Шағын кәсіпкерлікке мемлекеттен қолдау көп
Шағын кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау тетіктерінің саны артпаса кеміген емес, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Мамандар жеңілдетілген пайыздық несие, қайтарымсыз қаржы және субсидия биыл да жалғасын табады дейді. Елдегі төтенше жағдайға байланысты сәл кешеуілдеген бағдарламалар келесі айдан бастап қайта жанданады. Жаңақорғанға арнайы келген сала мамандары осы тұрғыда ақпараттармен бөлісті.
Мемлекеттік жобаларды жүзеге асыруда облыс бойынша Жаңақорған ауданы алдыңғы қатарда. Яғни несие алу мен грантқа ие болуда аймақта көш бастап тұрмыз. Әрине қуанатын жағдай, бірақ келелі іске көлеңке түсіріп тұрған кемшіліктер де жоқ емес. Аз пайызбен несие және грант алғандар қатарында мақсатсыз қаржы жұмсағандар анықталып, сотпен өндірілуге шешім шыққан деректер де бар. Мұндай жағдайларды аймақ басшысы да тікелей назарында ұстап келеді.
Басқосуда Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы және өңірлік кеңес мүшелері аудандағы бизнес өкілдеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ұсыныстарын тыңдады. Аудан әкімінің орынбасары Бектас Нұрдиновтің қатысуымен өткен жиында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов модераторлық етті.
Жиынға қатысушылар алдымен жергілікті кәсіпкерлердің қолынан шыққан бұйымдарынан жасақталған көрмені тамшалады. Онда тігін және қолдан тоқылған тұрмыстық бұйымдардан бөлек бисер және сәндік әшекейлер мен қолдан пісірілген дәмге толы дастархан мәзірі, құрылысқа қажетті жабдықтардан құралған бұйым өзіндік сән-салтанатымен көз тартты. Басқосуда сөз алған Бектас Балғабайұлы жиынның мән-мақсатын түсіндірді. Өз кезегінде палата директоры аймақта кәсіпкерлік саласында нәтижелі жұмыс бар екенін атап өтті.
Ол одан әрі экспортқа жол тартқан бренд тауарлар жөнінде тоқталды. Осы орайда Жаңақорғанда өндіріліп өңіріміздің дүкендері сөрелеріне жайғасқан кір сабын, әжетхана қағазы, гипс өнімдеріне жоғары бағасын берді. Аграрлы саланың ауқымы кең, мал өнімдері мен егіндік дақылдардың шет ел асып жатқанына қуанамыз. Енді үлкен сұранысты ұлғайту мақсатында шағын кәсіпті кеңейту аса маңызды. Бұл іске демеу болатын бағдарламалар жөнінде «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Айзат Ізтілеуова баяндады. Бұл бағытта негізінен онлайн платформасы аса маңызды, яғни онлайн дүкендерде электронды сауда қызып тұр. Түрлі мекемелер, тіпті брендтегі компаниялар тауарларын пошта қызметі арқылы алуға толық мүмкіндік бар. Тасымалдау құны да қолжетімді.
