Рахат Бахытжанұлы: Бүгінде бала күнгі арманымды жүзеге асырып жүрмін

1 514

Жасыратыны жоқ, «жастар сондай, жастар мұндай» деген әңгімені жиі құлағымыз шалып жүр. Дей тұра тізе берсек жастар арасындағы тындырымды тірлік те көп.  Сондай істің бел ортасында жүрген жанның бірі қармақшылық – Рахат Бахытжанұлы. Жақында белсенді жаспен тілдесудің сәті түсті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz  сайтына сілтеме жасап.




– Бірде бала арманым журналист болу деп жазғаның бар. Осы туралы айтып берші.


– Мен Жосалы кентінде орналасқан Шоқан Уәлиханов атындағы 26 орта мектептің түлегімін. Иә, расында мектеп кездегі арманым журналист болу болатын. Ол салаға қызығушылығым бала күнімнен болды. Бұл саланың атқарар негізгі қызметі – елдің басында қандай да бір тауқымет пет жақсылық орын алған жағдайда елмен бірге болып, көрермендер тарапына уақытылы сапалы ақпарат жеткізу. Адамның дегені бола бермейді ғой. Уақыт өте келе мүлдем басқа саланы таңдап, бүгінде сол салада білім алып, қазіргі уақытта аудандық жастар орталығында директордың кеңесшісі болып қызмет атқарудамын. Бірақ бала арманымды қолымнан келгенше жүзеге асырайын деп өзіме жүктелген  қызметтегі бөлінісіме орталықтың баспасөз қызметін қатар алып жүрген жайым бар. Қазіргі таңда орталықтың атқарылған іс-шараларын жастар мен тұрғындар жиі оқитын әлеуметтік желілерге ақпараттандырып келемін. Бір жағы жұмысымды, екінші жағынан бала күнгі арманымды жүзеге асырып жүрмін деп ойлаймын.


– Қайырымдылыққа, ерікті жастардың қатарына қалай қосылдың?


– Қайырымдылыққа келуімнің басты себебі 2019 жылы ел басына күн туған сәтте  басталды. Ол кезде мен 15-жастамын. Еліміздің басына тауқымет болып келген короновирус әлемді шарпыған уақытта ауруханада ине шаншар орын болмай, ауырған аудан тұрғындарына оттегі аппараты сырттан келіп, оны таситын азаматтар болмағанын естідім. Қасымдағы достарымды ауруханаға апарып әлгі аппаратты жиі тасып отырдық. Осы сәттен бастап қолымнан келгенінше, мүмкіндігім жеткенше қиналған азаматтарға қолдау білдіремін деп өзіме серт бердім. Одан кейін елімізде қуаңшылық болып көршілес өңірлер мен аудандардың төрт-түліктері шетінен қырылғанын естіп, БАҚ өкілдерінің ресми сайттарынан байқап қалдым. Сол кезден бастап мешіт жамағаты және аудан волонтерлері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ауданға қарасты ІІІ Интернационал ауылына барып шөп орып қуаңшылыққа тап болған өңірлерге қолдау көрсеттік. Одан  қасіретті қаңтар оқиғасы орын алған сәтте елімізде төтенше жағдай жарияланып ішкі істер бөлімінің қызметкерлері блок бекеттер де күн-түн демей кезекшілікке тұрғанда тағы да аудан еріктілері бірігіп ас әзірлеп қызметкерлермен бірге екенімізді жеткізіп, қолдау білдірдік. Содан кейін Қостанай облысында алапат өрт болып жаны қысылып, үй-күйінен айырылған азаматтарға қолдау білдіру мақсатында гуманитарлық пункт ашып, азық-түлік жинап Қостанай облысына өз қолдауымызды білдірдік. Ал қазір еліміздің бірқатар аймағындағы су басқан өңірлерге азық-түлік жинап барынша Батыс өңірлеріне қолдау білдірудеміз. Аудан халқының аманатын жеткіздік. Әлі де қолдау жинап үстіндеміз. Міне, бес жылға жуық уақыт болды осы еріктілер қатарында қызмет етіп келемін, Алла қаласа әлі де жалғастыра беремін. 


– Алдағы жоспарың қандай? 10 жылдан кейінгі өзіңді кім ретінде көресің?


