Қызылордада отадан соң сәбиінен айырылған жүкті келіншек дәрігерлердің жазалануын талап етті
Қызылордада соқыр ішекке байланысты ота жасалған 23 жастағы жүкті әйел сәбиден айырылып қалды. Операциядан кейін денсаулығы күрт нашарлап, енді ана болу мүмкіндігінен айырылған. Ол осы жағдайға байланысты дәрігерлердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Нұрлан мен Гүлім екінші сәбилерін асыға күткен. Келіншектің айтуынша, былтыр құрсақ көтергеніне бес ай болғанда, соқыр ішекпен ауруханаға түскен. Алайда ақ халаттылар жүкті екенін біле тұра, тиісті тексеруден өткізбей ота жасаған екен. Гүлім операция кезіндегі қателерден ішкі ағзасына ірің жиналып, ауруы одан сайын асқынғанын айтты.
“Ішек құрылысым әлі күнге дейін ауырады. Құрылдайды. Қазір дәрімен жүрмін. Ауыр көтере алмаймын. Кішкентай көтердім. Ол өспей, түсіп қалды. Дәрігерлерге көрініп едім, олар енді ағзамның сәби қабылдамай тұрғанын айтты. Жағдайым қиындап барады”, – деді Қызылорда қаласының тұрғыны Гүлім Әбділдаева.
Сәтсіз отадан соң дәрігерлер Гүлімге тағы бірнеше рет ішкі құрылысына операция жасаған. Содан бері емделу үшін ауруханалардың табалдырығын тоздырып, бір жылдан бері сәби сүйе алмай жүрген жас жұбайлар ақ халаттылардың жазаланғанын талап етеді.