Шиелі ауданының шенеуніктері есебін қабылдату үшін бас маманға азық-түлік жеткізген

661
Қызылорда облыстық ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары, Шиелі ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы есебін қабылдату үшін қарамағындағылардан ақша жинаған, деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қызылорда облыстық Әділет департаментінің бас маманына азық-түлік жеткізген шенеуніктер жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген жасырын тексеруден кейін белгілі болған.


Қызметкерлердің бірі аталған факт бойынша антикорға арыз түсіргендігі мәлім болды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңесінде жеті мемлекеттік қызметшіге қатысты тәртіптік іс қаралған. Алайда, барлық ауылдық округтің құқықтық мәселемен айналысатын қызметкерлерінен жүйелі түрде 2000-5000 теңге көлемінде қаражат жинағандығы расталды. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Бағдат Әбдіқадыров айтты.


– Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті азаматтың берген арызы бойынша Қылмыстық кодекстің 28-бабы 4-бөлігі, 367-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелген қылмыстық іске қатысты тергеу жүргізді. Жасырын жедел-іздестіру іс-шаралары барысында олар Шиелі ауданының бірқатар лауазымды тұлғасы Қызылорда облысы Әділет департаментінің бас маманы үйіне азық-түлік жеткізгенін анықтады. Оқиға жалпы есеп беру кезеңі жақындағанда болған, деді ол.


Айта кетейік, мемлекеттік қызметшілерге Әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін құқық бұзуға және теріс қылық жасауына жол берілмейді.


Қызылорда облысының Әдеп жөніндегі кеңесі қызметтік тергеу материалдарын қарап, барлық 7 мемлекеттік қызметшінің әрекетін құқықтық тұрғыдан бағалап, олардың алтауына қатысты мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы шешім шығарылған. Ал, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Әдеп кодексінің нормаларын бұзғаны үшін қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жазаға тартылды.