Психиатриялық ауруға шалдыққан балаға көршінің қызын күштеп алып қашқан

696

Алматы облысында қыз ұрлау оқиғасына полиция департаменті ешқандай әрекет жасамаған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.



Бұл туралы "НеМолчи" қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Facebook парақшасында жазды.


Қыз үй ауласында ұрланған. Ол қорқып, қатты күйзеліске түскендіктен оқиға туралы жақ ашып айта алмаған. Жәбірленуші қазір жанына әжесі мен туыстарынан басқа ешкімді жолатпайды. 


"Сағат 9-да кілем қағу үшін аулаға шықтым. Сол кезде үш адам келіп мені сүйреп алып кетті. Қатты қорықтым. Бір уақытта көршінің үйінде екенімді түсіндім. Олар мені тыныштандыру үшін шәй берді. Алайда оны ішкен соң есімді жоғалта бастадым. Содан кейін олар ингалятор арқылы дем алуға мүмкіндік берді. Есімді жинасам, айнала толы балалар. Мені не себепті ұрлап әкеткенін әлі күнге дейін түсінбеймін. Әйелдердің бірі маған егер кетсең көршінің анасы өз-өзіне қол жұмсайды деп айтты. Мен намаз оқитындықтан бұл сөздер психикама қатты қысым жасады" - деді қыз.


Қыздың айтуынша, оны алып кетуге келген туыстарын үй иелері соққыға жыққан. 


"Кешке қарай анамның оларға біз бұлай келіскен жоқпыз деп айқайлап жатқанын естідім. Бір уақытта көрші жігіт келіп менің жаныма жатып алды. Ол мені сүйгісі келді, бірақ оған болмайды деп айттым. Көрші жігіт маған тиіскен жоқ, бірақ ренішін білдірді. Кейіннен оның екі рет психиатриялық ауруханаға жатып шыққанын білдім. Сол күні үйде 15 адам болды. Туыстарым екінші рет келіп мені күшпен алып кетті. Бірақ үй иелері туыстарымды соққыға жықты. 


Ол жерден кеткеніме қанша уақыт болса да әлі күнге дейін қорқамын. Үрейленіп ұйықтай алмаймын. Бірде олардың көлігін үйдің жанынан көрдім. Тіпті келіспесең жігіт пен анасы өз-өзін өлтіреді, сосын сені кінәлі қыламыз деп қорқытқан қоңыраулар да болды. Бұл жағдайға өз анамды толықтай кінәлі деп есептеймін" - деді әбден үрейленген қыз. 


Ал, "НеМолчи" қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі 1 ай бойы  қыздың өзі айтпайынша бұл тақырыпты қозғай алмағанын жеткізді. 


"Оқиғаның болғанына тура бір ай. Пікірлердің көшілігінде анасының қатысы бар екені айтылуда. Алайда қыздың өзі айтып бергенше бұл тақырыпты қозғай алмадық. Әлі ешкім жазаланбады. Алматы облыстық Жамбыл полиция департаменті әрекетсіз отыр. Оның үстіне қыздың туыстарына қатысты іс қозғалуы тиіс. Толықтай абсурд. Бұл ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы - адам ұрлау қылмысы екені анық. Біздің құқық қорғау органдары "қыз қайтарылды" деп бұл бапқа қатысты іс қозғамайды. Бірақ туыстары қызды екі күннен кейін ғана алып кете алған. Тіпті қызды мәжбүрлі түрде ұстап отыру - бөлек бап. Анасы да жауапқа тартылуы керек. Қыз оның жеке меншігі емес. Бұл іске қылмысты жабу әрекеттерін тоқтатып, қызды қорғайтын мықты адвокат керек. 


Ол ауылда зейнеткер әжесімен бірге тұрады, колледжді енді ғана бітірген. Олардың мықты адвокатқа ақшасы жоқ. Әжесі мен немересін қорғауға көмек беруіңізді сұраймын!" - деп жазды Дина Таңсәрі.