Сыр еліндегі инновациялық технологияларды оқу үдерісіне пайдалану ерекшеліктері

102

Мақалада инновациялық технологияларды оқу үдерісіне пайдалану ерекшеліктері қарастырылған,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі

 «Инновация» ұғымының терминдік мәнін ашып, анықтама берген отандық ғалымдарыдың бірі – Н. Нұрахметов. Қазіргі таңда оқу үдерісіне «жаппай» енгізіліп жатқан инновациялық технологиялар көкейкесті мәселелердің тоғысында пайда болып, оқу үдерісіндегі әдістемелерге жаңаша тұрғыдан қарап, оны үздіксіз жаңғыртуға бағытталады. Осыған орай кез-келген студенттің қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын заманауи инновациялық технологияны меңгеруге ұмтылуы керек.

Инновация – латын тілінің «novatio» және сөзалды «in» қосымшасының бірігуі арқылы жасалған термин. Қазақ тілінде алғашқысы «жаңару, өзгеру» болса, кейінгісі қазақ тіліндегі барыс септігінің орнына жұмсалатын грамматикалық бірлік. Демек, инновация кірме сөзін калька тәсілімен аударып, қазақша жаңаруға, өзгеріске қарай бет алу деп түсіндіруге болады.

Ғалымдардың айтуына қарағанда, инновация термині ХІХ ғасырда жазылған ғылыми зерттеулерде кездеседі. ХХ ғасырда шетелдік экономист ғалымдардың (Й. Шумпетера) еңбегі арқылы кеңінен таныла бастаған. Алайда оның қазіргі қазақ тілінің сөздік құрамына еніп, пәрменді қолданысқа ене бастаған кезі деп ХХІ ғасырды айтуға болады. Дәлірек айтсақ, 2010 жылғы Елбасы Жолдауынан кейін «инновация» термині таза экономикалық категория болғанына қарамастан, қоғам өмірінің барлық салаларына қатысты шығармашылық ой, идеялар ұғымында қолданыла бастады. Және осыған байланысты технологиялық инновация және әлеуметтік инновация деп аталатын түрлерге жіктелді. Ғаламтордағы мәліметтерге сүйенсек, технологиялық инновация азық-түлік өнімдерінің, тұрмыстық техникалардың, басқа да құралжабдықтардың түрін көбейтіп, сапасын жетілдіруге немесе олардың жаңа түрін ойлап табуға бағытталған технологиялық шешім. Ал инновацияның әлеуметтік инновация деп аталатын түрі адам өмірін жақсартуға мүмкіндік беретін салаларды, атап айтқанда білім беру, денсаулық сақтау, қайрымдылық, басқару жүйесі, т.б. жетілдіру жолдары.

Міне, сондықтан қазіргі кезеңде жоғары оқу орындарында инновация және инновациялық қызмет мәселесіне ерекше ден қойылуда. Біздің қоғамдаға нарықтық экономика жағдайында бәсекелестік қабілетті арттыру тікелей осы инновациялық шешімдер мен қызметтерді қажет етеді.

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауының баға жетпес құндылығы айқын бағыт-бағдар үлгісі ретінде ұсынуы. Демек, «Қазақстан – 2050» стратегиясы құбылмалы тарихи жағдайдағы жаңа Қазақстан үшін жаңа саяси бағыт өлшемі. «Қазақстан – 2050» бағдарламасының басты мақсаты еліміздің XXI ғасырдың ортасында әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енуі болып табылады. Жолдауда тіл саясатына елді біріктіруші басты фактор ретінде басымдық бере отырып, Елбасы: «Мен 2050 жылғы қазақстандықтар – үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы екеніне толық сенімдімін. Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек» -деп айқын мақсат қойды. Қазіргі таңда кез-келген маманның кем дегенде үштілді меңгеруін қоғам талап етіп отыр. Ғылым мен техниканың барлық саласында қарқынды дамып жатқан ақпараттықтехнологиялық үрдістер бәсекеге қабілетті маман даярлаудың жаңа үлгісін ұсынды. Осы үдеден шығу мақсатында білім беру жүйесіне де алуан түрлі заман талабына сай амал-тәсілдер енгізілуде. Бүгінде кеңінен қолданыс тапқан «инновация» сөзіне ғалымдар бірнеше анықтама берген: «Инновация – белгілі бір топқа жаңа болып табылатын идея» немесе «Инновация – арнайы өзгеріс». Ал елімізде «Инновация» ұғымына тұңғыш рет зерттеуші Н. Нұрахметов анықтама берді. Зерттеушінің пікірінше: «Инновация дегеніміз білім беру мекемелерінің жаңалықтарды жасау, меңгеру, қолдану және оларды таратуға қатысты қызметі». Инновация білімнің мазмұнында, әдістемесінде, технологиясында, оқу үдерісін ұйымдастыру барысында айқындалады.

Қазіргі таңда оқу үдерісіне «жаппай» енгізіліп жатқан инновациялық технологиялар баршылық. Әрине, инновация көкейкесті мәселелердің тоғысында пайда болып, оқу үдерісіндегі әдістемелерге жаңаша тұрғыдан қарап, оны үздіксіз жаңғыртуға бағытталады.

