Фонограммамен ән айтатындарды соттау керек

375
Белгілі актер, "Шаншар" әзіл-сықақ театрының директоры Уәлибек Әбдірайымов Қазақстанда концерттерге арнайы лицензия беру туралы заң қабылдау керек деп есептейді. Оның ойынша, заң жүзінде тірі дауыста ән орындалмайтын кештерге рұқсат берілмеуі қажет.

Уәлибек Әбдірайымов фонограмма мәселесіне қатысты ойын Qasqa Jol Youtube арнасына берген сұхбаты кезінде айтты. Ол жанды айтпайтын әншілерді соттау керек екенін айтты.

"Шетелде әнді минуспен айтса билет құнын шамамен 500 немесе 1000 теңгеге түсіріп тастайды. Ал плюс айтатын болса, билет саттырмайды. "Клип түсіріп, қайырымдылық концерттерде ән сал" деп шығарып салады. Егер байқатпай фонограммамен ән салсаңыз, бірнеше рет айыппұл төлетіп, үшінші рет қайталанса соттайды. Қытайда сондай. Өзбекстанда да концертке лицензия сұрайды. 

Бізде солай болса мәдениет өсіп, өнерді бағалай алар едік. Ал фонограммамен айтып жүргендердің бәрін соттай салу керек. Жоқ, айыппұл салған тиімдірек. Сол кезде мәдениет бөліміне ақша түседі. Қоймаса, айыппұл көлемін арттырса, өзі-ақ айтпайтын болады. Сосын іріктеліп, шын әншілер қалады. Медеу Арынбаев, Асқар Жүнісбеков, Дәурен Сейітжанов, Жұбаныш Жексенұлы сияқты әншілердің бағы жанады" , - деген ол.