Суицидтен аман қалған ПД баспасөз хатшысы: "Маған генералдың ж*лебісің деді"

588

Өз-өзіне қол салып, өмірмен қоштаспақ болған Шымкент қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі қазіргі жағдайы қалай екенін айтты, - деп хабарлайды  Экспресс К


Мөлдір Бекеева алдымен жанына араша түсіп, екінші дем сыйлаған дәрігерлерге алғыс айтты. Бұл туралы ол Facebook-тағы парақшасында жазды. Баспасөз хатшысы әлі де дәрігерлердің бақылауында, жүйелі түрде ем қабылдап жатыр екен. Себебі көп мөлшерде дәрі ішкендіктен ішкі ағзасына қатты зиян келген. Тұрақты түрде ем қажет.


Ол өз жазбасында неліктен өмірімен қоштаспақ болғанын айта келіп, желідегілерден әділдік үшін күресуге көмек сұрайтынын мәлімдеді.


"Адам тағдырымен "ойыншықша" ойнап, қолдан қылмыстық іс ашып, қайта-қайта қаматамын деп қудалап, соңында қамауға шешім қабылдағанын көргенде менің басқа амалым қалмады. Әділдікті өз өмірімнен де артық көрдім, қидым..! Өмірде әділдік пен опасыздық қай кезде де қатар жүрген, бұл да бір Алланың берген сынағы деп өзімді жұбатып-ақ жатырмын... Сіздерден әділдік үшін күресуге көмек сұраймын... Енді шындықты, ақиқатты еш қорықпай ашып айтуға болады!" — делінген жазбада.


Мөлдір Бекеева үстінен қылмыстық іс қозғалуға себеп болған шулы аудиожазбаға қатысты да түсініктеме беріп өтті. Ол желіде тараған аудионың жала екенін айтып отыр. Ал аудиодағы дауыс иесі — Мақсат есімді қызметкері өзін сол кездегі Полиция департаментінің бастығымен байланысың бар деп, қаралап келді деп отыр. Енді ол пәк қыз екенін дәлелдеу үшін кез келген тексеруге дайын екенін алға тартты.

"Бұл — барып тұрған кибербуллинг, кесіп-кесіп арнайы техникалық өңдеуден өткізіп, монтаждап, соңында мені "құбыжық" етіп көрсеткен. Шынтуайтында, бұл "Мақсат" есімді қызметкер жауапкершілік пен сауаттан жұрдай, апталап жұмысқа келмей, "жұмыс уақытында қайда жүрсің" деп сұрасаң, бітті... мені кеп балағаттап, "Менің "крышам", сенің "крышаңнан" әлдеқайда мықтырақ" деп, тіпті сол кездегі департамент бастығы "Е.Жұмаханбетовтың нақсүйерісің, ж*лебісің", — деп еш негізсіз қаралайтын... Қайбір қыз баласы болсын, мұндайда арын таптатып қарап отырмайтыны анық... Бірақ бұның есі дұрыс па, неге өзінен-өзі мені кеп балағаттап, соншама ауыр сөздер айтады деп ойлайтынмын... Сөйтсем, ойында бір "қитұрқы жоспары" — айла-амалы болған екен ғой... Осы күнге дейін онысын осында жазуға, тіпті айтып, ақталуға арым бармады!... Өзімнің арым мен тазалығымды дәлелдеу үшін тіпті кез келген гинеколог-экспертизаға да баруға дайынмын!" — деп жазды Мөлдір Бекеева.

Баспасөз хатшысы бұл аудиожазба үшін өзіне қол салмас бұрын бар шындықты Полиция департаментінің қазіргі бастығы Қайрат Дәлбековке айтып, ішінара тәртіптік жүйеде шешпек болғанын айтқан.


"...Бірақ генерал мырза мені тыңдағысы да келген жоқ! "Орныңнан алып, қылмыстық іс қозғатамыз" деді. Содан тергеу жөніндегі орынбасары қайта-қайта хабарласып, Анықтау басқармасының бастығы хабарласып, "Үстіңізден ҚР ҚК 378-бабының 1-бөлігі (Билік өкілін қорлау) бойынша іс қозғалды, тағы да біразынан, жүргізушілерден басқадай арыз алып, бәрібір қаматамыз деп жатыр" деді. Қайта-қайта қаматамыз дегені несі? Сонда әділдік қайда? Бұған қалай төзуге болады? Қызмет орным үшін... Екі ай бойғы қысым мен қудалау...шегіне жетті! Үстімнен іс қозғалды, енді жазықсыз қамалып кеткенше — өлген артық екенін түсіндім, өзіме қол салдым... Шындық — осы!" делінген жазбада.

Мөлдір Бекееваның мәлімдеуінше, қалалық Полиция департаментінің басшысы ауысқалы бері командалық ауыс-түйіс орнап, кейбір қызметкерлерден маза қашыпты. Ал жақында ғана Ішкі істер министрі Полиция департаментінің бастығына тек сөгіс беріп шектелді деп отыр. Оның жазуынша, Шымкенттің бас полицейінің артында "мықты" адамдар тұр екен.


"Командалық" көшу, "шәй-майға" жинау дегенді мүлдем естімегенмін! Ал Қ.Дәлбеков келгеннен кейін, "шай-майға" жеке құрамнан жинаймыз" деген сөзін Антикор жедел бейнежазба арқылы дәлелдеп берді емес пе? "Командасымен" көшіп кеп, жемқорлыққа жол беріп отырған генералға тек "сөгіс" берумен шектелгенді қалай түсінуге болады? Неге әлі қызмет орнында департаментті басқарып отыр?... Енді кеп маған қатысты жүріп жатқан тергеу амалдарына қысым жасап, араласса не болады? Себебі қазіргі кезде тергеу амалдары жүріп жатқанына қарамай, істің ақ-қарасы анықталмай жатып, Ішкі істер министрлігінің өзі менің айтқандарымды жоққа шығарып, тіпті онысын БАҚ-қа таратты.... Мен енді ІІМ-не де сенбеймін!" — деп жазды ол.

Бір өлімнен аман қалған ол енді тек өз өмірі үшін ғана емес, жақындары үшін де алаңдаймын деп отыр.


"Елдің алдында ақиқатты айтып отырып, қазір өзімнің ғана емес, жақындарымның да өмір қауіпсіздігі үшін алаңдаймын... Қорқамын! Сондықтан бұл істі Бас прокурор Б.Н.Асылов мырза қадағалап, ҚР Конституциясының кепілі — Президентіміздің өзі қатаң бақылауға алуын өтініп, сұраймын!" — делінген жазбада.

Баспасөз хатшысы өз жазбасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке барып, арыз жазып кеткенін атап өткен. Алдағы уақытта арнайы баспасөз мәслихатын өткізетінін де айтып отыр.