Қазақстанға келіп жұмыс істейтін шетелдіктердің саны азайған

179
Қазақстанға келіп жұмыс істейтін шетелдіктердің жұмыс күшіне шектеу қойылды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Елімізде қазіргі таңда арнайы рұқсаты бар 13 951 шетел азаматы еңбек етеді.

Шетелден келген жұмысшылардың басшы және орынбасар болып істейтіндері, яғни бірінші санаттылары 568 адам. Ал құрылымдық бөлімшелердің басшылары, екінші санаттылар 3 017 адам. Мамандар мен білікті жұмысшылар саны 8 мыңнан асады. Шетелдік жұмысшыларды қазақстандық 1 679 жұмыс беруші еңбекпен қамтып отыр.

Шетелден келген жұмысшылардың басым бөлігі әсіресе құрылыс, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу, ғылыми-техникалық қызмет, ауыл, орман және балық шаруашылығында жұмыс істейді.

Қазақстанда еңбек етуге құмар Қытай, Үндістан, Түркия, Ұлыбритания, Өзбекстан азаматтары.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, Қазақстаннан нәпақасын табатын шетелдіктер санына биыл шектеу қойылып, 25%-ке азайған.

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді және бөледі. Биылғы жылдың қаңтар айында министрлік шетелдік жұмыс күшін тарту квотасын бұрын жоспарланған 28 352 бірліктен 21 097 бірлікке дейін, яғни 7 255 бірлікке қысқартты. Осы жылдың желтоқсанында квота қосымша 997 бірлікке қысқартылып, жалпы саны 20 100-ді құрады, - деп мәлімдеді министрлік.