«67 мың теңге айлықты адам 30 күнге қалай жеткізеді»: Ринат Зайытов шенеуніктерге хат жазды

171
Ақын, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Ринат Зайытов күннен күнге кедей күйге түсіп бара жатқан халықтың әлеуметтік мәселесін көтеріп, бір топ шенеунікке хат жазды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

Ринат Зайытовтың өзі Алатау театрының директоры. Хатын ол Премьер-министр Әлихан Смайыловқа, Президент әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеуге, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға және Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа жолдады. Хатын ол әлеуметтік желіге жариялады.

«Бұл хатты жоғарыда аты аталған лауазымды тұлғаларға жолдауымның себебі, қойылғалы тұрған сұрақтың нақты жауабын тек солар ғана бере алатынын білемін. Өкінішке қарай, көтерілгелі тұрған мәселе жалғыз Алматы қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ғана емес, күллі халықтың қабырғасына батып тұр», - дейді Ринат Зайытов.

Ақын президентті ұлықтау рәсіміне қатысқанын, бәрін өз құлағымен естігенін, сол үшін бір сұрақ қойғысы келетінін жазған.

««Алатау» дәстүрлі өнер театры Алматы қаласына ғана емес, Қазақстан мемлекетінің барлық аумағына атадан қалған асыл мұра – ұлттық дәстүрлі өнерімізді жаңаша үлгіде таныстырып, насихаттап отырған бірден-бір мекеме. Менің бұл театрға тағайындалғаныма 703 күн болды. Аталған уақыттың ішінде ұлттық өнерге, мәдениетке бар күш-жігерімен үлес қосып, өз мемлекетінің қарыштап дамуын қалайтын азаматтардың бар екеніне менің көзім әбден жетті. Ол – аталмыш театрдың ұжымы», - дейді ол.

Ринат Зайытов театрдағы қызметкерлердің жағдайы күннен күнге төмендеп бара жатқаны жанға бататынын атап өтеді.

«Айналаны жайлаған қымбатшылық тетарды да айналып өтпейтіні анық. Күні кеше біздің депутаттардың ішінен «Қазақстанда кез келген азаматтың өмір сүруі үшін 100 мың теңге жетеді» деп жұртты шулатыпты. Халық оны жерден алып жерге салды. Ендігі сұрақ: Алатау театрының кассирі А. Сәрсенова үш баланың анасы. Ипотека төлеп отыр. Айлығы 74 705 теңге. Дәл осындай жағдайдағы контролер Г.Рахымғалиева 72 791 теңге алады. Ал үйі жоқ үш баланың анасы контролер Р. Табанова 67 044 теңге айлықты қанағат тұтуға мәжбүр. Тағы сол сияқты 100-ден аса мысал келтіре аламын», - дейді театр директоры.

Ринат Зайытов шенеуніктерден «осы ақшаны аталған адамдар 30 күнге қалай жеткізеді?» деп сұрайды.

«Жауабын сіздер білулеріңіз керек. Олай дейтін себебім, мемлекеттің шешуші лауазымдарына орналасып, теледидардан «Қазақстан дамып келе жатыр, елдің жағдайын жаман дейтіндер экстремистер, популистер мен арандатушылар» деп айдар тағып отырған өздеріңіз. Мені де сол қатарға оңай қоспауларыңыз үшін сұрағыма қанағаттанарлық жауап тауып бере алсаңыздар, қызметімді өз еркіммен босатып, сіздердің тараптарыңызға бірде бір жаман сөз айтпай, берген барлық мадақ-атақтарыңызды қайтарып беріп, сонымен қатар айтыстан ұтқан «Асыл домбырамды» сыйға тартуға уәде беремін», - дейді Ринат Зайытов.

Еске сала кетсек, осы жылдың жазында Ринат Зайытов Ulysmedia.kz порталына сұхбат беріп, елдің әлеуметтік мәселелері жөнінде өткір ойларын айтқан еді.

«Сонда бізде бірінші орында ішіп-жеу тұр. Соған мән береміз де, содан кейін қымбатшылық әлі де болады. Менің ойымша, бұдан да қымбаттайтын сияқты. Мемлекеттен бағдарламалар болған жоқ емес, болды. Бірақ оны қалай қолданды? Бірақ соның қызығын санаулы адамдар көрген шығар. Мынау Есімовтікі, мынау анаудікі болды. Бір керемет егін де егіліп жатқан жоқ. Мал да ұсталып жатқан жоқ. Субсидиялар мысалы бәләмбай миллиардап беріледі, мысалы. Ауылдың адамдарына «ең мал өсірсеңдерші, бірдеңе істесеңдерші» десең, «қайда жаясың?» дейді. Жер жоқ қайда жаямыз деп қиналады. Қиын ғой оның бәрін», - деген еді ол сол сұхбатында.