Бейтаныс адаммен ішімдік ішкен Петропавл тұрғыны 1 млн теңге қарыз болып қалды
Петропавл тұрғыны бейтаныс адаммен спирттік ішімдік ішіп, салдарынан алаяққа 1 млн теңгеге жем болды.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қалалық полиция басқармасына білім беру мекемесінде жұмыс істейтін қала тұрғыны арызданған.
Айтуынша, демалыс күндері ол бос уақытын көңіл көтеретін орында өткізіп, сонда 26 жастағы қала тұрғынымен танысқан. Кейін олар жалға алынған пәтерде спирттік ішімдік ішуді жалғастырған. Жәбірленуші көп ұзамай ұйықтап кеткен, ал келесі күні атына 999 158 теңге несие алынғанын білген. Оның телефоны құпия сөзбен қорғалмаған екен. Жаңа танысы займды мобильді қосымша арқылы ресімдеген.
Тәртіп сақшылары жәбірленушімен бірге спирттік ішімдік ішкен жігітті бірден анықтады. Несиені ол төрт ұялы телефон сатып алуға жұмсаған.
"Аталған факті "Алаяқтық" бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті бұрын да сотты болған. Тұрғындарды сақ болуға және бейтаныс адамдарға сенім білдірмеуге шақырамыз.
Алкогольді асыра пайдаланудың соңы көбіне қылмыстың жасалуына себепші болатынын естен шығармаған жөн. Бұдан бөлек, мобильді құрылғыға құпия сөз орнату маңызды. Өйткені, бүгінгі таңда ұялы телефон байланыс қана емес, қаржы операцияларын жасау құралы ретінде да пайдаланылады", - дейді Бірінші полиция бөлімшесінің бастығы Тілеген Әлжанов.