Сұранысқа ие табиғи өнім

1 501

Kyzylorda-news.kzМал шаруашылығын дамыту ата кәсіпті ақсатпау ғана емес, нарықтық қоғамда таза табиғи өнімді тұтынып, кәсіптің зерттелген, нәтижелі түрі болуымен маңыздылығын арттырды. Шаруашылықтың бұл түрін қолға алып, тұрмысын тіктегендер Қазалы ауданында да көптеп кездеседі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


Қазіргі таңда округ орталығына жақын орналасқан Қазалы қаласында мал азығына қолданылатын өнім жемдік азықпен жергілікті түлік түрлерін қамтамасыз ететін берекелі бизнестің бұйдасын ұстап отырған Сахитжан Игіліктің игі бастамасы көпті сүйсінтіп келеді.


Құрама жем – арнайы рецепт бойынша жасалған азықтың майдаланған дайын қоспасы. Ол дән, қатқыл азықтар, өсімдік және шөп ұны, техникалық, химиялық және микробиологиялық өнімдер арқылы әзірленеді. Қазалылық құрама жем құрамында малға қажет барлық қоректік заттар қамтылған.


Өнеркәсіптің аталмыш түрі жергілікті агроөндірістік кешеннің маңызды бөлігі. Бүгінде дүниежүзінің барлық елдерінде жемнің құны жыл санап асқақтап барады. Оларды өндіруге қажетті ресурстар азайып барады. Сонымен қатар, құрама жемнің көптеген құрамдас бөліктері тапшылығы, кейбіреулері өзге мақсаттарға пайдаланылуы себеп болып отыр. Дәстүрлі энергетикалық ресурстардың қымбаттауы мен азаюы мал азығының жаңа түрін дамытудың қажеттілігін тудырып отыр.


«Бұған дейін бизнес дегеннің не екенін білмейтін едік. Жұмыссыз жүрген ұлым бір күні құрама жем өндіру арқылы сұранысқа ие кәсіп түрін шығара алатынымыз туралы ойын айтты. Алғаш «қалай болды екен?» деп уайымдағанымызбен, арада аз уақыт өткенде сәті туып, істі бастауға мүмкіндік туды», – дейді алғашқы әсерлері туралы Сайран Оразымбетова. Ұлының ұтымды ұсынысын қолдаған ана жолдарын іздеп, кәсіп ашуға бел буады. Осы жылдың ақпан айында ізденісін арттырған Қазалы қаласының тұрғыны Сайран Оразымбетова жеке кәсіпкер атанады.


Өз ойларын Қазалы қаласы әкімдігіне барып жеткізеді. Бұл жердегілер отбасылық кәсіпті қолдап, бизнес жоспар түзу, қорғау жолдарын нұсқайды. «Ізденген жетер мұратқа» дегендей, дұрыс бағыт бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен несиеге қол жеткізеді. «Жас келсе, іске» дегендей, ауданда жоқ өндіріс түрін қолға алған бастамашы бизнес иелеріне барлығы қолдау білдіреді.


"Тәуекел етпеген мұратына жетпейтінін кейіпкеріміздің әрекеті ұқтырғандай болды. «Біздің тірлігіміз, шын мәнінде, тәуекелге бас тігумен бірдей еді. Кетірген қаражат, ысрап еткен уақыт өзін өтемесе, қалай болады» деген ой жоқ, қажеттілікті қамтамасыз ете алатын болғаным көкейге қуаныш ұялатады. Аллаға шүкір, жайлап жұмыс ауқымы кеңейіп келеді», – дейді Сахитжан Игілік.


Бүгінде ол өндіріске қажетті шикізатты қайдан алуы керек, қалай пайдалануы керек, оны әзірлеуде қандай үдеріс барын жақсы меңгерген. Ықыластылар болса, үйретуге де әзір. Шетелдік құрылғылар істен шыға қалса, оны жөндеп, қалпына келтіруге де машықтанған. Қиын да, қызықты жұмыс өз ырғағымен жүрсе, мақсатқа тез жетуге болатынымен бөлісті.


Базарда құрама жемнің бір келіге шаққандағы құны – 350 теңгені құраса, Сахитжан шығаратын жаңа жем – 250 теңгеден сатылады. Әзірге алып сатарлар, көршілес аудандар тұрғындары, айналадағы алыс-жақын ағайындар мен таныстар тапсырыс беріп отыр. Жақын уақытта жем сататын жаңа орын ашу идеясы да ойында бар.


«Біз үй жануарларын құнарлы азықпен азықтандыра отырып, дәстүрлі азықты алмастыратын, зиянды қалдықтарды азайтуға атсалысамыз. Құнарлы құрама жем малдың қоректік минералдық және биологиялық белсенді заттарға деген қажеттілігін өтейтін өнім. Дән, кебек, күнжара, пішен, сабан, балық ұны, немесе сұлы, сұлы ұны сияқты жеке азықтар бидай кебегі сияқты біртекті қоспалар малдың қоректік заттарға деген қажеттілігін толық өтей алмайды», – дейді жаңа жемшөп жасаушы.