Аты аңызға айналған командирдің ұлы тәліптерге қарсы соғысуға шақырды

303
1980-1990 жылдары ауған моджахедтерінің көсемі, дала командирі және қорғаныс министрі, Панжшер арыстаны лақапатымен белгілі Ахмад Шах Масудтың ұлы Ахмад Масуд "Талибан" (Қазақстанда террорист деп танылып, тыйым салынған) қозғалысына қарсылық ұйымын жариялады. Бұл туралы ол француз жазушысы, философ Бернард-Анри Леви La Règle du Jeu журналында жарияланған хатында мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Масудтың айтуынша, Панджшер провинциясы қарсылық орталығына айналған. Ол сол жерге барып, өзін елдің уақытша басшысы деп жариялаған. Онда Ауғанстанның вице-президенті Амрулла Салех те бар. Панжшер - "Талибан" бақылауына кірмеген жалғыз аймақ. Ол Кабулдан солтүстікке қарай 120 шақырым жерде орналасқан.

Ақпарат көздеріне сілтеме жасаған БАҚ мәліметінше, қазіргі уақытта Панжшерге 10 мың жауынгер жіберіліп жатыр, оның ішінде бұрын Өзбекстанға қашқан маршал Абдул Рашид Достумның күштері де бар.
Ахмад Масудтың хаты: 
"Ауғанстанда күш көрсету басым. (...) Бәрі осымен бітті ме? Жоқ.

Әкем, командир Масуд, біздің ұлттық батыр, маған мұра қалдырды және бұл мұра - ауған бостандығы үшін күрес. Бұл енді менің күресім. Мен және менің серіктерім қанымызды беруге дайынбыз. Біз барлық азат ауғанды, құлдықтан бас тартқандардың бәрін Панжшерге қосылуға шақырамыз. Барлық аймақ пен тайпа жұртына айтарым: бізбен бірге соғысыңдар! Шетелде тұратын, бірақ жүрегімізге жақын ауғандарға айтарым: сіздің Панжшерде әлі берілмеген отандастарыңыз бар екенін біліңіз. Бізге бостандық үшін күресте көмектескен басқа елдерден сұрарым: "Қымбатты достар, бізге тағы бір рет, бұрынғыдай көмектесе аласыздар ба?" Кейбіреудің сатқындығына қарамастан, біз әлі де сенеміз".


Ахмад Масуд 1940 жылғы Еуропаны ауғанның қазіргі жағдайымен салыстырды. Елдің жеңілісі, Панжшерді қоспағанда, аяқталды, ал жеңілгендер өз қателіктерінен тәліптермен ынтымақтастықты бастайды.
"Бүгін мен генерал де Голль француз әскері жеңілгеннен кейін не айтқанын ойладым: "Франция ұрыста жеңілді, бірақ соғыста емес". Біз, ауғандар, тіпті шайқаста жеңілген жоқпыз, өйткені Кабул соғысқан жоқ. Біз бірге Ауғанстан тарихының жаңа бетін жазамыз. Құдайдың көмегімен біз жеңеміз", - деп қорытындылады ол.


РИА Новости дереккөзге сілтеме жасай отырып, қазіргі уақытта вице-президент Амрулла Салехтің күштері Панжшерде "Талибан" қозғалысымен соғысып жатқанын және Кабулдың солтүстігіндегі Парван провинциясындағы Чарикар аймағын содырлардан қайтарып алғанын жазды.