Онлайн сауда тек өңіраралық қана емес, әлемдік нарықта да ыңғайлы екенін көрсетті. Осыған орай Астана қаласында үлкен логистикалық хаб ашылды. Бұл бастамасы, тағы үш-төрт аймақтан ашу жоспарда бар. Біздің тарапымыздан саудагерлерге де, тұтынушыларға да тиімді бағдарламалар, жаңа жобалар енгізілуде. Соның бірі – маркетплейс қосымшасы. Бұл арқылы сатушы да, сатып алушы да қосымша қаражат жұмсап шығындалмайды. Түйіндей айтқанда, электронды саудаға қазір алтын көпір дерліктей деңгейде қызмет жасап отырмыз, – деген «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Айзат Өмірзаққызының айтуынша, тұтынушыға тауар ұнамай қалған жағдайда кері қайтару қызметін үйлестіруді де мекеме өз жауапкершілігіне алып отыр екен.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының кәсіпкерлікті дамыту және қолдау бөлімінің бас маманы Алуа Есіркеп әлеуметтік кәсіпкерлік санаттар бойынша түсінік берді. Бұл тақырыпта әлеуметтік деңгейге көбірек мән беріледі. «Әлеуметтік кәсіпкерлік санат төрт топқа бөлінеді. Бірінші кезекте мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау білдіруге бағытталған. Осал топтарға жататын тұлғаларды жұмыспен қамту, олар өндіретін өнімге қолдау көрсету, демеу болу, олардың жеке бастарына жәрдемші болу және психикалық-педагогикалық қолдау көрсетуге бағытталған. Осы санаттар ішінде алғашқысы сәл жеңілірек. Өйткені жарымжан жандар, көпбалалы аналар, тұрғылықты жері жоқ немесе пробациядағы азаматтарды жұмысқа орналастыру өзге санаттарға қарағанда жылдам жүзеге асады. Қалай дегенде де кәсіпкер төрт санаттың біреуі бойынша өтінім білдіруі керек. Егер комиссия мақұлдаса онда кәсіпкер қажетті қолдауын ала алады» дейді жауапты маман. Иә, бұл кәсіп бастауға ынталылар үшін табыс көзі, қарапайым халық үшін жұмыссыздықты шешудің тетігі болмақ.
Келесі кезекте ауылшаруашылығы кооперациясы және экспорт бөлімінің басшысы Гүлмира Исабергенова «Ауыл аманаты» жобасы аясында ақпаратқа қанықтырды. Қазіргі кәсіп бастаушылар мен шағын ісін ілгерілетушілерге бұл бағдарламаның берері көп. Аталмыш бағдарлама арқылы қызылордалықтар былтыр 3 млрд теңгеге қол жеткізіп, 700-ден аса жұмыс орны ашылған. Берілген рұқсат бойынша 406 жоба қаржыландырылыпты. Оның ішінде басым бөлігі мал шаруашылығына бағытталған. 216 жоба агроөнім өңдеу, егіншілік, ауылшаруашылығы техникасын алу және мал шаруашылығына бағытталған. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтер жалпы 716 млн теңге несиеге ие болған екен. 51 өндірістік кооператив құрылып, соның 31-і ғана төмендетілген пайыздық несие алыпты. Ал, биылғы меже қандай?
Жауапты маман аудандардағы мәліметті салыстырып берді. Биыл қорғалатын жобалардың көбі Жаңақорған мен Шиелі ауданына тиесілі екен. Қос ауданға бөлінгелі тұрған қаржы көлемі 1,5 млрд теңгеге жуық. Жобаның саны 200-ден асады. Осы орайда аудандағы жауапты өкілдер, сала мамандары қорғалуға ұсынылатын 305 жобаның құжаты дайын екенін айтты. Жалпы «Ауыл аманаты» бағдарламасы өте тиімді жоба. Жобаға байланысты аймақ басшысы да қатаң талабын қойған болатын. Әсіресе, мал басын көбейтуге байланысты қатаң тексеруді талап етті. Оның себебі де жоқ емес, несие болсын, қайтарымсыз қаржы болсын мал басын көбейтуге берілген ақша өзге мақсатқа бұрылып кетпеуі керек. Ауданға берілетін 100 жобаның тең жартысынан көбі мал бағытына ойысуы мүмкін. Аграрлы салаға бет бұрсақ ұтылмаймыз.
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары мен байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлсара Қарымсақова салық жүйесі бойынша ережелерге тоқталды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ бағдарламаларды жылжыту бойынша бас менеджері Салтанат Абдуллаева «Бірыңғай кешенді бағдарлама» бағытында субсидия, шағын несие мен әлеуметтік кәсіпкерлікке қолдау туралы жан-жақты түсіндірді.