Инновациялық білім беру – іскерліктің жаңа түрі. Инновациялық қызмет оқу ісін дамытуға, пәндердің мәнін тереңдетуге, оқытушының кәсіптік шеберлігін арттыруға басқа жаңа технологияларды енгізуге, пайдалануға және шығармашылық жұмыстар жүргізуге бағытталған. Мұндай технологияларды қолдану – біріншіден, оқытушы ұтады, яғни ол сабақты тиімді ұйымдастыруға көмектеседі, оқушының пәнге деген қызығушылығы артады, екіншіден, оқушы ұтады, себебі оның тақырып бойынша танымы кеңейеді. Осылайша білім берудің қалыптасқан әдістемесіне оқытудың жаңа технологиясы тұрғысынан өзгерістер енгізілсе, білім сапасы да арта түспек .

Инновация дегеніміз – жаңа мазмұнды ұйымдастыру, жаңалық енгізу, жаңа үлгілердің бағытындағы нақты әрекет, нақтыланған мөлшердің шегінен шығатын кәсіптік іс-әрекеттің жаңа сапалы деңгейге көтерілуі, жаңа нәтижені қамтамасыз ететін жаңа теориялық, технологиялық және педагогикалық іс-әрекеттің біртұтас бағдарламасы. Кәсіптік білім беру жүйесінің негізгі міндеті – белгілі бір көлемдегі білім берумен шектелмей, алынған кәсіптік білімді адам өз қажетіне, өмірдің нақты жағдайларында қолдана біліп, қоғамға пайдасын келтіру.

Ғылым мен техниканың қарқынды дамып, ақпараттар ағыны заманында білім алушылардың тұлға ретіндегі өзіндік ой-пікірлерін қалыптастырып, қабілетін, талантын дамыту барлық деңгейдегі білім беру мекемелерінің басты міндеті болып табылады. Оқу үдерісіне қоғамның жаңа қажеттіліктеріне сәйкес инновациялық тәсілдерді енгізу, оқытушының қажымас ізденімпаздығы мен шығармашылық жемісін талап етеді. Осыған орай кез-келген студенттің қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын заманауи инновациялық технологияны меңгеруге ұмтылу керек. Себебі мемлекеттік білім стандартына сәйкес оқу үдерісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық технологияларды, білім алушылардың білімін қадағалаудың инновациялық бақылау-өлшеу құралдарын енгізуді жүктейді.

Оқытудың жаңа педагогикалық технологиясы – оқытуды ізгілендіру, өзін-өзі дамытып, тәрбиелей білетін, заман ағымына ілесе алатын кәсіби, білікті, жан-жақты жеке тұлға қалыптастыруды мақсат етеді. Оқушылардың кәсіби білім сапасын арттырумен бірге өз қабілетіне қарап, өзін-өзі дамыта отырып, өзіне сын көзбен қарауға мүмкіндік береді. Танымдық белсенділігін арттырып, шығармашылық қабілетін дамытады.

Оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, дамыту міндеттерін көздейді. Оқытушының жеке тұлғаны зерттеуіне, оны толық танып, білуге және оқытудың мақсатына жетуге тиімді, әрі нақты жол ашады. Болашақ маман иелерінің бойында білімділік, біліктілік, саналылық, жауапкершілік қасиеттерін сіңіруде, яғни кәсіби құзыреттілікті қалыптастыруда жаңа технологияны қолданудың ролі зор. Сонымен қатар технологияны тиімді пайдалана білу оқытушының шеберлігі мен іскерлігін және кәсіби құзыреттілігін шыңдауға әсерін тигізеді.

Жаңа педагогикалық технологияны меңгеру барысында оқыту міндеттері жаңаша сипат алады:

    педагогикалық қызметтің өзекті мәселелерін білу;

    оқу бағдарламасының түрлендірілген нұсқауларын құрастыру;

    оқу моделін құрастыру;

    оқу жобаларының мазмұнын анықтау;

    оқушылардың жаңа материалды меңгеруінде деңгейленген жаттығулар жасау;

Жаңа технологияны енгізу барысында оқытушы-профессорлардың зияткерлігі мен парасаттылығы, белсенділігі, шығармашылық ізденісі, шәкірттерінің білімін бағалауы шешуші роль атқарады. Қазіргі таңда білім беру үдерісінде кеңінен қолданылып жүрген бірнеше инновациялық технологияларды атап көрсетуге болады:

    проблемаға бағытталған оқыту;

    топтық бағытталған оқыту;

    рөлдік ойындар;

    презентациялар;

    пікірсайыстар;

    кейс-стади;

    миға шабуыл әдісі;

    сұрақ-жауап ойындары;

    іскерлік ойындар;

    мамандық саласына байланысты конференциялар

    көкейкесті мәселені талқылауға арналған он-лайн, вебинарлық конференциялар.

