СЫР ӨҢІРІНІҢ ҮЗДІК ҰСТАЗДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
СЫР ӨҢІРІНІҢ ҮЗДІК ҰСТАЗДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Бүгін «Өнер орталығында» Мұғалімдер күніне арналған «Ұстаз – қанат, шәкірт – қауырсын» атты салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға өңірдің білім саласының ардагерлері, мектеп директорлары, ұстаздар, жас мамандар, ата-аналар қауымы және білім беру саласының үздіктері қатысты.
Салтанатты шарада облыс әкімі Мұрат Ергешбаев ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, білім мен тәрбие саласына қосқан өлшеусіз еңбектері үшін алғыс білдірді.
«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі» деген болатын. Бұл сөздің салмағы ерекше. Шын мәнінде, ұстаз – баланың алдына білімнің ғана емес, өмірдің жолын ашатын тұлға.
Бүгін осы залда отырған әр педагогтің еңбегі – бір шәкірттің тағдырымен, бір отбасының үмітімен, тұтас елдің ертеңімен сабақтас.
Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогі Ыбырай Алтынсариннің: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөзі бүгінгі күні де өз мәнін жоймады.
Ұстаз болу – үлкен жауапкершілік. Себебі әр педагогтің қолында жас ұрпақтың білімі ғана емес, оның азаматтық ұстанымы, дүниетанымы мен болашаққа деген сенімі қалыптасады. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз елдің дамуы мен
қоғамның өркендеуіне тікелей ықпал етеді.
Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық ізденіс пен кәсіби өрлеу тілеймін! Шәкірттеріңіздің жүрегіне әрдайым жол тауып, мерейлеріңіз үстем болсын!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Мерекелік жиында білім саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп жүрген бірқатар ұстазға жоғары мемлекеттік және салалық марапаттар табысталды.
Атап айтқанда, Сыр елінің үлгілі ұстаздарына «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін», «Еңбек ардагері», «Ы. Алтынсарин» медальдары берілді.
Сонымен қатар бірқатар педагог «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ұстаздарға «Орта білім беру ісінің үздігі», «Қосымша білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломдары, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасарының және облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Бұл марапаттар – педагогтердің күнделікті еңбегіне берілген жоғары баға ғана емес, олардың білім саласының дамуына қосқан үлесі мен шәкірт жетістіктерінің нәтижесі.
Мерекелік шара барысында еңбегімен ерекшеленіп, шәкірттерімен бірге түрлі білім додаларында жоғары нәтиже көрсеткен 10 ұстазға арнайы сыйлық ретінде Сарыағаш шипажайына жолдама берілді. Бұл – ұстаздардың кәсіби еңбегін бағалаудың және оларға қолдау көрсетудің жарқын үлгісі.
Сыр өңірінде білім саласында еңбек етіп жүрген мұғалімдер республикалық және халықаралық деңгейдегі білім бәйгелерінде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Олардың шәкірттері пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобалар мен шығармашылық байқауларда, спорттық және зияткерлік жарыстарда облыс намысын абыроймен қорғап жүр.
Ұстаз еңбегінің басты нәтижесі – шәкіртінің жетістігі. Осы орайда өңір педагогтерінің кәсіби біліктілігін арттыруға, заманауи оқыту әдістемелерін меңгеруіне және білім беру үдерісіне жаңа технологияларды енгізуіне ерекше мән берілуде.
Бүгінде мұғалімге қойылатын талап та, жауапкершілік те жоғары. Цифрландыру, жасанды интеллект, жаңа педагогикалық тәсілдер мен заманауи білім беру технологиялары оқу үдерісінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Осындай өзгерістер жағдайында ұстаздың ізденісі мен кәсіби шеберлігі ерекше маңызға ие.
Салтанатты кеште ұстаздардың еңбегімен қатар, білім беру саласында еңбек етіп келе жатқан ардагерлердің де өнегелі жолы дәріптелді. Ұстаздық жолды өмірлік мұрат еткен аға буын өкілдерінің тәжірибесі жас педагогтер үшін үлкен мектеп екені айтылды.
Мерекелік шарада ұстаздарға арналған жүрекжарды тілектер айтылып, білім саласының үздіктері сахна төрінде
марапатталды. Салтанатты кеш жергілікті өнерпаздардың арнайы әзірлеген концерттік бағдарламасына ұласты.
Бүгінгі мерекеге орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ ұстазды Ақорда төрінде қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады. Салтанатты қабылдауда Сыр өңірінің ұстаздары да құрметке бөленді.
Атап айтқанда, Қазалы ауданы Б.Мергенбаев атындағы №226 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мирамкүл Жөлекеш және Жалағаш ауданы Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Ғалымжан Нұрмахатов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Бұл – Қызылорда облысы педагогтерінің кәсіби білімі мен қажырлы еңбегіне көрсетілген жоғары құрметтің белгісі. Ұстаздардың республикалық деңгейдегі марапаттарға ие болуы – өңірдегі білім беру саласының әлеуетін және педагогтердің кәсіби шеберлігін айқын көрсетеді.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында өңірдің білім саласында соңғы жылдары ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Кейінгі төрт жылда салаға 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлініп, 123 млрд теңгеге 46 білім беру нысаны жаңадан салынды.
Президенттің бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста 10 мектеп пайдалануға берілді. Жаңа білім ордалары заманауи талаптарға сай жабдықталып, оқушыларға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасалды.
Жаңа мектептердің бой көтеруі өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға, оқушы орындарының тапшылығын азайтуға және балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына мүмкіндік беріп отыр. Сонымен бірге мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, білім беру ұйымдарын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да жалғасуда.
Білім саласына бағытталған мұндай қолдау – ең алдымен, ұстаздардың сапалы еңбек етуіне, ал оқушылардың жан-жақты білім алып, өз қабілеттерін дамытуына мүмкіндік береді.
Сыр елінде ұстаз мәртебесін арттыру, педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау және білім сапасын көтеру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелейтін ұлы мамандық иесі. Оның еңбегі бір күннің немесе бір жылдың нәтижесімен өлшенбейді. Ұстаздың берген білімі мен тәлім-тәрбиесі шәкіртінің бүкіл өмір жолында жалғасып, қоғамның дамуына өз үлесін қосады.
Сондықтан бүгінгі мерекелік шара – білім саласының үздіктерін марапаттап қана қоймай, барша ұстаз қауымының еңбегін бағалап, олардың мәртебесін көтеруге арналған тағылымды басқосу болды.
Қызылорда облысының педагогтерін Мұғалімдер күнімен құттықтаймыз! Ұрпақ тәрбиесі жолындағы еңбектеріңіз жемісті, шәкірттеріңіздің жетістігі мол болсын!
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Қаз
Рус






