Педофилді ұстау үшін 13-қабаттан секіріп кеткен полицей "Жыл полицейі" атанды

353

Фото: polisia.kzАлматы қалалық полиция департаментінің Түрксіб аудандық полиция басқармасының криминалдық бөлім басшысының орынбасары Бақытжан Бәкіров республикалық байқауда "Жыл полицейі" номинациясында жеңімпаз атанды. 


Бақытжан Бәкіров аса қауіпті қылмыскерді ұстау үшін 13-қабаттан секірген кезде өз өмірін ойламағанын айтады.


 "Ол кезде мен өз өмірімді ойламадым. Мақсатым– қылмыскерден айырылып қалмау, бұйрықты бұлжытпай орындау болды. Бізге 11 шілдеде күні белгісіз адамның Алматының Түрксіб ауданына қарасты аумақта үй тонап, 15 жасар қызды зорлап кеткені туралы хабар келіп түсті. Жедел уәкілдерден екі топ құрылды. Соның ішінде мен де бармын", - дейді полиция қызметкері. 


Оның сөзінше, тәртіп сақшылары күдіктіні төрт күн іздестірген. Кейінірек, оның пәтер жалдап, тығылып жатқанын анықтаған. Осылайша, полиция қызметкерлері күдіктіні ұстау жоспарына кіріскен. 


"Мен және әріптесім жалданған пәтер иесімен бірге 13-ші қабатқа көтерілдік. Қылмыскерді ұстау үшін сантехниктің киімін киіп алдық. Оның қосалқы кілті болды. Әйел оны шақырып, құбырдан су ағып жатқанын айтты.


 "Оны жөндеуге сантехниктер келді" деді. Ол дәлізге шықты, мен оған қарай ұмтылдым. Ол бөлменің біріне қашып кіріп, ашық тұрған терезеден секіріп кетті. Бұл секундта әдетте ештеңе ойламайсың, ең бастысы - қуып жету. Сондықтан мен оның артынан секірдім. 11-қабатта терасса бар, сол жерге құладық. Құлаған кезде аяғымның сынғанын бірден сездім. Себебі "сырт" еткен дыбыс шықты. 


Қылмыскер қашу әрекетін жалғастырмақ болды. Бар күш-жігерімді салып, оны уыстан шығармауға тырыстым. Серіктесім келгенше күттім. Екінші топ үйді қоршап тұрған еді. Олар үстіне көтеріліп келгенше педофилді жібермей отырдық", - дейді Бақытжан Бәкіров. 
Полиция қызметкерінің айтуынша, оның аяғына үш мәрте ота жасалған. Бүгінде толық сауығып, жұмысына қайта оралған.


 Сонымен бірге, ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ІІ дәрежелі "Айбын" орденін алған сәтте қандай сезімде болғанын айтып берді. 


"Айбын" орденін алған кезде керемет сезімде болдым. Кез келген адам мадақ-марапатқа ұсынылса қуанышқа кенеледі ғой. Мен де қатты қуандым. Сондай-ақ, бұл марапат маған үлкен жауапкершілік жүктеді", - дейді полицей. 
Тәртіп сақшысының сөзінше, полицей атану үшін адам ең алдымен төзімді әрі антқа адал болуы керек. 
"Қызметке орналасқанда біз ант қабылдаймыз. Онда азаматтарды қорғау - біздің жұмысымыз екені көрсетілген. Әр ер азаматтың бойында жігер, намыс болады. Еліміз бен халқымыздың тыныштығы үшін еңбек етуіміз керек. Ең үлкен үлкен мәртебе осы деп ойлаймын", - дейді Бәкіров. 


Бақытжан Бәкіров өзінің отбасы туралы да айтып берді. Ол жарымен бірге төрт ұл мен екі қызды тәрбиелеп отыр. 


Сондай-ақ, тәртіп сақшысы "Жыл полицейі" атағы өзіне артылған үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.


 "Ойламаған жерден тағы да марапатталдым. "Жыл полицейі" атағы маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Соңғы екі жылда көпшіліктің құрметіне, алғысына бөленіп жатырмын. Үлкен рахмет! Туған еліме, жеріме, Қазақстан полициясына әрі қарай да адал қызмет етуге уәде беремін. Халқымының ықыласынан артық алғыс жоқ екен, соны түсіндім", - дейді Бақытжан Бәкіров.