Балалардың улануына қатысты жұмыстан кеткен дәрігерлер қызметіне қайта кірісті

320

Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова Қарағандыдағы балалар уланған әлеуметтік қызмет көрсету орталығының 10 қызметкері қайтадан өз жұмысына кіріскенін мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«Осы факті бойынша облыста комиссия құрылып, оны облыс әкімінің әлеуметтік мәселелерге жетекшілік ететін орынбасары басқарады. Сол кезде бұл медициналық-әлеуметтік мекемеде бала өлімі тіркелген еді. Содан кейін комиссия медицина қызметкерлерін белгілі бір мерзімге жұмыстан шеттету туралы шешім қабылдады. Кеше комиссияның шешімімен аталған медициналық-әлеуметтік мекемедегі 10 медицина қызметкері өзінің жұмысына қайта кірісті. Қалған екі медицина қызметкері, яғни бөлім меңгерушісі мен психиатр дәрігер жұмыстан шеттетілді», - деді бас санитар.


Еске салайық, 30 шілдеде Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалар жаппай уланғаны хабарланған. Уланған балалардың бірі көз жұмды.


Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, балалардың улануына тамақтың қатысы жоқ.


Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл осы оқиғадан кейін елдегі 84 әлеуметтік мекеменің барлығы жіті тексерілетінін мәлім етті.


Сондай-ақ, Қарағандыда балалар уланған орталықтың 12 қызметкері жұмыстан шеттетілгені белгілі болды.


8 тамызда үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният балалардың улануына не себер болғанын айтты.