Үйлері суға кеткен азаматтарға қандай баспана беріледі
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми өкілі Меруерт Ибраева су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың тұрғын үйі қалай қалпына келтірілетінін айтып берді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
8 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевты қабылдап, табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға тұрғын үйді қалпына келтіру туралы тапсырма берген болатын.
Жоспар аясында тұрғын үйлердің екі эскиздік жобасы әзірленді. Олар:
- 80 шаршы метрлік 3 бөлмелі жеке тұрғын үй.
- Жалпы ауданы 160 шаршы метр болатын 2 пәтерлі тұрғын үй.
"Әзірленген тұрғын үйлердің алдын ала жобалары мемлекеттік сараптамадан өтеді, бұл барлық өңірде типтік жобалық құжаттама негізінде жұмыс жүргізуді қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс келесі аптаның соңына дейін аяқталып, үлгілік жобалар мемлекеттік сараптама қорытындысымен epsd.kz сайтында көпшілікке ұсынылады", - деп түсіндірді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми өкілі.