Шымкенттік шенділер қар түскенде гүл еккен

155
Қар түскенде гүл еккен Шымкент шенділері тұрғындардың ашуын тудырды, -- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

КТК телеарнасының хабарлауынша, биологтардың өзі қазір себілген гүл тұқымының ерте көктемде көктейтініне күмән келтіріп отыр.

"Қазірден айтып тұрмын, тамыры мұз болып қатқан. Бұл – өлдіге саналады. Биолог ретінде көктемде қанша пайыз көгеріп шығатынына күмәнім бар", - дейді биология ғылымының кандидаты Роза Жұмабаева.

40 жылын биологияға арнаған маман тіпті қар астындағы гүлдерді тексеріп те көрді. Оның айтуынша, күн суытқанда отырғызылған хризантема, раушан мен қызғалдақты көктемде еккен дұрыс. Дегенмен қазір Шымкент көшелеріне егілген көшеттерді сақтап қалуға болады екен. Ол үшін топырағын қопсытып, бетін полиэтиленмен жабу қажет. Әйтпесе олар көктемде шіріп қалады.

Жалғыз Қаратау ауданының өзінде биыл гүлдер үшін 17 миллион теңге қарастырылған. Қар астындағы семіп жатқан өсімдіктердің наурыз айында гүлденетінінен үмітті шенеуніктер «көктемей қалған жағдайда мердігер жауап береді» деп отыр.

"Оңтүстік өңірі жылы, қатты суық болмайды. Сондықтан олар қараша айында арнайы агрономдардың зерттеуімен егілді. Басы қурағанмен, олар – көпжылдық. Көгалдандыру және жасыл желекті күтіп ұстау жұмысына мердігер мекеменің тарапынан кепілдік бар. Бұл негізі жылда егіліп жүрген гүл. Көктемде шығады", - дейді Қаратау аудандық әкімдігіне қарасты инфрақұрылым бөлімінің бас маманы Есімхан Жүзбаев.