ҚЫЗЫЛОРДАДА МЕКТЕП ОҚУШЫСЫНЫҢ МӘЙІТІ ТАБЫЛДЫ
Қызылорда қаласында төбелес салдарынан кәмелет жасқа толмаған жасөспірім қайтыс болды, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Қоғам кәмелеттік жасқа толмаған азаматтардың жасаған қылмыстарын ақылдарының толмағандарынан деп есептейді. Сондықтан да жасалынып жатқан қылмыстар құқық қорғау органдарына хабарланбай жататынын да кездестіріп жатамыз. Соңғы уақытта жастар арасында қылмыс жасау көбейді. Көбінесе қылмыстың топтық төбелес, ұрлық, тонау, бұзақылық, алаяқтық секілді түрлері жиі кездеседі. Ал бүгін Белкөл кентінде жасөспірімнің өлі денесі табылған. Жоғары сынып оқушысы көз жұмған деген ақпарат көздерінде.
«12 ақпан 2024 жылы Қызылорда қаласы Белкөл кентіндегі медициналық мекемеге кәмелетке толмаған жасөспірімнің мәйіті жеткізілген. Аталған дерек бойынша тергеу басталып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән – жайлары анықталуда. Тергеу барысы Қызылорда қалалық полицуия басқармасымен бақылауға алынды. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.»,- деп мәлімдеді Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Амангелді Досжанов.
Бесіктен белі шықпаған балалардың суық қаруды қалтада ұстауы, мектеп әжетханасында жоғары сынып оқушыларының қоқан-лоқы көрсетуі көбеймесе азаяр емес. Олай деуге басты себеп әлеуметтік месенджер жүйесінде жоғары сынып оқушылары соққыға жығып, тепкігеь алған жасөспірімдер бір-біріне аяушылық танытудан ада болғаны ма?
Ол аздық еткендей мектеп ішінде орын алған «жұдырықтасуды» арнайы бейнекамераға түсіріп, таяқ жеген балаға моральды қысым көрсету үшін бе? Ол таспаның таралуы да таралмауы да сол жасөспірімдердің қолында еді... Осындай олқылықтардан білім бөлімі қалай хабарсыз? Білім саласындағы былық неге тыйылмайды? Ең сорақысы сенбі күні әлеуметтік желіден 6 жасар баланың зорлық-зомбылыққа тап болғанынан да білім бөлімінің хабар болмағаны қалай? Бей-жай отыруының сыры неде? Қылмыс санын азайту ма, әлде көзбояушылық па полиция басқармасы да орын алған жағдайды хабарлаудың орынына жасырып әлек? Неге? Орын алған қылмысты жасыру оның азаюына ықпал ете ме?
Жасөспірімдердің қылмыстары арасында қатыгездік пен зорлық – зомбылық әдетті іске айналып бара жатыр. Сонымен қатар жасөспірімдер зорлық- зомбылықты шегінен асырып жасайды. Жасөспірімдер қылмыс жасау барысында келеңсіз жағдай бола қалса адам өлтіру, ауыр дене жарақатын, қарақшылық жасауға дейін барады. Десе де жасөспірімдер арасында профилактикалық жұмыстардың, психологиялық тренингтердің жүрмейтіндігінің дәлелі. «Қарызсыз қоғамның» емес, «Қылмыссыз қоғамды» қалыптастыруға атсалысқан жөн.
Соңғы кезде кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыстардың өсіп кетуі экономикалық жағдайлардың нашарлауы және қоғамның қысымы деген турақты ой калыптасуда. Десек те ауруын жасырған, аңдамай өледінің кейпін кимей жұмыла кіріскен дұрыс-ақ болар.