Алматы қаласында жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі қалай шешілуде?

455

Алматы қаласы жұмыссыз жастардың саны жөнінен еліміз бойынша көш бастап тұр. Мұны қалалық әкімдікке қарасты Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары да растап отыр, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Фото: pixabay.comБұл мәселені шешу мақсатында “Жастар практикасы”, “Алғашқы жұмыс орны” және “Ұрпақтар келісімі” жобалары қолға алынған.

Ұлттық статистика бюросы ұсынған мәліметтерге сәйкес елімізде өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда елдегі тұрақты жұмысы бар азаматтар саны 8,8 миллион адамға (23,1 мың адамға көп) жеткен. Оның ішінде 6,7 миллион адам жалдамалы қызметте істесе, 2,1 миллионы өз-өзін жұмыспен қамтыған.

2022 жылы II тоқсанда жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ға жеткен. Жалпы елімізде 452 мың қазақстандық жұмыссыз жүр. Екі қолына бір күрек таппай жүргендердің 3,8%-ы жастар көрінеді. 

Бұл мәселеге сенат спикері Мәулен Әшімбаев та назар аударған. Ол жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші әлдеқайда көп екенін мәлімдеген. 

Тәуелсіз ұйымдар жүргізген сауалнамаға сәйкес, 25-29 жас аралығындағы қатысушылардың 12%-ның тұрақты жұмысы болмаған. Ал жоғары білім туралы дипломы бар жастардың 40%-дан астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді.Осыған байланысты жұмыс орны мен жастар практикасын құруға бағытталған бюджет қаражатының тиімділігіне қатысты сұрақ туындайды”, – деді ол.


Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу мақсатында елде "2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба" шеңберінде бірнеше бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Алматы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы осы жобаның қатысушысы екенін айта кеткен жөн. 

Орталықтың мәліметіне сүйенсек, Алматыда тұрақты жұмысы жоқ жастардың үлесі 5,8%. Бұл өзге аймақтардағы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Осыған байланысты ұлттық жоба аясында “Жастар практикасы”, “Алғашқы жұмыс орны” және “Ұрпақтар келісімі” сынды бағдарламалар дайындалған.

Қазіргі күні жұмыссыз жастардың 33,9%-ы жұмыспен қамту орталықтарына жүгінген. Олар университетті аяқтаған соң “Жастар практикасында” тәжірибе жинап, еңбек мансабын қалыптастыруға мүмкіндік алады. 

"Жұмыспен қамту орталықтарының негізгі міндеті – 29 жасқа дейінгі азаматтарға кәсіпкерлік бастамашылыққа және жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесіп, тұрақты жұмыс орындарын табуға көмектесу. Сонымен қатар “Жастар практикасы”, “Алғашқы жұмыс орны” бағдарламалары бойынша еңбекпен қамту да орталықтың міндеттері", – деп түсіндірді Жұмыспен қамту орталығының баспасөз қызметі.


Орталық қызметкерлері елдегі жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында атқарылған жұмыстар нәтижесімен де бөлісті. Ұсынылған мәліметке сәйкес, елде 2022 жылдың басынан бері 3 131 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 

"Жыл басынан бері мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік білім алған, жоғары оқу орнын аяқтаған және орта білімі бар 3 131 адам тұрақты жұмыспен қамтылды", – делінген ақпаратта. 


Жұмыспен қамту орталығы жастардың мамандығы бойынша қызметке орналаса алмауының басты себебі жалақының төмендігі екенін қосып өтті. 

"Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамту, тәжірибенің болмауы, қазіргі қоғамдағы жастар арасында кең тараған дивиация әсері де бар. Сондықтан техникалық, кәсіптік және жоғары білім алған жастардың басым бөлігі өз мамандығы бойынша жұмыс істей алмайды", – делінген жұмыспен қамту орталығы берген жауапта. 


Жоғарыда айтып өткеніміздей 29 жасқа дейінгі адамдар үшін мемлекет тарапынан арнайы үш бағдарлама жасалған. Солардың бірі – "Жастар практикасы". Аталған бағдарлама жас мамандарға алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға септігіне тигізеді. Жоба 12 айға есептелген. Бұдан бөлек білім беру ұйымын алдыңғы 3 жыл ішінде бітірген әрі жасы 29-дан аспауы шарт. 
Салықтарды, міндетті зейнетақы жарналарын және басқа да әлеуметтік аударымдарды ескере отырып, айлық жалақы 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

Ал "Алғашқы жұмыс орны" жобасы 24 айға есептелген. Жоба аясында жұмысқа орналасу кәсіптік білім туралы дипломда көрсетілген немесе білім беру профиліндегі ұқсас мамандыққа (кәсіпке) сәйкес жүзеге асырылатынын ескерген жөн. 

"Ұрпақтар келісімі" жобасы кемінде 18 ай мерзімге есептеледі. Ал жұмыспен қамту орталығы 6 ай жалақымен қамтамасыз етеді. Жобаның басты ерекшелігі – жас маманның зейнет жасына жеткен тәжірибелі қызметкерді алмастыруында.

Аталған үш жобада да жастарға 30 АЕК көлемінде жалақы қарастырылған.