Есілдің суы бір түнде құрғап қалған
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Астана тұрғындары Есіл өзеніндегі су деңгейінің күрт төмендегеніне назар аударды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеода әдеттегі су айдынының орнына арнасының едәуір бөлігі ашылып, тек кей тұстарында ғана су қалғаны көрінеді. Кадрлар қала тұрғындары арасында қызу талқыланды. Елорда әкімдігі өзеннің таяздануына не себеп болғанын түсіндірді.
Instagram желісінің қолданушысы жариялаған видеода көпқабатты тұрғын үйлердің ортасындағы өзен бөлігі бейнеленген. Әдетте су басып жататын аумақтың едәуір бөлігі ашылып қалған. Арнаның кейбір ойпаң тұстарында ғана шағын су жиналған жерлер сақталған. Ал жағалау бойынан ылғалды топырақтың кең аумақтарын көруге болады.
Астана тұрғындары не дейді?
Өзеннің осындай күйге түсуі елорда тұрғындарын таңғалдырды. Әлеуметтік желі қолданушылары су деңгейінің неліктен күрт төмендегенін және бұл жағдайдың өзеннің табиғи арнасына араласумен байланысты-болмағанын талқылай бастады.
Бірі өзенді тазарту жұмыстары үшін суы әдейі ағызылған болуы мүмкін деген болжам айтты. Енді бірі мұның экожүйеге ықтимал әсеріне алаңдаушылық білдірді.
Өзеннің табиғи арнасын өзгертуге болмайды! Өзенді құртып жіберді, – деп жазды қолданушылардың бірі.
Тағы бір пікір қалдырушы су деңгейінің төмендеуін өзенді қыс мезгіліне дайындау жұмыстарымен байланыстырды.
Видеодан өзенді тұнбадан тазарту қажет екені көрініп тұр. Сондықтан қала билігі қыста өзен арнасын тазарту мүмкіндігі болу үшін суды ағызып жіберген, – делінген пікірде.
Кейбір тұрғындар судың тартылуын пайдаланып, ашылған өзен табанын қоқыс пен жиналған шөгінділерден тазартуды да ұсынды.
Астана әкімдігі не деп жауап берді?
Елорда әкімдігінің түсіндіруінше, Есіл өзеніндегі су деңгейінің төмендеуіне құрылыс жұмыстары себеп болған.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Құрылыс басқармасы Есіл өзенінде бесінші кезектегі су реттегіш бөгетті салу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізген.
Қала Құрылыс басқармасы Есіл өзенінде бесінші кезектегі су реттегіш бөгетті салу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізді. Қазіргі уақытта жұмыстар аяқталды, енді су деңгейін көтеру басталады, – деп хабарлады Астана әкімдігі.
Алайда әкімдік ұсынған түсініктемеде су деңгейінің толық қалпына келетіні нақты қашан болатыны және таязданған аумақтың қайта суға толуына қанша уақыт қажет екені айтылмаған.
Қаз
Рус






