Гендерлік теңдік – тұрақтылыққа тірек
Азаматтық қоғам салтанат құрған АҚШ-та 26 тамызда әйел теңдігі күні аталып өтті.- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Жыл сайын осы күні әлем елдерін әйел құқықтарын қорғауға шақырған жаппай акциялар ұйымдастырылады. Кейінгі жылдары біздің елде де гендерлік саясатқа баса көңіл бөлініп келеді.
Әйел теңдігі – әлемдік мәселе
Әңгімеміздің әлқиссасын әлем десе, алдымен аузымызға түсетін АҚШ-тағы ахуалдан бастадық. Бұл елде 1920 жылдың 26 тамызында Конституцияға өзгеріс енгізіліп, әйелдерге дауыс беру құқы берілген. Кейіннен 1976 жылы саясаткер, заңгер, жазушы, қоғам қайраткері Белла Абзугтің бастамасымен дәл осы күн әйел теңдігі күні болып бекітілген. Содан бері бұл атаулы күн демократияға ден қойған елдің баспалдақтарының бірі ретінде қалыптасты. Алпауыт елге айналған АҚШ-тағы мұндай оқиғалардың жаһанның басқа мемлекеттеріндегі үлкен бетбұрыстарға ықпал еткені көпке аян.
Гендерлік теңдік адам құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады. Дүниежүзі халқының жартысын әйел заты құрағанымен, қоғамда толыққанды тепе-теңдік орнауы үшін алда біраз белесті еңсеруге тура келеді. Өйткені әлі күнге дейін гендерлік теңдікке қол жеткізу, әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін арттыру әлемдік проблема болып тұр. 1970 жылдары халықаралық феминистік қозғалыс күш ала бастады. Осы жағдайға ерекше мән берген БҰҰ Бас ассамблеясы 1975 жылды Халықаралық әйелдер жылы деп жариялады және Мехикода әйелдерге арналған бірінші дүниежүзілік конференция ұйымдастырды. Конференцияның қатаң ұсынымынан кейін 1976-1985 жылдар аралығы Әйелдер онжылдығы деп мақұлданды және арнайы қор құрылды. Содан 1979 жылы БҰҰ-ға мүше жер бетіндегі 187-ден аса мемлекет әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою жөніндегі конвенцияны қабылдады. Оның ішінде Қазақстан да бар.
Қазақстанның Конституциясы адамды жынысына қарап кемсітуге тыйым салады. Соңғы 14 жылда осы бағытта бірқатар стратегия мен заң қабылданды. Атап айтсақ, 2006-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының гендерлік теңдігі стратегиясы әзірленіп, 2009 жылы Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заң қабылданды. Бұған қоса 2016 жылы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы жарияланды. Гендерлік тепе-теңдік пен адам капиталын дамытуға, отбасы құндылығын нығайтуға бағытталған осындай бастамалар жиі жүзеге асырылып жатқанымен, әлі де болса қоғамда аталған мәселе шешімін таппай отырғаны рас.
Осыдан бір ай бұрын Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова «БҰҰ әйелдері» құрылымының Қазақстандағы өкілі Илейн Конкиевичпен кездесуінде гендерлік бағытта кадрлық саясат жүргізіліп жатқанын, мемлекеттік қызметтің барлық деңгейінде жұмысқа орналасу және қызмет бабымен көтерілу үшін тең мүмкіндіктер жасалғанын, әйелдердің еңбек құқықтарын қорғау қамтамасыз етілгенін, қандай да бір кемсітушілік пен кедергілерге жол бермеу үшін іс-шаралар қолға алынғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда әйелдер жоғары шешім қабылдау жұмыстарына түгел араласып жүр. Олар Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, Конституциялық кеңесінде, Орталық сайлау комиссиясында, өңірлер әкімдерінің орынбасарлары сияқты жоғары лауазымдарда қызмет етуде. 2019 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша елдегі мемлекеттік қызметшілердің 55,4%-ын әйелдер құрайды. Ал басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі – 39,8%. Басшылық лауазымдағы әйелдердің көрсеткішіне жекелей қарағанда, өңір әкімдерінің орынбасарлары болып жүрген нәзік жандылар – 10,7%, орталық мемлекеттік органдар комитеттерінің төрағалары мен департаменттерінің директорлары – 30,4%, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары – 14,2%, облыстық басқармалар басшылары – 17,6%, қалалар мен аудан әкімдерінің орынбасарлары 15,4%-ды құрайды.
