"Нан секілді күнде бір қаптан сатып аламыз": Солтүстік Қазақстанда көмір тапшылығы мәселесі әлі шешілмеген
254
Еліміздің солтүстігіндегі көмір сататын орындарда кезекте тұрған адам да, көлік те көп. Өйткені бүтін бір облысқа Шұбаркөлдің көмірі бір аптада тек бір ақ рет жеткізіледі екен. Оны алу үшін жұрт таңнан кезекке тұрады, бірақ сонда да барлығына жете бермейді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Жаңа жыл жақындаған тұста бір қап көмірге қол жеткізе алмаған тұрғындар Шұбаркөлдің көмірін сататын орынға жұрт таңертеннен бері жиналған. Кейбірі тіпті бір аптада бір рет қана жеткізілетін отынды алу үшін таңғы бестен бастап кезекке тұрған. Өйткені вагон жетіспегендіктен солтүстікте сұранысқа ие Қаражыра мен Майкүбінің көмірі жарты айдан бері жоқ. Ал қазба байлықтарына бай елде көмір жоқ деген өте ұят. Бұл биліктің қолдан жасап отырған тапшылығы дейді жұрт.“Билік бір жарым ай бұрын халықты 95 пайыз көмірмен қамтыдық дейді. Сонда біз мына жерде еріккеннен жүрміз бе? Меніңше, керісінше тұрғындардың 5 пайызы ғана қамтылды да, 95 пайызы әлі көмірсіз отырған сияқты”, – дейді тұрғын Азамат Елеусізов.
Тұрғындардың сөзінше, ауылдағы азаматтардың тең жартысы әлі көмірсіз отыр. Сол себепті жүк көліктері мен камаздарға тиеп әкетуде. Ал қолдарына көмір тимегендер қапқа салып, қымбатқа сатып алып жатыр.
“Мұндай Үкіметтің не керегі бар? Енді міне, қараңыз. Жұрт көмірді көлікпен ала алмағаннан кейін қаппен әкетіп жатыр. Мысалы 25 кг 700 теңге дейді. Сонда 50 кг қабың 1500 теңге. Енді ол нан емес қой. Күндегісін күнде әкеп жейтін”, – дейді тұрғын Самат Есмағи.
Яғни, көмір тапшылығын пайдаланып алыпсатарлар бағаны да аспандатып жіберген. Сондықтан отынның бір тоннасы отыз мың теңгеге дейін барады. Ал көмір сататын қойманың өкілдері ақша болмағандықтан халық қаппен алуға мәжбүр дейді.
“Бір ғана орын жұмыс істеп тұр. Қалғандарында көмір жоқ. Содан кейін осындай аласапыран болып жатыр. Басқа аудандарда да көмір жоқ. Ол жаққа әкімдік жіберген камаздарға тиеп жіберіп жатырмыз”, –дейді көмір сату орнының өкілі Мұратхан Тұрмыхаметов.