5547 әскери бөлімінде «Алғашқы қызмет күні» іс-шарасы өтті
2026 жылғы алғашқы шақырылыммен келген жас сарбаздарды әскери ортаға бейімдеу, олардың әскери қызметтің мәні мен маңызын терең түсінуіне ықпал ету, әскери ұжымға тез сіңісуіне жағдай жасау және патриоттық рухын нығайту мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5547 әскери бөлімінде «Алғашқы қызмет күні» атты тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – әскери бөлімге жаңадан келген жас толықтыруды әскери қызметтің ерекшеліктерімен жан-жақты таныстыру, әскери бөлімнің тыныс-тіршілігі, ішкі тәртібі мен күнделікті қызметі туралы толыққанды ақпарат беру, әскери жарғылардың талаптарын түсіндіру, әскери қызметшінің құқықтары мен міндеттерін жеткізу, сондай-ақ жас сарбаздардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік, әскери антқа адалдық, жоғары жауапкершілік пен патриоттық қасиеттерді қалыптастыру болды. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы қатарындағы әскери қызмет – елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған аса жауапты міндеттердің бірі. Сондықтан әскери бөлімге жаңадан келген әрбір сарбаздың әскери ортаға бейімделуі, әскери тәртіп талаптарын дұрыс меңгеруі және қызметтің алғашқы күндерінен бастап заң талаптарын бұлжытпай орындауы ерекше маңызға ие. Осыған байланысты ұйымдастырылған тәрбиелік іс-шара жас сарбаздардың әскери өмірге сенімді қадам басуына және жаңа ортаға тез үйренуіне бағытталды.
Іс-шараға әскери бөлім командирі подполковник Ж. Беркенов, бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Б. Караманов, әскери ардагер, запастағы сержант Аслыбек Ербошаев, офицерлер, сержанттар құрамы және алғашқы шақырылыммен келген жас сарбаздар қатысты. ![]()
Жиын барысында әскери бөлім командирі подполковник Ж. Беркенов жас сарбаздарға арнап сөз сөйлеп, әскери қызметтің мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ерекше орны мен маңызына тоқталды. Ол әскери форма кию – үлкен абырой ғана емес, зор жауапкершілік екенін атап өтіп, әрбір әскери қызметші ел тәуелсіздігін қорғауға дайын болуы тиіс екенін жеткізді. Командир өз сөзінде Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатының әскери қызметте ерекше орын алатынын айтты. Оның айтуынша, әскери тәртіптің сақталуы – әскери бөлімнің жауынгерлік әзірлігінің, ұжымдық бірліктің және қызметтің тиімді ұйымдастырылуының басты кепілі. Сондықтан әрбір сарбаз әскери жарғы талаптарын қатаң сақтап, командирлердің бұйрықтарын мүлтіксіз орындап, өзіне жүктелген міндеттерге жауапкершілікпен қарауы тиіс. Подполковник Ж. Беркенов жас сарбаздарды әскери антқа адал болуға, әскери қызметтің барлық талаптарын құрметтеуге, қызмет барысында жоғары тәртіп пен жауапкершілік танытуға шақырды. Сонымен қатар әскери ұжымдағы өзара сыйластық, тәртіп, ұйымшылдық пен бірлік әрбір әскери қызметшінің кәсіби қалыптасуына оң ықпал ететінін атап өтті. Кездесу барысында бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Б. Караманов әскери бөлімдегі күн тәртібі, қызметтің ұйымдастырылуы, әскери қызметшілердің құқықтары мен міндеттері, әскери жарғылардың талаптары және қауіпсіздік шаралары жөнінде кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ол әскери қызмет барысында әрбір сарбаздың құқықтары заңмен қорғалатынын, сонымен қатар олардың заң алдында белгілі бір міндеттері де бар екенін атап өтті. Әскери қызметте заң талаптарын сақтау, әскери тәртіпті бұзбау, қару-жарақпен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін қатаң орындау және әскери мүлікке ұқыпты қарау – әрбір әскери қызметшінің негізгі міндеттерінің бірі екені түсіндірілді. Подполковник Б. Караманов өз сөзінде «Заң мен тәртіп» қағидаты әскери қызметтің барлық кезеңінде басшылыққа алынатын негізгі қағида екенін ерекше атап өтті. Ол әскери ұжымдағы тәртіп пен өзара құрмет жауынгерлік әзірлікті арттырып қана қоймай, әскери қызметшілердің кәсіби және тұлғалық дамуына да ықпал ететінін айтты.
