ҚАЗАЛЫДА ТЫНДЫРЫМДЫ ТІРЛІК КӨП

1 115

Фото: Қазалы аудан әкімдігіПарламент депутаттaры Наурызбай Байқадамов, Мұрат Ергешбаевпен бірге Қазалы ауданына жасаған жұмыс сапарымыз – елдің инфрақұрылымдық әлеуетін бағалау ғана емес, халықтың өмір сапасын арттыру жолындағы нақты қадамдарды көзбен көру, елмен етене байланыс орнату мақсатында жүзеге асты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. .

Сырдария – Сыр бойының символы. Бірақ бұл өзен кейбір ауылдар үшін көлік қатынасына кедергі келтіріп келгені рас. Бүгінде бұл түйткілді шешу жолында нақты жұмыс атқарылуда. Қарлан көпірі – жолдың қысқаруы, уақыттың үнемделуі, қауіпсіздіктің артуы, ең бастысы – халықтың жайлы тұрмысы.

Сондықтан ел үшін көптен күткен, аса маңызды нысан саналады. Бұл – тек құрылыс емес, тұтас өңірдің тынысын кеңейтетін көлік артериясы. Көпірдің сапалы әрі уақытылы аяқталуы – облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тікелей  назарында. Өйткені бұл тек ауылдың ғана емес, бүкіл ауданның, облыстың экономикалық қан тамырына айналуға тиіс.

Содан кейін Өркендеу ауылдық округіне барып,  Жанкент қаласының тарихи орнында жергілікті тұрғындармен кездестік. Елді мекен тұрғындарымен өткен ашық әрі мазмұнды диалогтан көп нәрсені көңілге түйдік. Халықтың басты қалауы – тұрақтылық, әділдік және нақты әрекет. Ауылдағы тіршіліктің тынысын көріп, қарапайым халықтың еңбекқорлығына тағы бір мәрте тәнті болдық.

Бүгінгі сапар аясында Жанкент тарихи-археологиялық кешеніне арнайы ат басын бұрғанымыздың мәні зор.

Бұл – біз үшін жай ғана көне шаһар емес, ұлт жадының алтын арқауы. Жанкент – Сыр бойының терең тарихын, бабаларымыздың өркениеттік мұрасын паш ететін қасиетті мекен.

Тарихи деректерге сүйенсек, Жанкент – Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі рухани-мәдени, сауда-саттық орталықтарының бірі болған. Мұнда ағартушылық қызмет те дамып, Ұлы дала елінде ғұлама ғалымдар өмір сүрген. Қорқыт атаның есімімен осы қаланың байланыстырылуы да тегін емес.

Біз тарихи жадымызды құрметтегенде ғана болашаққа нық қадам жасай аламыз. Сондықтан Жанкент қалашығын тек насихаттап қана қоймай, ондағы қалпына келтіру жұмыстарына да ерекше мән беруіміз қажет. Алдағы жылы Ұлттық Құрылтай біздің өңірде өтетіні белгілі. Сол сәтте қонақтарға Қорқыт ата кесенесі кешенін ғана емес, Жанкент қалашығын да таныстыру – үлкен мәртебе болары сөзсіз.

Сондай-ақ, сапар барысында Қазалыдағы тұрақты орман тұқымбағының жұмысымен таныстық. 

Ісссапар аясында Қазалы аудандық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері және жергілікті тұрғындармен де кездесіп, Парламент тарапынан атқарылған жұмыстар туралы ақпаратты халық назарына жеткізіп, тұрғындардың көкейіндегі ой-пікірлерін тыңдадық. 

Бүгінгі жүздесу – өз жұртшылығымызбен, өз түбірімізбен тағы бір мәрте терең байланыс орнатқан, рухани жаңарған сәтіміз болды.

Әр ұсыныс, әр сұрақ – біз үшін басты бағыт.