Жандос Еркінбек оқу жылына дайындық барысын талқылады

2 305

Фото: Қармақшы аудан әкімдігіБүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен 2025–2026 жаңа оқу жылына дайындық мәселелеріне арналған кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынға тиісті бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, білім беру мекемелерінің басшылары қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Оқу жылына тың дайындық – ортақ міндет

Жиын барысында Үкімет басшысы мен облыс әкімінің тапсырмаларына сәйкес, жаңа оқу жылына жан-жақты әрі сапалы дайындықтың маңыздылығы атап өтілді. Аудан басшысы білім саласындағы әрбір басшы мен мекеменің үйлесімді жұмыс жасауы – оқу жылының сәтті басталуының негізгі кепілі екенін қадап айтты.

– Жаңа оқу жылын барлық балабақша мен мектептер 100 пайыз кедергісіз бастауы тиіс. Бұл – ортақ жауапкершілік. Әр басшы өз ісіне тиянақты, жауапты болуы қажет, – деді Жандос Еркінбек.

Оқулық пен инфрақұрылым – басты назарда

Мәжілісте оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жетілдіру, «Мектепке жол» акциясын сапалы әрі ауқымды түрде ұйымдастыру – басты міндет ретінде белгіленді. Аудан басшысы аталған бағыттар бойынша барлық қажетті шаралар уақытылы қабылдануы қажет екенін ескертті.

Санитарлық тазалық пен жылу мәселесі – өзекті тақырып

Білім беру мекемелеріндегі санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуы және жылыту жүйелерінің дайындығы да – назардан тыс қалмады. Аудан әкімі бұл мәселелер бойынша жұмыстардың толық аяқталу мерзімін нақтылады.

– Әрбір білім ұясы 1 қыркүйекке дейін барлық дайындық жұмыстарын толықтай аяқтауы тиіс. Бұл – балалардың қауіпсіздігі мен жайлы білім алуы үшін өте маңызды, – деп атап өтті аудан басшысы.

Құрылыс және жөндеу жұмыстары – басты бақылауда

Күн тәртібінде №1 санаториялық бөбекжай-бақшасының және №275 мектептің шатырын жөндеу, сондай-ақ 5 мектептің спорт алаңдарын жаңарту мәселелері қаралды. Бұл бағыттағы жұмыстардың сапасы мен уақытылы орындалуы – әкімдік бақылауында.

Жауапкершілік жүктелді

Мәжіліс соңында аудан басшысы барлық бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне, білім мекемелерінің жетекшілеріне нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын жеке қадағалайтынын мәлімдеді.

– Әр басшы өзінің құзыреті аясында жұмыс жүргізіп, тұрғындар алдындағы жауапкершілігін сезіне білуі тиіс. Біз сапалы білім беру мен қауіпсіз орта қалыптастыруды бір сәтке де назардан шығармауымыз керек, – деді Жандос Еркінбек.