Бір бүйрек — бір өмір: Шымкентте әпкесі сіңілісіне өмір сыйлады
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық ауруханада он жылдан бері қант диабетімен ауыратын әйелге туған әпкесінің бүйрегін трансплантациялау отасы сәтті жасалды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Дәрігерлердің айтуынша, науқас ұзақ жылдар бойы қант диабетімен ауырған. Қандағы қант деңгейінің тұрақты түрде жоғары болуы салдарынан екі бүйрегі де зақымданып, бүйрек жеткіліксіздігі дамыған.
Осыған байланысты әйел аптасына үш рет гемодиализ қабылдауға мәжбүр болған. Бұл емшара бүйректің қызметін ішінара алмастырып, қанды ағзадағы зиянды заттардан тазартуға мүмкіндік береді.
Науқастың өмір сапасын жақсартудың негізгі жолы бүйрек трансплантациясы болған. Оған туған әпкесі бір бүйрегін беруге келісім берген.
Хирург Сабитхан Байтемиров бүйрек трансплантациясы бірнеше кезеңнен тұратын күрделі операция екенін түсіндірді.
«Бүйрек трансплантациясы үш негізгі кезеңнен тұрады. Алдымен донордан бүйрек алынады. Одан кейін алынған ағза арнайы стерильді жағдайда сақталып, салқындатылады және тиісті ерітіндімен өңделеді. Соңғы кезеңде донорлық бүйрек науқасқа салынып, қан тамырларына жалғанады. Осылайша қан айналымы қалпына келтіріледі», – деді дәрігер.
Мамандардың айтуынша, операция барысында науқастың қан тамырларының жағдайы қосымша қиындық туғызған. Себебі ұзақ жылдарға созылған қант диабеті қан тамырларына да кері әсер еткен.
Трансплантолог дәрігер Рахымжан Үмбетов мұндай күрделі операциялардың науқастарға қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Әр адамның өз арманы бар. Біреу үй алуды, енді біреу көлік мінуді армандайды. Ал ауыр дертпен күресіп жүрген адам үшін ең үлкен арман – денсаулығын қалпына келтіріп, қалыпты өмірге оралу. Бүгін біздің науқасымызда осындай мүмкіндік пайда болды», – деді маман.
Дәрігердің сөзінше, бүйрек трансплантациясы сәтті өткен жағдайда науқастың өмір сапасы айтарлықтай жақсарып, аптасына үш рет гемодиализ қабылдау қажеттілігі жойылуы мүмкін.
Операция сәтті аяқталды. Қазір әйел дәрігерлердің бақылауында. Мамандар оның жалпы жағдайын және трансплантацияланған бүйректің жұмысын қадағалап отыр.
Дәрігерлер бүйрек трансплантациясынан кейін тұрақты медициналық тексеруден өтіп, барлық ұсынымды орындау және ағзаның донорлық бүйректі қабылдамай тастауына жол бермейтін дәрілерді үздіксіз қабылдау маңызды екенін ескертеді.
Қаз
Рус






