70 миллион теңгенің жылқысын таратқан жылқышы сотталды
Ол төрт жылға жуық уақыт ішінде 34 азаматқа тиесілі 150 бас малды рәсуа етіп, жоғалған малдың ізін жасыру үшін біреудің жылқысын екіншісіне беріп отырған. Келтірілген шығын көлемі 70 миллион теңгеден асып жығылған, – деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Ақмола облысының Зеренді ауданында ауыл тұрғындарының сеніміне кіріп, жылқыларын талан-таражға салған жылқышыға қатысты сот үкімі шықты.
Сотта анықталғандай, Г. есімді азамат жылқышы болып жұмыс істеп, 34 тұрғынмен жылқы бағуға қатысты ауызша келісім жасасқан. Мал иелері оған төрт түлігін сеніп тапсырып, белгіленген мөлшерде ақы төлеген. Ал жылқышы өз кезегінде малдың сақталуына жауап беруге және сеніп тапсырылған мүлікке материалдық жауапкершілік алуға міндеттенген.
Алайда 2021-2025 жылдар аралығында ол бұл сенімді өз пайдасына өрескел пайдаланған.
Тергеу және сот барысында Г.-ның жалпы саны 150 бас малды, оның ішінде бие, тай, айғыр, құлын және 10 бас ұсақ малды иемденіп, талан-таражға салғаны анықталды. Жоғалған малдың барлығы 34 азаматқа тиесілі болған.
Ең қызығы, жылқышы жоғалған жылқылардың ізін бірден жасырудың амалын да тапқан. Ол бір иесінің жоғалған жылқысының орнына басқа азаматтың малын беріп отырған. Осылайша, мал иелерінің алдында пайда болған кемшілікті уақытша жауып, біреудің жылқысын екіншісіне таратып отырған.
Нәтижесінде, азаматтарға келтірілген жалпы материалдық шығын 70 миллион теңгеден асып кеткен.
Бұдан бөлек, жылқышы тағы бір алаяқтық әрекетке барған. Ол үйірге айғыр сатып алуға қаражат жиналып жатқаны туралы жалған ақпарат айтып, жылқы иелерінен ақша жинаған. Сенім білдірген бес азамат оған қаражат аударған. Алайда Г. жиналған ақшаны өз қалауынша жұмсап, нәтижесінде бес адамға жалпы сомасы 40 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
– Осы әрекеттері үшін Г. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігінің 1, 3-тармақтарында көзделген бірнеше рет, ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін ысырап ету және жымқыру, сондай-ақ 190-бабы 3-бөлігінің 3-тармағында көрсетілген алаяқтық жасағаны үшін сот алдында жауап берді, - дейді Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінен.
Сот үкім шығарған кезде сотталушының асырауында төрт кәмелетке толмаған баласы бар екенін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.
Нәтижесінде, «Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң қолданылып, Г.-ға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары толық қанағаттандырылды. Сот шешімімен Г.-дан жәбірленушілердің пайдасына келтірілген материалдық шығын ретінде жалпы сомасы 70 млн теңгеден асатын қаражат өндірілетін болды. Айта кетейік, сот актісі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Қаз
Рус






