Instagram-да жалған ақпарат таратқан әйел жарты миллион теңгеден астам айыппұл төлейді
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Ақтауда әйел Instagram әлеуметтік желісіндегі жазбасы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 544 950 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Ол жәбірленушінің отбасы жағдайы мен балалары туралы жалған ақпарат таратқан, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Маңғыстау облыстық сотының мәліметінше, әйелге қатысты істі Ақтау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты қараған.
“Әйел биыл қазан айында Instagram парақшасында жәбірленушінің отбасылық жағдайы мен балаларына қатысты шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат жариялады”, – деп мәлімдеді сот.
Сот отырысында айыпталушы хаттамамен келіспейтінін айтып, өз кінәсін мойындамаған. Ал жәбірленуші оны әкімшілік жауапкершілікке тартуды талап еткен.
Сот әйелдің кінәсін жәбірленушінің түсініктемелері, құқықбұзушының парақшасынан алынған жарияланымдар мен фотосуреттер, арыз және әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама, сондай-ақ сот отырысында зерттелген өзге де жазбаша дәлелдер арқылы анықтаған.
Нәтижесінде әйел Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабының 2-бөлігі (Жала жабу) бойынша кінәлі деп танылды.
Жаза тағайындау кезінде сот оның 14 жасқа толмаған баласы бары жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді. Ал жауапкершілікті ауырлататын жағдайлар анықталмаған.
Осыны ескере отырып, сот 180 АЕК мөлшеріндегі айыппұлды 30%-ға қысқартқан. Осылайша, әйел 544 950 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
Қаз
Рус






