Елімізде жылына 12 мың адам аты-жөнін өзгертеді
Елімізде жылына 12 мың адам аты-жөнін өзгертеді. Айына шамамен мың азамат құжатындағы жеке мәліметтерді түзетеді,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
24.kz арнасының мәліметінше, көбі тегі мен әкесінің атындағы жалғауларды өзгертіп немесе алып тастаса, кейбірі тіпті атын ауыстырады екен.
Виктория Майер қазір Жанель Ілияс. 13 жасында аты-жөнін өзгертті. 16-ға толғанда төлқұжатындағы «әкесінің аты», «ұлты» деген бағандарға түзету енгізді. Қалауы солай еді: өскен ортасына сай, жанына жақын қазақы есімді алу – отбасымен бірге қабылдаған саналы шешімі екенін айтты.
«Анам екеуміз бір атты, ал аға-жеңгем екінші есімді таңдады. АҚАЖ-ға бардық. Жаңа есімге үйрену басында қиындау болды. Бірақ жарты жылда достарым да, отбасым да үйреніп алды. Қазір ескі таныстарымды көрсем «Вика, Виктория» деп айтса, мен кішкене шошып қаламын. Жанель деген есім маған қатты ұнайды», – деді қала тұрғыны Жанель Ильяс.
Ресми құжаттағы мәліметтерді түзетуге заң рұқсат етеді. Ол Отбасы және неке туралы кодекс, Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қағидалармен реттеледі.
Алайда, ат қояр кезде бейәдеп сөз қолданудан аулақ болған жөн. Ішкі істер органдары жеке куәлікті беруден бас тартуға да құқылы.
«Мен Руслан болсам, енді Марат боламын деп өзгерте салуға болмайды. Мысалы, кейбір жағдайларда құжат бойынша баланың аты басқа, бірақ отбасы мүшелері басқаша атайды. Бұл жағдайда адамға қай есім көбірек ұнайды сол бойынша жақындарының хаты арқылы, келісімі, растауы арқылы атын ауыстыруға болады. Сондай-ақ әріптестерінің, ұжымның арасында, қоғамда аты басқадай болатын болса, заңға сәйкес атын өзгертуге құқығы бар. Атты өзгертуге 1 рет, 2, 3 рет деген шектеу жоқ. Егерде заңда көрсетілген баптармен өзгертетін болса, шектеу жоқ», – деді ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.
Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Ономастика бөлімі азаматтардың өтініштерін талдайды. Мамандар қолайлы шешім қабылдауға көмектеседі.
Біздің кейіпкеріміз Жанель секілді аты-жөнін өзгерткендерден басқа, есімі немесе тегінің жазылуында кеткен қатені түзеу, «-ович», «-овна»-ның орнына «-ұлы», «-қызы» деп жалғау қосу, «-ов», «-ев» тіркемелерін алып тастау үрдісі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басталған.Бүгінде 7 млн-нан астам азамат құжатына осы сипаттағы өзгеріс енгізді.
Кезінде «Мөлдір» есімі ресми құжаттарда 13 түрлі нұсқада қолданылып жүргенін естідік. Бұл транслитерациялау кезінде жол берілген бұрмалаушылық. Десе де, төлқұжаттағы есімді өзгертуге, қатені түзетуге дәйекті себеп болса – тартынудың қажеті жоқ дейді мамандар. Оның үстіне, рәсімдердің онлайн түрде қолжетімділігі біраз істі жеңілдетіп отыр.