Репрессия жылдары атылған адамдардың сүйегі табылды

68

Алматы облысында арулап жерленіп, ардақтап көмілмегендер жер бетіне қайта шықты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.


Облысқа қарасты Жаңалық ауылында адам сүйектері бұған дейін де бірнеше мәрте табылған еді. Көбіне су тартып, құбыр жүргізгенде шығатын тарихи материалдар биыл бірінші рет қана мемлекеттік жоба аясында зерттеліп отыр. Ал 14 күннің ішінде 15 шақты адамның денесі шыққан ауылда археологтар әлі де 4 мыңнан аса сүйек жатуы мүмкін дейді.


Сүйектерден бөлек, алтын тіс, түймелер, киім мен аяқ киім бөліктерін де көзбен көріп, қолмен ұстадық. Табылған жәдігердің көбі жақсы сақталыпты. Тек адам сүйектері бір кезде көшеде жүргізілген жөндеу жұмыстары кезінде бүлінгендіктен, көбіне шашырап кеткен.


Бұл басылым бөлігі 1934-54 жылдары шыққан «Сталин жолы» газетіне тиесілі екен. Қаріп танып, газет оқығанына қарап, тарихшылар бұл маңда білімдар адамдардың атылуы мүмкін дейді. Басқа деректер де осы болжамға әкеп тіреп тұр.


«Криминалистік, соттық-антропологиялық талдау секілді ғылыми жұмыстарды жүзеге асырады. Ал үшінші кезеңде осы табылған сүйек қалдықтарына ДНҚ анализін жасауға Алматыдағы генетика институты мен Вильнюс қаласындағы генетика институты атсалысады», – деді Тарих ғылымдарының докторы, профессор Досбол Байғұнақов.


Табылған материалдардың ішінде әйел адамға тиесілі заттар да бар. Ал денелердің көбі 1,5 метрден-ақ жер бетіне шығып жатқан көрінеді. Соған қарағанда, адамдарды арнайылап жерлемеген, тек атқан соң көме салған деген болжам бар.


Мұндай толыққанды зерттеуге сүйенген қазба жұмысының Қазақстанда алғаш рет өтіп жатқанын айтуымыз керек. Бұған дейін репрессия құрбандары тақырыбындағы сараптамалық-археологиялық жұмыс тіпті ТМД елдерінде де ресми атқарылмаған. Ал Есік қорық-мұражайы мен тарихшы-ғалымдар бірлескен жобаны елдің Мәдениет министрлігі қолдапты.