«Аграрлық несие копорациясы» АҚ Қызылорда филиалының несиелендіру бөлімінің бас маманы Айбек Дүйсенов өнімдік бағдарламаларға тоқталды. Өнімдік бағдарламалар ішінде 4 бағыт қарастырылған. «Кең дала», «Агробизнес», «Іскер» және «Жастарды микроқаржыландыру».
Бұл бағдарлама ауылшаруашылығы саласына арналған барлық кәсіп түрлерін қамтиды. Бұл бағытта жаңақорғандықтардың талапты бастамалары көңіл қуантады. Жиын соңында аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызмет тобының инспекторы Бақтияр Нұрманов қысқаша түсіндірме жасады.
Мемлекет басшысының қолдауымен 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қабылданды. Жоба аясында 2023 жылдан бастап жастарға жеңілдетілген микрокредит беріле бастады. «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Микрокредит кәсіппен айналысқысы келетін 21 мен 35 жасқа дейінгі азаматтарға беріледі. Жеңілдетілген несиенің жылдық өсімі 2,5 пайыз. Алуға болатын қаржының ең жоғарғы сомасы 5 миллион теңге. Несиені 5 жыл ішінде қайтару керек, ал мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер 7 жыл ішінде қайтарса болады. Несиені кез-келген адам ала алмайды. Ол үшін арнайы бизнес-жоспар жасап, ол комиссия мүшелерінен қолдау табу керек.
Марлен Бақытұлының айтуынша, өткен жылы аудан бойынша 63 жас аталмыш несиені алып, бүгінде кәсіптерін жүргізіп жатыр. Олардың басым бөлігі қызмет көрсету мен мал шаруашылығы саласында кәсіп жасауда. Мәселен, кент тұрғыны Аружан Әлібекова сұлулық салонын ашу мақсатында қажетті жабдықтарды алуға 5 миллион теңге несие алса, қожакенттік Нұрлыбек Садықбекұлы тігін цехын ашу үшін 4 млн. 820 мың теңге қаржы алған. Ал Ілесбай Азаматұлы IT орталық ашу үшін 2 млн. 445 мың теңге, Бағдат Хайбулла Темір жонатын цех ашу үшін 5 миллион теңге несие алып жұмыс жасауда.
Жоғарыда атап өткен азаматтар мемлекеттен қолдау тауып, аталмыш несие төңірегінде кәсібнен нәсібін терген жандар. Ал, кент тұрғындары Жасұлан Қайыпов пен Әлихан Сәрсеновтер болса биылғы жылы осы несиені алып кәсібін дөңгелетсек деген неиетте.
Хош. Несиені рәсімдеуге 21 ден 35 жасқа дейінгі кәсібінен нәсіп тергісі келген кез-келген қазақстандық қатыса алатынын түсіндік. Енді жастарды қолдауға арналған шағын несиені алу жолдарын саралап көрейік.
Несие қай банктен және қандай жобаларға беріледі?
Несиені алғысы келген адам кез-келген бизнес түрін аша алады. Бастысы, бизнес-жоспары сұранысқа ие болса болғаны. Микрокредит «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Бизнес жоспарды қарайтын арнайы өңірлік комиссия құрылады. Ескеретіні, бизнес жоба өзінің өзектілігімен, аргументтілігімен, экономикалық және қоғамдық маңыздылығымен, бұрын атқарылған жұмыстардың болуымен және бизнес-жоспардың өміршеңдігімен бағаланады.
Несиенің шарты қандай? Бағдарламаға тіркелгеніне әлі 5 жыл толмаған және кәсібін енді ашатын 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Үміткердің жасы құжат барысында тексеріледі. Несиенің ең жоғарғы сомасы 5 миллион теңге. Оны алу үшін кепіл қою міндетті. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Кредиттеу мерзімі мал шаруашылығына 7 жыл. Ал, өзге кәсіп түрлеріне 5 жыл.
