АЙМАҚ БАСШЫСЫ «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібекпен кездесті. Кездесуге ҚР Парламенті Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аймақ басшысы атқарушы органдар саяси ұйымдармен тығыз жұмыс жасап, олардың бастамаларына әрдайым қолдау көрсететінін атап өтті.
Партияның Атқарушы хатшысы аймақ басшысына алғыс білдіріп, облыстық филиалдың жаңа төрағасының қызметіне сәттілік тіледі.
Еске салсақ, бүгін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филалының кезектен тыс ХХХІV конференциясында Алмасбек Есмаханов партияның облыстық филиалының төрағасы болып сайланды.
Есмаханов Алмасбек Әбілқасымұлы 1982 жылы 8 қаңтарда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2005 жылы Қызылорда гуманитарлық университетін «Қаржы және несие», 2009 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Заңтану» мамандықтары бойынша бітірген. 2013 жылы Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінен, АҚШ-тың Каролина штатындағы ДЮК университетінен «Саясаттану» мамандығы бойынша әлеуметтік білім магистрі академиялық дәрежесін алды.
Еңбек жолын 2006 жылы қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің маманы болып бастаған. 2007-2008 жылдары облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің жетекші, бас маманы, 2008-2012 жылдары қала әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас маманы, бас инспекторы, Тасбөгет кенті әкімінің орынбасары, бөлім басшысы, 2012-2014 жылдары «Қарауылтөбе» ауылдық округінің әкімі, 2014-2015 жылдары облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы, бөлім басшысы, 2015-2018 жылдары Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, 2018-2019 жылдары Қызылорда қаласы әкімдігінің аппарат басшысы, 2019-2020 жылдары қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы лауазымдарында қызмет атқарған. 2020 жылы Шиелі ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болды.
Бұған дейін Алмасбек Есмаханов облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы қызметін атқарып келген.