Іс-шара аясында жас сарбаздарға әскери бөлімнің тарихы, жауынгерлік дәстүрлері, бөлімнің негізгі міндеттері мен жетістіктері туралы кеңінен мәлімет берілді. Сондай-ақ әскери бөлімнің қызметтік инфрақұрылымы, казармалар, оқу сыныптары, спорттық нысандар, тұрмыстық жағдайлар және әскери қызметті ұйымдастыру жүйесі таныстырылды. Бұл өз кезегінде жас сарбаздардың жаңа ортаға бейімделуіне және әскери ұжыммен жақынырақ танысуына мүмкіндік берді. Өз кезегінде әскери ардагер, запастағы сержант Аслыбек Ербошаев жастармен өмірлік және әскери қызметтегі тәжірибесімен бөлісті. Ол әскери қызметтің адамның мінезін қалыптастыратын, тәртіпке, жауапкершілікке, төзімділікке және отансүйгіштікке тәрбиелейтін ерекше өмір мектебі екенін айтты. Ардагер әскери қызмет барысында кездесетін қиындықтарды жеңудің жолдары туралы айтып, ең бастысы тәртіпті сақтау, үлкенді құрметтеу, жолдастық қарым-қатынасты нығайту және Отан алдындағы борышты абыроймен орындау екенін жеткізді. Сонымен бірге ол жастарға әскери қызметтің әрбір күні жаңа тәжірибе мен өмірлік сабақ екенін айтып, қызмет барысында өз білімдерін жетілдіруге, дене даярлығын шыңдауға және әскери мамандықты терең меңгеруге кеңес берді. Кездесу барысында сарбаздар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, әскери қызметтің ерекшеліктері, әлеуметтік кепілдіктер, күн тәртібі, жауынгерлік дайындық, әскери білім алу мүмкіндіктері мен әскери мансапқа қатысты толыққанды жауап алды. Ашық пікір алмасу жас сарбаздардың әскери қызмет туралы түсінігін кеңейтіп, олардың алдағы қызметіне деген сенімін арттырды. Сонымен қатар іс-шара барысында әскери қызметшілер арасындағы өзара сыйластықты сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, әскери этика талаптарын орындау, әскери ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жас сарбаздарға әскери қызметте әрбір адамның қауіпсіздігі мен өміріне жауапкершілікпен қараудың маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді. Іс-шара соңында жас сарбаздарға әскери қызметтеріне сәттілік, мықты денсаулық, қайсарлық, төзімділік, батылдық пен табандылық тілектер айтылды. Әскери бөлім басшылығы олардың әскери ұжымға қысқа мерзімде бейімделіп, жауынгерлік дайындықты жоғары деңгейде меңгеріп, әскери антқа адал, тәртіпті әрі кәсіби әскери қызметші болып қалыптасатынына сенім білдірді.
Осындай тәрбиелік іс-шаралар әскери қызметтің алғашқы кезеңінде жас сарбаздардың бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастыруға, әскери ортаға бейімделуін жеделдетуге, ұжымдық рухты нығайтуға және әскери қызметке деген жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар олар әскери тәртіпті қатаң сақтау, «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстану, құқық бұзушылықтың алдын алу және әскери ұжымдағы тұрақты моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы қатарында өткізілетін мұндай тәрбиелік іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, жас сарбаздардың кәсіби даярлығын жетілдіруге, әскери-патриоттық тәрбиесін нығайтуға және ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жауапты қызметке жан-жақты даярлауға бағыттала бермек.







