Қызылорда-Қостанай рейсінде жолаушының жүрегі тоқтап қалған
Қызылорда-Қостанай рейсінде жолаушының кенеттен жүрегі тоқтап қалған,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бағына орай бортта дәрігерлер болып, оны аман алып қалды. Қостанай облысының денсаулық сақтау басқарма қызметкерлерінің айтуынша,
“Ұшу кезінде жолаушылардың бірі өзін нашар сезініп, кенеттен есін жоғалтты, оның жүрегі тоқтап қалды. Жағдай өте ауыр болды және дереу әрекет етуді талап етті. Барлық дәрігерлер көмекке келіп, бұл қиын жағдайда анестезиолог-реаниматолог Әміржан Бақытжанов өзінің тәжірибесі мен біліктілігімен шешуші рөл атқарды”, – деп атап өтті басқарманың баспасөз қызметі.
Дәрігерлер мен әкімшілік өкілдерінен құралған делегация жергілікті колледжден талантты түлектерді табу үшін Қызылордаға аттанған. Сондай-ақ олар өңірдегі медицинаның деңгейімен де танысқан. Дегенмен, қайтар жолда дәрігерлер өздерінің кәсіби қасиеттерін қолдануға мәжбүр болған. Есін жоғалтудың себебін тез анықтап, жолаушының жағдайын тұрақтандыру үшін қажетті шараларды жүргізуге кіріседі.
“Әміржан Серікбайұлының дәрігерлік шеберлігі мен дәрігерлердің үйлесімді іс-әрекеті – күрделі жағдайда сабырлылық танытуының арқасында әйел бірте-бірте есін жиды. Ұшақ жерге қонған соң оны Астанадан жедел жәрдем мамандары қабылдады. Жолаушылар мен экипаж дәрігерлерге және оның әріптестеріне шеберлігі мен жедел әрекеті үшін алғыстарын білдірді”, –делінген ақпаратта.