ҚФФ бірнеше клубты жазалады
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Қазақстан футбол федерациясының Бақылау-тәртіптік және этика комитеті Премьер-лига матчтарында тіркелген тәртіп бұзушылықтарға байланысты бірқатар клубқа санкция қолданды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
2026 жылғы 25 қыркүйекте өткен отырыста жанкүйерлердің әрекеті, матчты ұйымдастырудағы кемшіліктер және командалардың тәртіп бұзушылықтары қаралды.
25-турда бес клуб айыппұл алды
25-тур қорытындысы бойынша "Оқжетпес", "Алтай", "Астана", "Ақтөбе" және "Жеңіс" жазаланды.
"Оқжетпес" пен "Алтайға" жанкүйерлердің файер қолданғаны үшін 60 АЕК-тен айыппұл салынды. Бұдан бөлек, "Алтай" бес футболшысының ескерту алуына байланысты тағы 100 АЕК төлеуге міндеттелді.
ҚФФ мәліметінше, "Ақтөбе" мен "Жеңіс" матчтың басталуын бес минутқа кешіктіргені үшін әрқайсысы 60 АЕК көлемінде айыппұл алды. Сонымен қатар, "Ақтөбе" көрермендердің алаңға жүгіріп шығуына байланысты тағы 60 АЕК төлейді. "Жеңіс" бес ойыншысының ескерту алуына байланысты 100 АЕК айыппұл алды.
Ал "Астанаға" жедел жәрдем көлігінің кешігіп келуіне байланысты ескерту жасалды.
"Жетісуға" команданың тәртіпсіз әрекеті үшін 100 АЕК айыппұл салынды. Клуб ойыншысы Серікжан Мұжықов қарсыластың анық гол соғу мүмкіндігін тоқтатқаны үшін бір матчқа шеттетілді.
Өз кезегінде алтыншы турдағы "Каспий" – "Қайрат" матчында алаң иелері жанкүйерлердің қарсыласқа бағытталған бейәдеп ұрандары үшін 60 АЕК айыппұл алды.
26-тур қорытындысында "Каспийге" тағы 100 АЕК көлемінде санкция қолданылды. Оған себеп:
файер қолдану;
матчтың ресми тұлғасына тіл тигізу;
дрон пайдалану.
26-турда тағы бірнеше клуб жазаланды
"Қызылжар" төрт футболшы мен бапкер көмекшісінің ескерту алуына байланысты 100 АЕК айыппұл төлейді.
"Ертіс" жедел жәрдем көлігінің кеш келуіне байланысты матч тоғыз минутқа кеш басталғаны үшін 100 АЕК көлемінде жазаланды.
"Қайсарға" ойыннан кейін бөгде адамдардың алаңға шығуы және жанкүйерлердің рупор қолдануы үшін 60 АЕК айыппұл салынды.
Ал "Ордабасы" жаттығу кезінде алаң маңында бөгде адамдар мен мотоциклдердің жүруі, сондай-ақ жанкүйерлердің екі акустикалық колонка пайдалануы үшін 60 АЕК төлеуге міндеттелді.
Айыппұлдарды төлеу мерзімі
Барлық клуб айыппұлды 2026 жылғы 25 қазанға дейін төлеуі тиіс.
Қаз
Рус






