1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні

281

1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Қазақстан ондаған жылдар бойы көптеген ұлттар мен ұлыстардың Отаны болып келеді. Бүгінде түрлі ұлт өкілдері Қазақстанды өз жерім деп біліп, қазақ халқын туғанындай көреді. Осыған орай, қазақстандықтардың басын біріктіретін бірден-бір мереке – 1 мамыр – Қазақстан халықтары бірлігі күні деп атап өтіледі.

Қазақстан халқы бірлігі күні Қазақстанда қалай атап өтіледі

 Қазақстандықтар жыл сайын 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтеді. Бұл мереке 1995 жылдың 18 қазанында белгіленіп, мейрам 1996 жылдан бастап кеңінен тойланып келеді. "Мерекелер туралы" ҚР Заңында ол мемлекеттік мәртебеге ие, сол себепті бұл күн елде ресми түрде демалыс күні деп бекітілген. Биыл 1 мамыр жексенбімен тұспа-тұс келгендіктен, заңға сәйкес (5-бап) келесі дүйсенбі күні, яғни 2 мамыр қазақстандықтар үшін демалыс күні деп жарияланды. 

Жалпы елімізде бұл мерекенің пайда болуына ел халқының ұлттық құрамының ерекшеліктері мен өзгерістері бірден-бір себеп болды. ХХ ғасырға дейін республика көлемінде титулды ұлт – қазақтар басым болса, соңғы он жылдықта ел аумағына түрлі себептермен өзге ұлт өкілдері келіп қоныстанып, тұрақтап қалды. Төменде басқа ұлттардың Қазақстанға көшуінің басты себептерін ұсынбақпыз: 

ХХ ғасырдың басында қазақтың бос жатқан жерлеріне Орталық Ресей губерниялары шаруаларының қоныс аударуы. 

КСРО-дағы ұжымдастыру саясаты және 1930 жылдардағы ашаршылық қазақ халықтың санын едәуір азайтты. 

Содан бастап жылдар бойы Қазақстан аумағына өзге мемлекеттерден миллиондаған азаматтар қоныс аударды: поляктар, украиндықтар, литвалықтар, Поволжье немістері, Кавказ халықтары және т.б. ұлт өкілдері. 

1950 жылдары бүкіл КСРО-дан қоныс аударушылардың тағы бір толқыны тың игеру үшін қазақ еліне табан тіреді. 

Нәтижесінде Қазақстандағы қазақтардың саны біршама азайды (кей жылдары олардың пайыздық үлесі тіпті 30%-дан аспады). Жағдай тек КСРО ыдырағаннан кейін ғана өзгерді. Одақтас республикалардың бөлінуі және өздерін егемен ел деп жариялауы нәтижесінде, елден көптеген еуропа ұлттары үдере көше бастады. Десе де жылдар өте келе елде бала туу көрсеткіші артып, жергілікті тұрғындар саны өсті. Бүгінгі таңда қазақ халқы ҚР-дағы негізгі этникалық топты құрап отыр. 

КСРО ыдыраған жылдары, кейін де Қазақстаннан көшіп кеткен ұлт пен ұлыстар саны көп болса да, олардың кейбірі Қазақстанды өз Отаны деп қабылдап, күні бүгінге дейін елде тұрақтап қалды. Міне осы ұлт пен ұлыстардың бірлігі мен олардың мызғымас ынтымағын айғақтайтын бірден-бір мереке – Қазақстан халықтарының бірлігі күні болып отыр. Елімізде бұл мереке – патриотизм мен адалдық мейрамы ретінде қабылданады. Елімізде тұратын басқа этностардың барлық топтары өздерінің ұлттық дәстүрлерін, мәдениетін, өзіндік ерекшелігін сақтауға мүмкіндік алды, бұл әрбір халықтың дамуы үшін негіз қалаушы болды.

