Жерасты өткелінде ер адам 23 жастағы қызға жәбір көрсеткен
Алматыда жерасты өткелінде қызды зорламақ болған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі «31» арнаға сілтеме жасап.
Ақпаратты қалалық полиция департаментінде де растады.
Әлеуметтік желілерде Ақкент шағын ауданында бойжеткенге шабуыл жасалғандығы туралы ақпарат пайда болды. Бет-аузын тұмшалаған адам 23 жастағы келіншекке ойына келгенін істеп кеткен. Оқиға болғалы бері үш күн өтсе де күдікті әлі ұсталмаған.
Белгісіз ер-адаммен арпалысып жүріп Ақтоты жерден тас тауып алады. Таспен қаскөйдің басынан ұрып, қашып кетеді. Үйіне әрең жеткен қыз көршілерінен көмек сұрайды. Тұрғындар жабылып іздегенімен, ер-адамды ешкімді таппаған, оқиға орнынан ізін суытып үлгерген.
Белгілі болғандай, жерасты өткеліндегі камералардың ешбірі істемейді, анығырақ айтқанда, камералар тек онлайн жұмыс істеп, видеоны сақтамайды.
Ал қалалық полиция департаменті күдіктіні анықтап, заң алдында жауапқа тартылатынына сендірді. Қазір олар сот медициналық сараптамасының қорытындысын күтіп отыр.