«Есірткісіз аймақ» жобасымен нақты жұмыстар атқарылуда

289

Сыр өңірінде «Есірткісіз аймақ» жобасымен нақты жұмыстар атқарылуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 2022 жылдың 1-қыркүйегінде Қазақстан халқына арнаған Жолдауында нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет, - деп айтқан болатын.


Президенттің осы жолдауынан кейін Бас Прокурор Б.Асыловтың төрағалығымен есірткінің заңсыз айналымына қатысты кеңейтілген Үйлестіру кеңесі өтіп, есірткіге қарсы күресті күшейту мақсатында аса маңызды тапсырмалар берілді. 


Осыған орай Қызылорда облысы прокуратурасының бастамасымен уәкілетті органдармен бірлескен «Есірткісіз аймақ» жобасы әзірленді. 


Жобаның мақсаты - заманауи озық дағдылар мен тәсілдерді қолдану арқылы есірткіге қарсы күрес тетіктерінің тиімділігін арттыру. 


«Есірткісіз аймақ» жобасын жүзеге асыру мақсатында облыстық прокуратураның үйлестіруімен жұмысшы топ құрылып, оның құрамына прокуратура, полиция, жергілікті атқарушы орган, орман шаруашылығы, төтенше жағдайлар және телекоммуникация қызметкерлері енгізіліп, әрбір органның міндеттері белгіленді және іс-шараның басым бөлігі профилактикаға бағытталды.


Осыдан кейін аймақ көлемінде есірткіге қарсы күрес жұмысы күшейтілген режимде жүргізілді.

Техникалық материалдық мүмкіндіктердің барлығын іске қосып, электронды ғарыштық түсірілім арқылы алдын-ала мониторинг жүргізіліп, есірткі өсімдігін егуге табиғи ерекшелігі мен жері құнарлы және суға жақын алқаптар анықталып, қолайлы аумақтар белгіленді.


Осы аумақтарда прокуратура қызметкерлерінің ықпалымен жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесінде қашық, далалық жерлерден бірнеше есірткі алқаптары табылды.


Мысалы, Жаңақорған аудандық прокуратурасының бастамасымен бекітілген топпен аралау кезінде, Жаңақорған ауданына қарасты Төменарық ауылдық округінің аумағында есірткі өсімдігіне ұқсас 222 түп өсімдік анықталып, ҚК-тің 300-бабы 2-бөлігімен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. 


«Есірткісіз аймақ» жобасы аясында жүргізілген осындай жұмыстардың нәтижесінде Арал ауданында да есірткінің заңсыз айналымына қатысты 3 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды.


Қала тұрғындары өздерінің үйлерінің ауласында заңмен тыйым салынған сора өсімдігін ірі мөлшерде егіп, күтіп баптап өсірген.


Жедел тергеу тобымен тінту жүргізу барысында жалпы саны 237 түп сора өсімдігі анықталды. 


«Есірткісіз аймақ» жобасы бойынша атқарылып жатқан осындай жұмыстарға әрі қарайда пәрмен беру мақсатында Қызылорда облысының прокуроры Н.Бижанов Жаңақорған ауданында көшпелі жиын өткізді. 


Жобаны жүзеге асыру бойынша құрылған жұмыс тобымен облыс көлемінде осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру және қадағалау мен бақылауды күшейту үшін нақты тапсырмалар берді.



Қызылорда облысының прокуратурасы