылатын бұл жоба Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық және өндірістік әлеуетін арттырудағы маңызды бастамалардың бірі саналады. Ірі инвестициялық жобаның іске қосылуы өңірде тау-кен өнеркәсібінің дамуына тың серпін беріп, жаңа өндірістік қуаттардың қалыптасуына, экспорттық әлеуеттің артуына және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Қызылорда облысында инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу және өнеркәсіпті дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында өңірде халықаралық инвесторлармен тиімді әріптестік нығайып, жаңа индустриялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі