Қызылордадағы тәулік бойы күзетілетін түрмеде зауыттың техникалары қолды болды

398

Қызылордадағы түрмеде жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтып отқан зауыттың барлық техникасын белгісіз біреулердің ұрлап кеткен, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.



Санат Шалболов түрменің аумағынан блок шығаратын шағын өндірісті 2017 жылы ашқан. Зауытта 20 шақты сотталушы жұмыс істеген. Бірақ осыдан екі жыл бұрын түрме аумағында болған өзге қылмыс бойынша тергеу басталғандықтан құзырлы орган өкілдері зауытты уақытша жаптырыпты. 2022 жылы іс аяқталған соң кәсіпкер бағасы 32 миллион теңге болатын құрал-жабдықтарын таппай қалған. Тіпті блок шығаруға арналған шикізатты да қолды еткен. Түзету мекемесінің қоршау биіктігі 6 метр әрі тәулік бойы күзетіледі екен. Бұған қарамастан ірі көлемде ұрлық жасағандар әлі анықталмаған. Енді кәсіпкер тірі жан не сыртқа, не ішке рұқсатсыз кіре алмайтын түрмедегі осы қылмысқа мекеменің қызметкерлерін кінәлап отыр. 


“Бұл жерде жазасын өтеушілер, әскерилер, сосын осы мекеменің қызметкерлері ғана бар. Әскерилер ала алмайды. Жазасын өтеушілерге оның не керегі бар? Демек ешкімнің рұқсатынсыз осында кіріп-шыға алатын түрменің қызметкерлерінен күдектенемін. Ал бұл жайлы қазірге дейін құзырлы органдардың барлығына 20-дай арыз жолдадым. Бәрі бір-біріне сілтеп отыр”, – деп ашынады кәсіпкер Санат Шалболов. 


Кәсіпкер 1 жылдай уақыт өтсе де түрмеде қылмыс жасаған күдіктілердің табылмағанына шағымданады. Ал түрме басшысы өзінің қызметке жақында ғана келгенін алға тартып отыр. 


“ЖШС "EST-Kzo" бойынша бейхабармын. Қазіргі таңда арыздары бойынша құзырлы органдар айналысып жатыр. Жауабын солар береді”, – деді Қызылорда қаласындағы №60 қауіпсіздігі аралас түзету мекемесінің бастығы Мақсұт Өтетілеуов.


Қазір аса ірі мөлшердегі ұрлық дерегі бойынша тергеуді полицейлер қолға алған. Ал кәсіпкер Санат Шалболов осы қылмысқа қатысы бар барлық қызметкерлер жазасын алып, қолды болған заттарымды өндіріп берсін деп талап қойып отыр.