– Ойда жүрген жоспарлар жетерлік, сол жоспарларды жүзеге асыру үшін ерінбей еңбектеніп жатырмын. Енді қоғамдық ортада волонтерлық бағытта көп шараларда жүрген соң алдыңғы аға буынмен бірлесе отырып ауданда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың қатарын азайту, яғни «балық берме қармақ бер» жобасын жүзеге асыру жоспарда бар. Ашығырақ айтқанда, қайырымдылық алатын жандарға елге, халыққа қол жайдыра бермей өз-өзін қамтамасыз ететіндей жағдайға келтіру үшін өздерінің қолдарынан келетін түрлң іспен мәселен тоқаш, самса тағы басқа тағамдар жасауына қолдау білдіріп ұнын, майын алып беріп, әрі қарай кәсібін жалғастыруына ықпал ету жоспарда бар. Енді 10 жылдан кейін жоғарыда айтылған жоспарларды 100 пайыз командамызбен орындасақ, қайырымдылық алатын кісілердің жағдайының тұрақталуына көмек қолын созған болып және сол кісілердің ақ жүректерінен шыққан баталарымен өсіп- өнгендердің қатарынан көрінгіміз келеді.


– Жас та болса көп істің қасынан табылып жүрсің. Жалпы өзің кімді үлгі тұтасың?


– Әр адамның үлгі тұтарлық жеке тұлғалары болады. Менің де үлгі тұтатын азаматтарым бар. Ол кісілер осы ауданның өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген жандар, яғни Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков ағай мен аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Күлжауһар Раева апай. Асқар ағаны үлгі тұтатыным көркем мінезді, сөйлегенде адамды өзіне ұйыта алатындай азамат. Кейбір азаматтар өз отбасының ауызбіршілігін сақтай алмай жүргенде ол кісі бүкіл аудан ақсақалдарының руға, ұлт пен ұлысқа бөлмей ауызбіршілікте сақтап, ауданымыздың тұрақтылығын сақтап жүрген азамат. Күлжауһар апайды үлгі тұтатыным – елге, халыққа абыройлы кісі. Ол кісі жалғыз балаларды ғана  тәрбиелеп қоймай, осы жастардың дұрыс тәлім-тәрбиесіне және сауатты болып өсуіне өз септігін тигізіп келеді. Апайымызбен біршама іс-шараларда болған уақытта өзінің көрегенділігін көрсетіп, барған жерлерде сыйлылығы жанарымызға оттай басылады. Мен де осы кісілерге қарап және әр айтқан сөздері мен істерінен сабақ алып келе жатқан жас буынның бірімін.


– Жастар кітап оқымайды дегенді жиі естіп жатамыз. Ал сен кітап оқып тұрасың ба? Соңғы оқыған кітабың қандай?


– Жоғарыда айтқанымдай, өзім аудандық жастар орталығында жұмыс жасаймын. Біздің орталықта жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Қазына» кітап клубы құрылған болатын. Сол кітап клубында қазіргі таңда бос уақытымда Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» кітабына көз жүргізіп қоятыным бар. Ал оқыған кітаптарым баршылық. Барынша бір айда жеңіл бір кітапты оқып шығуға тырысамын.


– Жас болсаң да ісіңмен көпке үлгі болып жүрсің. Жан-жақтылығыңа қарап қызығамыз. Өзің секілді жастар бос уақытын тиімді пайдалана бермейді. Осы орайда не айтасың?


– Замандастарыма айтарым тек тынбау керек. Жас, күшіміз бойымызда кезде елге, жерге көмегімізді тигізіп қалуымыз керек деп есептеймін. Қазіргі таңда расында болашақ білімді әрі сауатты жастардың қолында екеніне көзіміз жетті. Соңғы уақыттарда кезіндегідей ешбір таныссыз жұмысқа тұруға болатынын түсіндім. Соның бірі өзім. Бір қызығы мен дипломды түске дейін алсам, уақыт өткізбей түстен кейін тұрақты жұмысқа орналастым. Сол сәтте еңбегімнің жемісі деп түсіндім.


– Ауданға белгілі зиялы қауым өкілдерімен бірге белсенді болып жүресің.  Көрген-түйгенің бар шығар. Соларды бөлісе отырсаң…


– Көбінесе зиялы қауым өкілдерімен түрлі бағыттағы шараларда және мектептердің шақыруымен өткізілетін келелі кездесуде болып қаламыз. Жосалы кентіндегі Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектептің оқушыларымен кездесу ұйымдастырылып жатқанда Жосалы кентінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев ағамен бір іс-шарада болдым. Сол уақытта Ерболат ағайдың оқушыларға бір айтқан сөзі өзіме сабақ болып қалды. Ол кісі «Балаларым қолдарыңда тұрған әр сәтті бағалаңдар және сол сәтті махаббатпен жасаңдар.  Бізге мұғалімдеріміз әр істі махаббатпен жасауды үйретті, сол нарсе миымызда сіңгені соншалық менің зейнеткерлікке шығатын кездегі кітапшама бір жерде жұмыс жасаған және сол жұмыс жасаған жерден зейнеткерлікке шықты деген мөр басылды» деді. Міне, тсүіне білген адамға мұнан артық сөздің қажеті де болмайды. Біз де әр ісімізді махаббатпен жасай білсек болғаны. 


– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңе көп рақмет! Жұмысыңа жеңіс тілейміз.