Оңтүстік тұрғындарына жұмыс тауып берсеңіз, 4,2 миллион теңге аласыз

1 512

Миллиондарды алу үшін жұмыс беруші ол адамды еліміздің солтүстігіне көшіруі және кем дегенде 2 жыл сонда ұстап тұруы керек, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Халқы тығыз түскей өңірлерден жұмыс қолы тапшы теріскей облыстарға өз еркімен көшетіндерге қатысты қағидалар жаңартылды.

Бұған дейін осы салада Тамара Дүйсенова тұсында қабылданған, "Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларын бекіту туралы" Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы №234 бұйрығы қолданылып келген еді.

Енді дәл осы бұйрыққа өзгерістер енгізетін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №536 бұйрығы қабылданды.

Еңбек министрі Светлана Жақыпова қол қойған бұл құжат алдағы жұмада, 2024 жылдың 19 қаңтарында күшіне мінеді.

Сонымен, ерікті қоныс аударушыларға арналған ақшалай және басқадай көмекті қай облыстардың тұрғындары ала алады? Үкімет бұл облыстарды "шығу өңірлері" (регионы выбытия) деп атайды және арнайы қаулысымен олардың жеке тізімін бекітті.

Аталған тізімге кіру үшін өңірдің тұрғындарының саны соңғы 10 жыл бойы жыл сайын 2%-дан артық қарқынмен өсуге немесе халқының тығыздығы әрбір шаршы километрге шаққанда 6,4 адамнан асуға тиіс.

Сәйкесінше, еліміздің орыстанған өңірлерін қазақыландыруға үлес қосатын, жұмыс күшімен де молықтыратын донор болуға тиіс "шығу өңірлеріне" бүгінде Алматы, Жамбыл, Жетісу, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары жатқызылды. Сөз болып отырған көмектер де осы өңірлердің тұрғындарына ұсынылады.

Олар Үкіметтен ақшалай және материалдық көмек алуы үшін келесі 8 өңірдің бірін таңдап, соған көшуі керек.

Қоныс аударушыларды қоныстандыруға арналған өңірлер:

  1. Шығыс Қазақстан облысы
  2. Қостанай облысы
  3. Павлодар облысы
  4. Солтүстік Қазақстан облысы
  5. Қарағанды облысы
  6. Ақмола облысы
  7. Абай облысы
  8. Ұлытау облысы

Айтпақшы, Үкімет қаулысымен "Қандастарды қоныстандыруға арналған өңірлер" де бекітілді.

Оның тізімі ерекшеленеді:

  1. Ақмола облысы
  2. Атырау облысы
  3. ШҚО
  4. Батыс Қазақстан облысы
  5. Қостанай облысы
  6. Павлодар облысы
  7. СҚО
  8. Абай облысы

  9. Өзгеріс сол, бұрын қоныстанушылар               Жұмыспен қамту орталықтарына өтініш тапсыратын. Былтырдан бастап, бұл орталықтар "Мансап орталығы" деп қайта аталды. Азаматтардың бәрі бірдей мұны біле бермеуі мүмкін.

Мұны тың жаңалық деуге болады. Өйткені ол солтүстік өңірлердегі компанияларды, зауыт-кәсіпорындарды, түрлі ұйымдарды, фермерлерді және басқаларын "қашан адамдарды қоныстандырасың?" деп, Үкіметке қарап отырмай, оңтүстік өңірлерге өздері барып, өзіне керекті жұмысшыларын тауып, отбасыларымен көшіріп алуға, яғни рекрутингпен айналысуға ынталандырады.  

Бұған дейін күшінде болған қағидалардың 36-тармағында: "Жұмыс берушіге көшуге субсидия төленбейді және тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу жөніндегі шығыстар қоныс аударушыға өтелмейді", – деп қадап айтылған еді.

Ол жойылып, орнына жаңа тетік енгізіледі. Атап айтқанда, егер кәсіпкер, кез келген жұмыс беруші, айталық, ПИК\МИБ Алматы, Жамбыл, Жетісу, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындарына жоғарыда аталған 8 өңірдің бірінде жұмыс тауып берсе, онда қабылдаған әрбір қызметкері үшін 400 айлық есептік көрсеткіш (2024 жылы – 1 476 800 теңге) мөлшерінде біржолғы субсидия алады. Бұл "жұмысқа орналастыру субсидиясы" деп аталады.

Жұмыс беруші бюджеттен бұл ақшаны алуы үшін шақыртқан жұмысшысын кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа орналастыруға және баспанамен қамтуға міндетті. Егер 2 жыл өтпей, жұмыстан шығарып жіберсе, субсидияны бюджетке кері қайтаруға тиіс болады.

Ал жұмыс берушіге шақыртқан жұмысшысын баспанамен қамтуы үшін осы аталған сомадан 3 еседей көп субсидия аударылатын болады. Бірақ бұл субсидияны алуы үшін қосымша талаптар қарастырылған. Көшіріп алған жұмысшысын кемінде 5 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа орналастыруға, баспананы оған кемінде 5 жылға беруге тиіс.

Сонда қоныс аударушы үшін сатып алынған тұрғын үйдің құнының 50%-ын мемлекет өтейді. Өтемақы сомасы 1160 АЕК-тен (2024 жылы 4 282 720 теңгеден) асып кетпеуі шарт.

Әр отбасының не бойдақтың жаңа мекеніне көшу шығындарын да мемлекет көтереді. Бұл қаражат та артты. Бұрын ол отбасының әр мүшесі үшін 30 АЕК-ті ғана құрайтын.

Алдағы жұмадан бастап өмірге жолдама алатын жаңа бұйрықта "көшу шығыстарын өтеу отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде бір рет беріледі" деп жазылған. Яғни, биыл оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушы отбасындағы әрбір адамға 258 440 теңгеден көшу ақысы төленеді.

Жаңа тұрғылықты жерге келгеннен және өңірлік квотаға енгізілгеннен кейін қоныс аударушыларға және олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ жалғызбасты адамдарға басқа да материалдық көмек беріледі. Егер азамат көшіп келген жерінде 5 жыл тұрмай, кері қайтып кетсе, материалдық көмекті бюджетке қайтаруға міндетті болады.