Үміткер құжатты қабылдау науқаны басталған соң Қызылорда қаласындағы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның филиалына өткізеді. Аталмыш мекеме құжатты өтініш тіркелген күннен бастап 3 жұмыс күн ішінде тексереді. Егер құжаттар микрокредиттеу шартына сай келмесе, иесіне себебін түсіндіріп қайтарады. Өтініш тіркелген күннен бастап 15 жұмыс күн ішінде бизнес-жоспарға бағалау жүргізіледі. Жобаны бағалағаннан кейін нәтижесін 3 жұмыс күн ішінде конкурс комиссиясына ұсыну үшін жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы мекемеге жібереді. Комиссия шешімімен үздік деп табылған жобаның кепіл шартын уәкілетті орган тіркегеннен кейін, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 5 жұмыс күн ішінде үміткердің шотына соманы аударады.
Несиені алу үшін қандай құжат жинау керек?
Микрокредитті алуға өтініш, жеке басты куәландыратын құжат, кредиттік тарих субъектісінің ол туралы ақпаратты кредиттік бюроға беруге, сондай-ақ кредиттік есепті алушыға келісім беруге, субъектінің мемлекеттік емес органдарға, БАҚ-қа берілген микрокредит туралы ақпаратты, мәліметтерді және кредит беру туралы шарт бойынша міндеттердің орындалғаны не орындалмағаны жайлы мәліметтерді беруге келісімі және бизнес-жоспар қажет. Қарыз алушының микрокредит алу, мүлікті кепілге беру жөніндегі мәмілені мақұлдау туралы шешімі. Агенттің ішкі құжаттарына сәйкес рәсімделген мүлікті кепілге беру жөніндегі кепіл берушінің келісімі, қызмет көрсететін банктен алынған шот, несиелік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама (кредиттер бар болса). Қарыз алушының жалақысы мен өзге де кірістерін растайтын анықтама, бағалау туралы есеп және кепіл берушімен кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттарды жинау керек.
Айта кетейік, несиені алу үшін кепіл қойылуы міндетті. Үміткерде кепіл болмаса, үшінші тарап кепілгер бола алады. Кепілге жылжымайтын мүліктен басқа қосымша ретінде меншіктегі жер немесе жылы жаңа арнаулы техника қабылданады. Сондай-ақ кәсіпкерге жеңілдік ретінде 6 айдан 1,5 жылға дейінгі каникул беріледі. Ол үшін микрокредит алған азамат агент атына өтініш жазуы керек. 2,5% мөлшерлеме жеңілдікті кезеңге есептеліп, оны өтеу мерзімі кейінге шегерілуі мүмкін. Сонымен қоса несие алушының кредитті қайда жұмсағаны жасалған келісімшартқа сәйкес тексеріледі. Несие алушы өзіне жүктелген міндетті орындамаса ҚР заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады.
Иә, кәсіптен нәсіп көріп, “екі қолға бір күрек” іздеген жастарға аталмыш бағдарламаның берері көп-ақ. Десе де, несиені жоспарсыз алуға тағы болмайды. Өйткені жоғарыда атап өткеніміздей қаржыны мақсатсыз жұмсасаңыз сұрауы ауыр. Сондықтан әр істі бастамас бұрын жеті рет өлшеп, бір кескен абзал.
Дамыған елдерде экономиканың драйвері ретінде шағын бизнес ерекше рөл атқарады. Шағын және орта бизнес өркендеп, халық кәсіпкерлікпен шұғылдануға бейімделсе елдің әлеуеті артып, жұмыссыздық мәселесі шешіледі. Бұл қағиданың нақты нәтижесін озық елдердің тәжірибесінен көруге болады. Мәселен, млрд-тан астам халқы бар қытайлықтар ішкі нарықты өз өнімдерімен толық қамтамасыз етуде. Яғни, әр отбасы кәсіппен айналысуы міндетті, жапондықтар да осы жүйеде. Тіпті, өзбек ағайындары да экспорт әлеуетін арттырып, өндірісті кеңейтіп келеді. Біздің елде де соңғы жылдары осы салаға көбірек басымдық беріліп, қолдау күшейді.
