Тұрғын үй төлемдері өрт сөндірушілерге де төленеді
Қазақстанда ТЖ қызметкерлеріне көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй төлемдері беріледі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бүгін Парламент Мәжілісі тиісті нормалар көзделген заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
ТЖ министрі Шыңғыс Әріновтің айтуынша, қазір азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй өтемақысы және қызмет бабымен басқа өңірге көшкені үшін қосымша ақы төленбейді.
Осыған байланысты заң жобасында құтқарушыларға және олардың отбасы мүшелеріне қоныс аударған кезде жәрдемақы төлеу, мүлікті тасымалдау, теміржол, су және автомобиль көлігімен жол жүру шығындарын өтеу ұсынылып отыр.
Бұған қоса соғыс немесе төтенше жағдай, терроризмге қарсы операция кезінде, қарулы қақтығыс жағдайында, сондай-ақ төтенше жағдай жарияланған аймақтарда жұмыс істегені үшін үстемеақы белгіленеді. Үстемақы қаражаттың 3 еселенген мөлшерінде төленеді, ал еңбек өтілінің бір күні үш күнге есептеледі.
Сонымен қатар өрт сөндіруші-құтқарушылардың баспананы жалға алу шығындары өтеледі. Егер өрт сөндіруші немесе құтқарушы жауынгерлік жағдайда қызметтік міндетін орындау кезінде зардап шексе, санаториялық-курорттық негізде оңалтуға құқығы болады.







