Әрбір құрылыста сапа маңызды
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жиында Жалағаш ауданы «Таң» ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуы, «Қорқыт Ата» әуежайының аумағын абаттандыру мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Сонымен қатар, жиында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы білім ошақтарының, физика-математика мектеп-интернатының, теннис корты мен «Оқушылар сарайының» құрылыс барысындағы мәселелер қаралды. Аймақ басшысы құрылыстардың барлығына қойылатын басты талап – сапа мен мерзім екенін атап айтып, осы талапты бұлжытпай орындауды тапсырды.
«Қорқыт Ата» әуежайының аумағын абаттандыруды уақытылы әрі сапалы жүргізу керек. Инфрақұрылымды дамытуға, абаттандыруға, яғни жылу, су, электр, телефон және кәріз желілерін, автожол жүргізуге жергілікті бюджеттен 4 млрд 300 млн теңге қаржы бөлінді. Ғимараттың айналасындағы жол құрылысын бақылауға алыңыздар", – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, «Таң LTD» ЖШС Жалағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, бірқатар маңызды бастаманы іске асыруда. Алда ауыл тұрғындарына арналған екі пәтерлік 10 тұрғын үй салынады. Сондай-ақ кәсіпорын 3 өндірістік базаны іске қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлауда. Қазір шаруа қожалығының иелігінде күріш ақтау зауыты мен ет өңдеу цехы бар. Күріш ақтау зауыты 5 жыл бұрын іске қосылған, тәулігіне 100 тонна өнім өңдей алады. Мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал 2019 жылы ауылдық округке қарасты «Жаңақоныс» елді мекенінде «Агролидер Таң» ЖШС-ның ет өңдеу цехы ашылған. Кәсіпорын тәулігіне 0,5 тонна ет өндіріп, 15 түрлі (тұшпара, манты, қазы, әсіп және т.б.) өнім шығаруда. Мұнда 8 адам жұмыс істейді.
Серіктестіктің демеушілігімен ауылда балалар ойын алаңы мен кіші футбол алаңы салынып, жарықшамдар орнатылды. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың құрметіне «Тағзым алаңы» салынып, қазір жаңа спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Өткен жылы бір ғасыр бұрын салынған «Әбжәли мешітінің» ғимараты жөнделді.
«Болат Өтемұратов қорының» қолдауымен салынған халықаралық талаптарға сай келетін әуежайдың жаңа терминалында ішкі және халықаралық рейстерге, транзиттік жолаушыларға арналған залдар, CIP-зал, жүкті автоматты түрде беру жүйесі, «Duty Free» аймағы, сауда нүктелері, медпункт, кафе, ғибадат ету, жүк сақтау, ана мен бала бөлмелері бар. Екі қабатты ғимарат сағатына 250 адамға, төлқұжат бақылайтын 10 кабина қызмет етеді. Нысан таяуда ел игілігіне табысталмақ. Жобаға аталған қордан 16 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.