Жаңақорған ауданының да бұл бағытта әлеуеті арта түсті. Соңғы үш жылды арып қарасақ, ауылшаруашылығы мен сауда саласымен қатар өнім өңдеу ісі әжептеуір ілгерілеген. Құрылыс заттарын шығару, күнделікті тұтынатын тауарлар, техника құрастыру сынды жобалар жүзеге асуда. Жалпы шағын кәсіптің бүгінгі хал-ахуалы туралы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Марлен Нұртазаевтан білдік.
Көпшілік асыға күтіп жүрген 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие. Қазір жаңақорғандықтардың көбі осы бағдарлама аясында бизнесін бастауға ниетті. «Ауыл аманаты» деп аталатын жобаның бағыт-бағдары мен негізгі мақсаты туралы түсініп алғанымыз жөн.
Иә, біздің ауданда мал шаруасы жоғары көрсеткіште, енді өндіріс бағытына басымдық берген жөн дейді сала басшысы. Өйткені, отандық өнім кейінгі кезде бағаны шарықтатып жіберген нарық бағасын реттейтіні ақиқат. Әсіресе, сан құбылатын азық-түлік, оның ішінде бақша өнімдерін өгейлетпей, өзімізден қысы-жазы өндірсек баға да тұрақталады. Бұл да керемет нәтиже, сол секілді шикізаттан өнім шығару да қолға алына бастады. Қосымша айта кетейін, жалпы шағын және орта кәсіпкерлік саласында ауданда 7230 кәсіпкер тіркелген. Биыл алты ай ішінде 1629 кәсіпкер ресми құқық алып, жеке ісін жүзеге асыруда. Оның ішінде нақты жұмыс жасап тұрғаны – 6960. Белсенділік көрсеткіші 96,8 пайыз. Аудан бойынша жыл басынан бері барлық қаржы көздерінен 230 жобаға 1 млрд 599 млн теңгенің қаржылай қолдауы көрсетілген. Міне, жұмыс жүйесі бар, енді тек өнім шығару, өндіріс саласына серпін беретін кез келді. Сонда ғана ел әлеуеті тұрақтанып, табыс көзі арта түседі.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық әлауқатын арттыру мемлекеттің жүргізіп отырған саясатының басым бағыты. Жалпы, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту нақты шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі. Әсіресе аймақтардағы бай шикізат көздерін пайдалана отырып, шағын және орта бизнес кәсіпорындарын дамытуға мол мүмкіндік қарастырылуда. Осы бағытта аудандық кәсіпкерлер палатасы «Өңірлік кеңес» мүшесі Аблан Әсенов және жұмыспен қамту орталығының маманы Руслан Мұсатаев ауданға қарасты 25 ауылдық округті аралап, мемлекеттік бағдарламалар жайлы ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді.
Бүгінде деректерге сүйенсек, Қазақстандағы 19 млн халықтың 41 пайызы ауылдық жерде тұрады. Еліміздің ауылшаруашылық саласында өте мол шикізат қоры бар. Осы шикізат көзі шағын және орта бизнесті дамытудағы үлкен мүмкіндік екенін естен шығармау қажет. Ең бастысы, ауылдық жерлерде мал және өсімдік шаруашылығының өнімін терең өңдеу арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықты отандық сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге қол жеткізе аламыз. Елдімекендерді аралау барысында тұрғындармен кездесуде осы тақырып кеңінен талқыланды.
