Тестілеуден өте алмаған мұғалімдер жалған анықтамамен заңсыз үстемақы алып келген

558

Ақтөбеде 70 мұғалім жасанды құжат арқылы 2-3 жылдан бері жалақысына заңсыз үстемақы алып келген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі qazaqstan.tv арнасына сілтеме жасап.


Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік пен білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті жүргізген тексеріс нәтижесінде белгілі болды.


Тағы 53 мұғалімге арнайы тестілеуден өте алмаса да өтті деген жалған анықтама берілген.


Заңсыз әрекетке барған педагогтар мемлекетке 100 миллион теңгеден аса қаржыны қайтаруы тиіс. Оларға жасанды құжат берген мекемелер де тексеріледі.


"Қағаз түрінде алып келген сертификаттары мен базадағы балл екеуі сәйкес келмейтіні анықталып отыр. Олардың айырмашылығы тіпті оннан 35 баллға дейін барып отыр. Олар заңбұзушылыққа барып отыр ғой, бұл ретте олардың санаты педагогқа дейін түседі және бес жылға дейін аттестаттаудан өте алмайды", - дейді облыстық Білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнара Сәрсенғалиева.