Қызылорда қаласы тұрғындарын ауызсу мәселесі мезі етті, яғни баға тым асқақтап кетті деп,- хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Ж.Махамбетов ауылы мен Наурыз елді мекендерін ауызсумен қамтамасыз етіп отырған мекеме бүгінде қолданыстағы судың бағасын 12 есе көбейтіп отыр. Олай дейтініміз, бұрын 1 текше метрге – 30 теңге төленсе, алдағы уақытта 1 текше метр суға - 364 теңге төленетіндігін жария етті. Ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізген Қызылорда қаласының әкімінің орынбасары Рахматуллаев Елмұрат Нұрмаханбетұлымен «Арал Қазсушар» РМК-нің «Арал салынып жатқан кәсіпорынның бірлескен дирекциясы» Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Ержан Қуандықов мәлімдеді. Бас инженер Ержан Ералыұлының айтуынша «16 тамызда субсидияланып күшіне енген қаулы шыққан күннен бастап ауыл тұрғындарынан қолданылған су көрсеткіші бойынша төлем алынбаған. Ал, жаңа шартта 1 күнге 1 адамға -140 литр су қолданысқа беріледі. Қарызы бар үйлер жаңа қаулы шыққан күнге дейінгі аралықтағы берешектерін төлей алады. Ал,16 тамыздан бергі ауызға төлем алынбайды, жаңа тариф шыққан кезінде төленеді»,-деді.
Яғни, 1 отбасында 4 жан болса айына 140литр*30күн = 4200литр*4 адам=16 800 литр дегеніміз 16,8 кубты құрайды. Ал баяғы тариф бойынша 16,8*30теңгеге шаққанда 504 теңгені құраған. Жаңа қаулы бойынша 16,8 кубқа сол күйі 504 төлейсіз де, тұтынған артық суыңызға егер ол 10 куб болса 3640, 20 куб болса 7280 теңгені құрайды. Сонда сіз қанша артық суды тұтынсаңыз әрбір текше метрді 364 теңгеге көбейтіп отырасыз. Мысалға көпбалалы үйлер ауызсуды молынан қолданатыны анық, жуатын кірі, ауық-ауық тамағы мен жуындырар суы сонда ол кісілердің қолданар ауызсуының өзіне айына 10 мың теңгені құрары анық. Бұл судың жыры ауласында суы барларға басқатырғыш болса, қора түгілі көше бойына су келмеген тұрғындардың жағдайы не болмақ. Шелектерін арқалап кімнің есігін сығалап жүреді? Судың бағасы қол ұстатпай тұрған шақта көрші түгілі туғаның бір тамшы су бермесі анық. Осы орайда Киров ауылының 33-те 10 В үйінің тұрғыны: «Біздің мәселемізді кім шешеді. Біздің көшенің бойында су жүрмеген. Тасып ішеміз, сусыз жүргенімізге 5 жыл уақыт өтті»,-деді қария. Құр уәдемен ауыз сүртіп келе жатырған мердігер мекеменің басшысы қолын сілтеп, «мен суы бар жерге жауап беремін» деп дүрсе соқты. Сонда ауызсуды үнемдеу үшін «бас ауыртқан» билік, оны үнемдемес бұрын жеткізуді бірінші неге ойламай отыр. Қашанға дейін қара халық сумен арпалысуы керек? Көкаяз қыста, суды жүргізу де мүмкін емес. 5 жылда ауызсуы жүргізілмеген ауылдық округ әкімі Ақмырзаев Мәмбетәлі Сейтжаппарұлы халықтың жағдайын біле тұра, қалай қол қусырып отыр? «Жұмсақ орыныңызды» тоздырғанша, табан тоздырып ауыл аралау керек сияқты. Себебі ауыл тұрғындарының өкпесі «қара қазандай» бірі жол, бірі қоғамдық көлік десе, енді бірі ішер суым жоқ деп жан айқайын жеткізіп әлек.Қала іргесінде тұрса да табиғи газға қолы жетпеген ауыл тұрғындарының бұл мәселеден үмітін үзгені қашшан?! Осыдан, ой туады: «... сірә, әкімнің қарасы көрінбеген ауылдың сыйқы осы», деп тұмшаладым.
Содан қалды, ендігі мәселе Ақсуат ауылдық округі Жақыпбек Махамбетов ауылына кіре берістегі белгіні көріп, таңырқап қалдым. Бірінде Маханбетов, екіншісінде Махамбетов деп жазылған екен. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерінің, Сырдария ауданының тумасы, пулеметші атамыздың атын қате жазу басшыларымызға сын деп білемін. «Сыр елі энциклопедиясын» ашып қараған жөн болар. Өзімізді қоя беріңіз, өзге біреу келіп көрсе күлмей ме, қазақтар «қазақша» жаза алмайды деп. Сын түзелмей, мін түзелмейді деген атам қазақ. Ел іші алтын бесік демекші, ел үшін еңбек етуден аянбайық.