Өз халқын алдайтын мемлекетке айналдық па?

3 537
Қазақстан деген аса көлемді жері бар, табиғи ресурстарға өте бай мемлекет,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Сөйте тұра, халқының басым бөлігі кедей. Өміріміз әне жақсарады, тірлігіміз, міне, түзеледі, деп шыдай-шыдай отыз жылды өткерсек те, халықтың тұрмыс деңгейі көтерілмек түгілі, барған сайын азып-тозып барады. Дамудың құрығанда, орташа еуропалық деңгейіне әлі жете алмай келеміз.

Норвегияда орташа жалақы 6 мың долларға жуық болса, біздің Қазақстан халқы кредиттен көз ашпайтын, дүкендегі бағалар удай, жаппай жемқорлық жайлаған, ресми орташа жалақысы Норвегиядан 10 есеге төмен ел болды.
Осыдан 60 жыл бұрын Қазақстан ғарышқа тұңғыш рет адам ұшырып жатқанда, Норвегия балықшылар мекендейтін кедей ел болған. Ал қазір Норвегия қайда, Қазақстан қайда?
Сөйтсек, Норвегия сатқан мұнайының ақшасын болашақ ұрпақтарға арналған қорына құя берген екен. Біздің билік сияқты миллиардтаған долларды тиімсіз мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларға шашпаған. Банктерді құтқармады, LRT салмады, азиада мен эксполар өткізбеді. Оның орнына, үндемей ғана әлемдік қор нарығына инвестиция салып келді. Ара-тұра әлеуметтік қажеттері туындаған жағдайда әлгі инвестициясынан тапқан пайыздық табысының бір бөлігін алып отырды. Олар да, біз де, елдің бар табиғи байлығы тек мемлекет меншігінде болуы тиіс, деп жаздық конституциямызға. Алайда іс жүзінде басқаша шықты.
Норвегияда өндірілетін бар мұнайдың 70 пайызы Equinor мемлекеттік холдингінің үлесінде, ал Қазақстанның ішкі нарығындағы компаниялардың мұнайдағы үлесі 30 пайызға да жетпейді. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» компанияcының үлесіне Қазақстанда өндірілетін бар мұнайдың 26 пайызы ғана тиеді. Нәтижесінде, Норвегия мұнай өндірісінен салық және басқа түсімдерді Қазақстанмен салыстырғанда, 4,5 есеге көп алады. Мысалы, 2018 жылы Brent маркалы шикі мұнайдың бір бөшкесі 71 доллар тұрған кезде Норвегия үкіметі әр бөшкеден мемлекеттік салық түрінде 60 доллар алды. Қазақстан үкіметіне тура сол кезде небәрі 14 доллар түсіп тұрды.


 Норвегияның мұнай саласынан осылай көл-көсір пайда көруі мемлекеттік реттеудің дұрыс болғанынан. Оларда табиғи ресурстардың иесі шынымен де мемлекет. Норвегия билігі жер қойнауын пайдаланушыларға лицензияны тек екі жылдық мерзімге беріп отырады. Қазақстан үкіметі жер қойнауын пайдаланушылармен өнімді бөлісу жағынан құпиясы мен көлеңкелі тұстары көп келісімдерді ұзақ жылдарға жасатты. Ал Норвегия билігі халықтан ештеңе жасыра алмайды екен. Сосын, Норвегия билігі миллиардтаған мұнайдолларын автокөлік өнеркәсібін құру, планшеттер өндірісі, тікұшақ шығаратын зауыт деген ірі жобаларға шығындаған жоқ. Оның орнына, өздерінде бұрын-соңды болмаған мұнай саласына қажетті құрылыс технологияларын, құрал-жабдық, ғылыми ізденістер мен қызмет көрсету саласын құрды. Қазақстан билігі әлі күнге дейін мұнай өнеркәсібіне қатысты салаларда жөні түзу ештеңе құра алмады. Ал Норвегия бүгінде теңіз табанында жұмыс жүргізу технологиясы саласында әлемдік көшбасшы. Ал мұнай-газ құрал-жабдықтары мен сервисі – құны жағынан ұлттық экспорттың екінші және үшінші бабы болды. Көмірсутек пен балық өнімдерінен кейін.  


Бұдан шығатын қорытынды, мемлекеттің гүлденуі мен дамуы, экономикасының қуаты биліктің саясатымен тікелей байланысты. Мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар толық ашық болуы керек. Бізде де соттар тәуелсіз, білім беру жүйесі жетілген болуы керек еді. Норвегияда жемқорлық жоқ. Есесіне, ол жемқорлық Қазақстанның ресми идеологиясына айнала жаздап тұр.
Біз қашан Норвегиядай болар екенбіз?


                                                                                                         Әділ Ақылбай