Әйелдерге көрсетілетін әлімжеттік тыйылмай тұр
Жалпы, қазіргі кезде қоғамның барлық саласындағы жұмыстарға әйелдердің араласуы үйреншікті жағдайға айналған. Яғни, жұрт жұмыстың қай түріне болсын, «ердің күші, әйел ісі» деп қарап жатпай, кірісіп кетеді. Осыдан келіп отбасын асырау міндетін әйелдер де мойнына алып, жауапкершілік жүгін ерлермен теңдей көтереді. Бірақ қашаннан шаңырақтағы жылылықтың ұйытқысы болып келген әйел затының үй ішіндегі орны лайықты бағаланбай, кемсітуге тап келетін жағдайлар да кездеседі. Сондықтан күйеуінен теперіш көріп жүрген әйелдің қоғамдағы теңдігінен бұрын отбасында мендігін қалыптастыруды жиі насихаттаған дұрыс. Жоғарыда аталған 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының негізгі мақсатының бірі – осы әйелдің мәртебесін көтеру арқылы отбасы құндылығын арттыру.
Отбасында өмірлік серігінен опа таппай, опық жеп жүрген нәзік жандылардың мысалын көптеп келтіруге болады. Мәселен, Ішкі істер министрлігі биыл 7-13 тамыз аралығында республика көлемінде «Тұрмыс» жедел алдын алу іс-шарасын өткізіп, бірнеше фактіні анықтады. Іс-шара барысында тәулік бойы сенім телефоны жұмыс істеп, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісімен 500-ден аса азаматтан шағым түскен. Осының негізінде 46 әйел дағдарыс орталықтарына жіберіліп, қажет болған жағдайда өз құқықтарын қорғау жөнінде кеңестер берілді. Сондай-ақ полиция қызметкерлері алдын ала есепте тұрған 70 мыңға жуық адамның тұрғылықты жеріне барып, жағдайын тексеріп көрді. Оның 17 мыңға жуығы – отбасының шырқын бұзушы, 34 мыңы – ішімдікке салынған адам және 8,5 мыңы – берекесіз отбасы. Бұған қоса іс-шара кезінде тағы осындай 6 мың адам есепке алынды. Отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынаста құқық бұзғаны үшін 3 мыңнан аса азамат жауапқа тартылып, алдын алу бағытында әңгімелесу үшін полиция органдарына 27 мың адам жеткізілді.
Бұл – белгілі болған фактілер. Әйелдерге көрсетілетін әлімжеттік жағдайларының біразы көпке бәймәлім. Былтыр Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті БҰҰ-ның үш агенттігімен – БҰҰ әйелдері, БҰҰ халықты қоныстандыру қоры және ДДСҰ-мен бірлесіп әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы зерттеу жұмысын жүргізді. Қазақстанның барлық аймағын қамтыған сауалдамаға 14 340 адам қатысып, нәтижесінде ауылдар мен қалаларда 16% әйел өз жолдасынан өмір бойы қорлық көріп келгенін мәлімдеген. Бұған қоса күйеуі түгіл, басқа да адамдар зорлаған жайттар анық болған.
Осындай жантүршігерлік жағдайларға қарап, қоғамда әйелдердің қадірін біліп, жете бағаланбайтынын, олардың құқы тиісті деңгейде қорғалмайтынын аңғаруға болады. Адам капиталын дамытуға ерекше мән беріп отырған елімізде әйел теңдігі мәселесі маңызды болып тұр. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп, айналасын үйлестіріп, жарастырып отырған әйелдің өзіне тең дәрежеде, зор құрметпен қараған абзал. Алыс-жақын ағайынды, көрші-қолаңды тату ету арқылы қоғамның ынтымағын сақтауда, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде әйелдің ерекше орнын білу – қазақта бұрыннан бар идеология. Тек осы құндылығымыздың құрып кетпеуіне жол бермеген жөн.