Ауылда әртүрлі кәсіппен айналысуға болады. Ағаш өсіру және оны өңдеу, жеміс-жидектер баптау, зергерлік бұйымдар дайындау, құс өсіру, мал шаруашылығымен айналысып, ақ өнімдер өндіруге мүмкіндік көп. Ең бастысы, кәсіптің көзін таба білген абзал. Сондықтан ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту және оны барынша қолдау тетіктерін әлі де жетілдіру қажет. Алайда бұл мәселе реттелмеген, жүйеленіп зерттелмеген халде қалып отыр. Сондықтан негізгі жолы қандай, бұл бағытта Үкіметтен қандай қолдау бар соны түсіндіруді мақсат еткен топ ауыл тұрғындарының пікірін біліп, сұрақ-жауап алмасты.
Кәсіпкерлік саланың мән-жайын талқылау барысында әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кез келген мемлекеттің экономикалық дамуы елдегі шағын және орта кәсіпкерлікпен тікелей байланысты екені айтылды. Мәселен, шағын және орта кәсіпкерлік Европа елдерінде, АҚШ-та, Ресейде, Жапонияда жақсы жолға қойылып, елдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудің басты тетігі ретінде қалыптасқан. Өйткені бұл елдерде бизнесті дамытудың алғашқы кезеңдерінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдетілген несие беріледі.
Айта кету керек, АҚШ дамыған нарықтық экономикасы бар әлемдік державалар арасындағы жалғыз өкіл ел. Міне, осындай әлемдік тәжірибеге сүйенген Қазақстанда да кәсіпкерлікті дамытуды кеңінен қолға алу керек. Себебі, елімізде дала өркениетінің бай тәжірибесі бар және соның негізінде бизнестің дамуына жағдай жасалған. Тек соны ары қарай іске асыру маңызды. Осы ретте өзіндік пікірін білдірген «Өңірлік кеңес» мүшесі Абылан Әсенов:
Сондықтан болар тұрғындар тарапынан сұрақтардың басым көпшілігі жеңілдетілген несиемен қайтарымсыз гранттың аясында өрбіді. Мәселен, олардың өздері армандаған кәсіп түрін дөңгелетуде кепіл мүліктің болмауы немесе оның төмен бағалануы кедергі жасайды екен. Тіпті ауылшаруашылық өнімдері атап айтқанда ет, сүт, бақша өнімдерін өткізетін жердің болмауы да үлкен мәселе дейді қараша қауым. Кәсіппен айналысқысы келетін зейнеткерлерге несие, гранттың берілмеуі, жаңа жобаларға берілетін грант қаражатының аздығы мен әділ еместігі де жиналған жұрт тарапының ашуын туғызды. Қарапайым ғана мал терісін, жүнін өткізетін, өңдейтін жердің болмауы да шаруалардың айтаайта жауыр болған тақырыбына айналғандай. Соған қарамастан елдің пікірін мұқият тыңдаған сала мамандары аталған мәселелер палата жанынан құрылған түрлі комитеттер мен тиісті орындарға жолданатынын жеткізді.
Ал, аудандық «Атамекен» Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған аудандық филиалының директоры Асылжан Жолдасбеков бұл тақырып аясын былайша түсіндірді.
Сондай-ақ жастарға жанжақты қолдау көрсету мемлекетіміздің басты міндетінің бірі болса, оларға қолдау көрсету әрқашан жалғасын табатын болады. Осы мақсатта жастарға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілетін болады. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді. Сондықтан жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек. Өйткені мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант оңды-солды ақша үлестіру емес. Қайта осы қаржы аясында іске асатын бағдарламалардың түпкі мақсаты жұмыссыздықты жою мен табысты ауылдардың қатарын көбейту. Осы мақсатта қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларды саралап, озығын алып, тозығын тастауымыз керек. Қазір осы бағытта жұмыла жұмыс істеген жөн.
Кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттің қолдауы осылай көрініс тапты. Басты міндеті – отандық өнімнің көлемін арттырып, әлеуметтік мәселенің оң шешілуін толық қанағаттандырып, жұмыссыздықты азайту.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