Білім алушылар әлемнің кез келген аумағында білімін әрі қарай жетілдіруге, еңбек нарығында сұранысқа ие қызметтерді атқаруға және жаңа технологияларды меңгеруге қабілетті, аса белсенді болуы тиіс. Оқу үдерісінде өріс алған интерактивтік оқыту әдістері де студенттердің белсенділігін арттыруға орасан зор ықпал етеді. Мұндай әдісті қолдану барысында білім алушылар өзінің өмірлік тәжірибесіне, жеке ой-пікіріне, біліміне сүйенеді.

Ғылыми-техникалық прогрестің қарыштап дамуы, маман даярлауға да заманауи талаптар қояды. Қоғамның мүддесінен шығатын, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман даярлау кез келген жоғары оқу орнының ең басты міндеті екені айқын. Бұл орайда оқытушы-профессорларға үлкен сеніммен қатар, орасан зор жауапкершілік те жүктеледі. Студенттерді әлемдік білім беру стандарттарына сәйкес оқыту қажет. Маман дайындаудың жаңа бағыттағы өзгерістері шығармашылық тынымсыз ізденісті, ұтқырлықты талап етеді.

Оқытудың білімге бағдарланған дәстүрлі түрін құзыретті-бағдарланған оқыту түріне алмастыру әдісінің де ғылыми-әдістемелік негізі назар аударуға тұрарлық. Мұнда сабақ барысы пәннің мазмұнына және мамандық бағытына қарай бес бөлікке бөлініп оқытылады: өзін-өзі жетілдіру құзыреттілігі, құқықты құзыреттілік, коммуникативті құзыреттілік, бейімділік және дағдылар, білім.

Инновациялық оқыту технологиясы ғылыми-педагогикалық қызметтің айрықша үлгісі болып табылады. Инновациялық оқыту технологиясын меңгеру үшін кәсіби біліктілікті мамандардың тәжірибесін жұмылдыру қажет. Яғни, оқытушы өзінің кәсіби мамандығын педагогикалық шеберлікпен және шығармашылықпен ұштастырып, іскерлік дағдыны қалыптастыруы тиіс. Кез келген ұстаз заманауи инновациялық технологияны меңгеру барысында өзін-өзі дамытады және өзін-өзі қалыптастырады. Студенттерді кез келген жағдайға бейімделіп, инновациялық жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана алатындай деңгейде тәрбиелеу қажет. Білім алушылардан мұндай даярлықты талап ету үшін, оның ең басты көрсеткіштерін айқындау қажет.

Біріншіден, таным тұрғысынан қызығушылықты қалыптастыру қажет. Әрбір маман өзінің болашақ мамандығын жақсы көріп, кәсіби шеберлігін дамытуға ұмтылып, кәсіпкер-маман ретіндегі жеке біліктілігін арттырып, нарық сұранысына сәйкес өсуге бағытталуы тиіс.

Екіншіден, маман білімінің мазмұны, мамандығының практикасымен ұштасуы қажет. Яғни, студент оқу үдерісі барысында жалпы мәдениеттілік және әдіснамалық дайындықтан өтіп, білім жүйесінің жалпы теориялық негіздерін меңгеруі тиіс. Оқу үдерісінің теориялық негіздері және жеке тұлға теориясының негіздері ұштасқанда ғана білім алушылардың инновациялық әрекеттері нәтижелі болатындығы айқын.

Сонымен қатар, үшіншіден, мамандарға бейімділік дағдыларын сіңіру қажет. Сабақты қалыптасқан әдіс бойынша біркелкі өткізбей, әр сабақ сайын ғылым мен техниканың, педагогикалық өлшемдердің озық тәсілдерін пайдалана отырып, ерекше өткізуге болады. Сонда студент әр сабақта әр түрлі жағдаяттық тапсырмаларды орындай отырып, бейімділік өлшемдерін меңгереді. Мұндай студент болашақта қандай ортаға тап болғанына қарамастан, өз ісіне ғана қажетті инновациялық технологияны таңдап, әрі сол ортаға өз болмысын бейімдей отырып әрекет етеді.

Болашақ маманның танымдылық қабілеті әлеуметтік кәсіби қоршаған ортаға тез кірігуімен, өзін кәсіби тұрғыда жүзеге асырудың тиімді әдіс-тәсілдерін қолдануымен, заманауи инновациялық технологияларға қызығушылық танытуымен ерекшеленеді. Бұған келешектегі маманның әлеуметтік кәсіби қоршаған ортаны танып-білуі, кәсіптік білімін өз тәжірибесінде қолдануы, инновациялық технологияларды зерделеуі және оларды меңгеруі жатады.

Инновацияның өлшемдік бірліктері оқытудың әдістемелік мақсат-міндеттері, оқу үдерісі, оқытудың нәтижесін бағамдаумен анықталады. Оған болашақ маманның жүйелі оқу-тәрбие үдерісінде сабақты тиімді ұйымдастыра білуі, студенттермен тығыз қарымқатынас орнатып, біртұтас ғылыми-педагогикалық үдерісті зерделеуі және сабақтың нәтижесі жоғары болуы үшін қажетті жаңа технологияны таңдауы тиіс.