 Қоныс аударушылардың өздері үшін үйге айналған Қазақстанға деген алғысы жаңа Отанға деген адалдық пен махаббатқа әкелді. Қазақстан халқының бірлігі күні бұл қарым-қатынасты білдіреді, барлық этностардың одан әрі бірігуіне, достық пен келісімде бірге өмір сүруіне қызмет етеді. Ұлттық мәселені дұрыс шешу ауыр ұлтаралық қақтығыстарды болдырмауға көмектесті, елімізде сындарлы этносаралық қатынастар қалыптасты. Республика аумағында тұратын барлық өзге ұлттар өз салт-дәстүрлері мен мәдениетін, тұрмыс-салтын сақтап қалуға мүмкіндік алды. Сол себепті еліміздегі көптеген басқа ұлттар мен ұлыстар қазақ халқына тек алғысын айтады.

Қазақстан халқы бірлігі күні - еліміздегі барлық ұлттардың ынтымағы мен бірлігін нығайтатын, достастық қарым-қатынасты нығайтатын айтулы мереке болып қала бермек. Бұл ретте ұлтаралық татулықты сақтаудағы ел саясатының рөлі де басым болды. Оған дәлел, бүгінгі күнге дейін Қазақстанда ұлтаралық қақтығыстардың болмауы, керісінше олардың арасындағы конструктивті этникааралық қарым-қатынастың дамуы болып отыр. 

Мерекенің ерекшеліктері және оны атап өтуге қатысты салт-дәстүрлер 

Кеңес заманында 1 мамыр жұмысшылардың өз құқықтары үшін күресін дәріптеу мақсатында, жұмысшылардың халықаралық ынтымақтастық күні ретінде аталып өтті және бұл күні барлық жұмысшыларға құрмет көрсетілді. 1 мамыр неліктен Бірлік күні деп аталады? Тәуелсіз Қазақстанда еңбекшілердің ынтымақтастығы мерекесі жаңа сипатқа ие болды. Ол елдің тарихи ерекшелігін — оның көпұлтты құрамын көрсететін, бейбіт елде ұлттар мен ұлыстар татулық пен бірлікте өмір сүре әрі дами алатындығын насихаттайтын айтулы күнге айнала білді. 

1995 жылы ҚР ел президенті басшылық ететін, әлемнің басқа бірде бір елінде кездеспейтін, Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды теңдессіз ұйым құрылды. Ол жалпықазақстандық бірлік моделін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады және ұлттық мәселеде мемлекеттік саясатты іске асыра отырып, қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз етеді. 

Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық қатынастар саласындағы барлық құрылымдардың жұмысын, оның ішінде еліміздің барлық өңірлеріндегі көптеген этномәдени бірлестіктерді дамыту жұмысын үйлестіреді. Мұндай мәдени орталықтар еліміздің барлық қалалары мен елдімекендеріндегі Қазақстан халқының бірлігі күніне орай өтетін салтанатты іс-шаралардың басты ұйымдастырушылары болып табылады. 

Қазақстанда 1 мамырды қалай атап өтеді? 

Мерекеге дайындық алдын-ала басталады – әр қала немесе ауыл тұрғындары тұрғылықты жерін ретке келтіріп, жолдар мен тротуарларды, саябақтар мен аулаларды қыстан кейін тазалайды, ағаштар мен жол жиектерін ағартады, көшелерге мерекелік көрініс береді. Сондай-ақ мерекеге қатысты елде қалыптасқан ерекше дәстүрлер де бар: 1 мамыр күні ертемен ҚР Президенті аталған жалпыхалықтық мерекемен барлық ел тұрғындарын құттықтайды. Салтанатты шара еліміздің түкпір-түкпірінен келген талантты жұлдыздар мен шығармашылық ұжымдар қатысатын мерекелік концертпен жалғады Бұл күні елдің түкпір-түкпірінде түрлі мерекелік іс-шаралар, жәрмеңкелер өтеді, балаларға арналған ойын алаңдары жұмыс істеп, байқаулар мен шерулер ұйымдастырылады. Түрлі этностардың мәдени орталықтары көрмелер, байқаулар, фестивальдар өткізеді, өздерінің ұлттық шағын музейлерін ашады. Бұл қазақстандықтарға өзге ұлттардың мәдениеті, әдет-ғұрыптары және салт-дәстүрлерімен таныстыруға мүмкіндік береді.