"Денесін қайнаған суға күйдірген": Зәбір көргенін айтқан қыздың асырап алған анасы өз шындығын айтты

1 534

Фото: dzen.ruЖақында әлеуметтік желіде асырап алған әйелден зәбір көргенін айтқан Алматы облысының тоғыз жасар тұрғынының бейнежазбасы тараған еді. Ал қызды қамқорлығына алған әйел оған қол ұшын тигізбегенін, қызды бұрынғы әріптестерінің бірі жалған сөйлеткізіп, бейнекамераға жазып алғанын айтады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Тоғыз жастағы қызды асырап алған әйел Еңбекшіқазақ ауданы Ташкенсаз ауылындағы мектептің бірінде география пәнінен сабақ береді. Қызды қолына биыл жазда алған. Ал зәбір көргенін айтқан жасөспірімнің мәлімдемесі шындыққа жанаспайтынын жеткізді. 

"Ыстық сумен күйдірсем, денесі күлдіреп тұратын еді. Құлағындағы жара мен шашының түсіп қалуы — теміреткімен ауырғанынан. Ал оның ұрды-соқты деп зудыратқанына тоқталсақ, оған біреудің жаттатқызғанын көруге болады. Менің ойымша, бұл — маған қас адамдардың әрекеті", - дейді қыздың асыраушысы.

Ол кезінде мектепте оқу ісінің меңгерушісі болған. Сол себепті қас адамдар көп деп есептейтінін жеткізді. Асырап алған қызын осыдан үш күн бұрын аулада ойнап жүрген жерінен бұрынғы әріптесі алып кетіп, өзіне қарсы пайдаланды деп отыр. Бұған қоса қыздың психологиялық ауытқуы бар екенін айтты. 

"Оның өзіндік қиялы бар. Өмірге басқа көзқараспен қарайды. Мұны психологтар дәлелдеген. Жазда үйге алып келген күні ылғи бір нәрседен қорқып жүрді. "Не болып қалды?" деп сұрасам, "маған тиісетін ер адамнан қорқамын" деп айтады. Психолог болса, мұның бәрі оның қиялында деді. Ол өте көп алдайтын", - дейді қыздың асыраушысы. 

Ал "зәбір көрдім" деген қызды ауруханаға апарған аудандық білім бөліміндегілер дәрігерлердің берген қорытындысынан кейін баланы отбасынан тартып алған. 

"Сол кезде дәрігермен сөйлестім. Балада гематома болды. Сырылғандары. 4-5 күн бұрын болған жарақаттар деп. Сөйтіп ол кісілер бізге заключения жазып берді. 1 күнге больницаға жатқыздық. Келесі күні патронаттық тәрбиешісінен баланы тартып алу әрекетін жасап "Жанұяға" қайтадан апарып орналастырдық", - дейді Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Зарина Бөлекбаева. 

Бұл дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастап кеткен. 

"Қазіргі уақытта іс бойынша барлық қажетті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Олардың кейбіреулері бойынша қорытындысы дайын. Сондай-ақ мүдделі адамдардың тізімі белгілі болды. Жақын арада қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталады", - дейді Алматы облысы ПД бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.